Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдері өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ратификациялық заң жобасы мақұлданды. Депутаттар Үкімет мүшелеріне осы заң әкелетін өзгерістерге өндірушілерді қазірден әзір етуді жүктеді.
Тұтынушылар мен кәсіпкерлер мүддесін қозғайтын заң жобасы «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады. Келісімге сәйкес, одақ елдері осындай өнімдерді айналымға шығару қағидаларын және оның қауіпсіздігі талаптарын өз заңнамасында бекіте алады. Министрдің дерегінше, қажетті қағидалар әзір және оларды сынақ түрінде шығару биыл мамыр айына жоспарланып отыр. Заңнамалық түзетулердің 2021 жылғы 1 шілдеде күшіне енетініне назар аударған Мәжіліс Төрағасы осындай өнімді өндірушілерді жаңа жағдайда жұмыс істеудің ерекшеліктері туралы уақытылы ақпараттандырудың маңызына екпін берді. – Кәсіпкерлер қағидалармен күнібұрын таныс болғаны жөн. Өйткені жаңа жағдайда жұмыс жүргізуге дайындалу үшін уақыт керек. Адамдар қандай ұлттық стандарттарды басшылыққа алуы, сондай-ақ ұлттық стандарттар талап ететін болса, қандай аккредиттелген зертханаларға жүгінуі тиістігін ертерек біліп отыруы қажет. Егер стандарттар жоқ болса, онда өнімнің жалпы қауіпсіздігі туралы декларациялар қалай толтырылатынын ұғынғаны абзал, – деді Нұрлан Нығматулин. Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын II оқылымда мақұлдады. Жұмыс тобында заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Құжат Сенаттың қарауына жолданды.Айхан ШӘРІП