Елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы «Шапағат», «Әлем», «Әсем», «Шарын», «БигШанхай», «Астаналық» азық-түлік базарларының өкілдерімен кездесу өткізді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу шеңберінде өнімдердің 19 түріне шекті сауда үстемесін белгілеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу аясында әкімдік пен азық-түлік өнімдерінің өкілдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне қосымша сауда үстемесін орнату туралы келісімге қол жеткізді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесі 15%-дан аспауы тиіс. Ал елорданың сауда орындары көптеген позициялар бойынша 7-10%-дан астам мөлшерде үстемеақы белгілеуге дайын екендіктерін білдірді. Бұл тиісті меморандумда айтылған.
Сондай-ақ осы мәселе бойынша «Magnum», «Small», «Ayan», «Фермаг» «Анвар» және «Метро» сауда желілерімен меморандум жасасу бойынша іс-шаралар пысықталуда.
Жалпы нарықты қамту шамамен 60%-ды құрайды.
Сонымен бірге мемлекет «айналым схемасын» іске асыру үшін қаражат бөлуді жүзеге асырады. Осы тетік шеңберінде елорданың 8 кәсіпкерлік субъектісіне қарыз берілді, бұл қаланың ірі сауда объектілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 18 позициясының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.