Қазақстандық зергерлік бұйымдарды Еуразиялық одақ елдеріне экспорттау жеңілдей түсетін болды. Сенаторлар Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста бағалы металдар мен тастардан жасалған бұйымдарға қосымша сынама салуды болдырмайтын заң қабылдады. Яғни, енді қазақстандық сынамасы бар зергерлік бұйымды одақтың барлық елінің аумағында қайтадан сынамадан өткізбей-ақ, саудаға шығаруға жол ашылады.
Мұндай жаңалықтар «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда жазылған. Бұл Келісім бір жағынан қазақстандық нарыққа сапасыз зергерлік шикізат әкелуден қорғауға мүмкіндік береді. Ал екінші жағынан, аффинаж алтынын өндіруді ұлғайтуға және ЕАЭО кедендік аумағында бағалы металдар мен тастардың еркін айналымы үшін қажетті жағдай жасауға септеседі. Отырыста қабылданған тағы бір заң мемлекетаралық стандарттауды жетілдіруге, сондай-ақ ТМД Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңесі қабылдайтын құжаттарды тарату және пайдалану қағидаттарының бірлігін қамтамасыз етеді. Нормалар «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы» жаңа заңда жазылған. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаны сотталғандардың өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттерде өтеуі үшін жағдай жасайтын заңды да сенаторлар құптады. Ол заң «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенциясын ратификациялау туралы» деп аталады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобаларын қарауды қорытындылады. – Бүгін қабылданған заңдар ТМД және ЕАЭО аясында мемлекетаралық ынтамақтастықты одан әрі нығайтуға арналған. Олар азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге, ТМД деңгейінде мемлекетаралық стандарттау жүйесін тиімді пайдалануға, сонымен қатар Еуразиялық одаққа мүше елдерде бағалы металдар мен асыл тастар нарығын дамытуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті.Елдос СЕНБАЙ