Сәрсенбі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен ұйымдастырылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті. Қазақстан басшысы модератор болған, Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен кеңеске мүше, бақылаушы елдердің басшылары қатысқан жиынның түркітілдес мемлекеттер интергациясын жаңа белеске көтерген жайы бар. Өйткені жиында Кеңестің түптің түбінде ұйымға айналары белгілі болды. Ол жайлы баяндама жасаған тұлғалар да айтты, қабылданған Түркістан декларациясында да атап көрсетілді.
Түркістанда өтпегенмен, көне қала атауы берілген жиын
Жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты. Басқосуды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік», – деді. Ал Кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев басқосуға «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен өтетінін айта келе, көне шаһардың гүлденіп, түбегейлі өзгеріп келе жатқанын атап өтті. Әрі іс-шараға қатысушыларды коронавирус пандемиясына байланысты ахуал түзелгеннен кейін Түркістанға келуге шақырды. Сонымен бірге Елбасы өз ұсынысымен әзірленген «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатының маңызды екенін тілге тиек етті. «Менің ұсынысым бойынша «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты дер кезінде әзірленді деп есептеймін. Бұл құжатты биыл күзде Түркияда өтетін кезекті саммитте қабылдаймыз. Бакудегі саммитте Кеңесті ұйым деңгейіне көтеруді ұсынған болатынмын. Сол маңызды ұсынысты қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді Елбасы. Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз», – деді. Дегенмен бейресми саммиттің негізгі месседжі Кеңесті ұйымға айналдыру екені айқындала түсті. Әрі бейресми саммитте қабылданған «Түркістан декларациясында» ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «Түркі кеңесінің 2020-2025 стратегиясының» жобалары әзірленгені де айтылған еді. Осылайша, түркі интеграциясының жаңа дәуірі басталған жайы бар.Тұран әскері емес, «Тұран дәлізі» маңызды
Негізі, «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» деген атаумен өткен басқосу сырт көз үшін мәдени-гуманитарлық, рухани сипаты бар жиын тәрізді көрінуі мүмкін. Алайда Түркі кеңесінің бейресми саммитінде бауырлас елдердің экономикалық байланыстарын нығайту, қаржы институттарын, көлік-транзит саласын жетілдіру, су ресурстарын тиімді пайдалану, білім беру ісінде ынтымақтастықты жетілдіру тәрізді маңызды бағыттар сөз болды. Коронавирус пандемиясының бауырлас елдердің сауда-саттығына тигізіп жатқан кері әсеріне қарамастан, байланыстарды нығайта түсу жағына назар аударылды. Айталық, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 миллиард доллар болғанын, бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 11,2 пайызға төмен екенін атап өтті. – Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев болса, түркітілдес мемлекеттердің Даму банкін құру қажет дегенді алға тартты. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдердің транзиттік әлеуетіне айрықша тоқталды. «Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісімдер Ұлы Жібек жолын қайта түлетіп, Каспий теңізінің рөлін арттырады. Бұл Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының артықшылығын елдеріміздің тиімді пайдалануы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі («Тұран дәлізі») Еуропа мен Азияны жалғайтын ең қауіпсіз әрі қысқа сауда жолына айналып келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, Кеңестің Құрметті төрағасы Тұран атауын жаңғыртып, қоғамдағы осынау атауға қатысты туындап жататын пікірлерді назарда ұстайтынын байқатты. Бірақ әлеуметтік желілердегі белсенділер күткендей, Тұран әскері немесе одағы жайлы әңгіме болған жоқ. Тек Каспий теңізі арқылы алдымен Анадолыға, содан соң Еуропаға жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін көлік дәлізіне көне атау берілуі мүмкін екенін тұспалдады. Өз кезегінде Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Таулы Қарабақтағы соғыстан кейін өңірді қалпына келтірудің маңызына тоқталды. Әрі 30 жыл өзгенің оккупациясында болған аймақтың қатты бүлінгенін айтты. Демек, «Тұран дәлізі» жобасын жүзеге асыру үшін Таулы Қарабақты қалпына келтіру басты мақсат екені айтпаса да түсінікті болып тұр. Бұл позицияны Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған да қолдап отыр. Түрік басшысы сонымен бірге Түрікменстанның да Кеңеске мүше болғанын қалайтынын айтты. Егер Түрікменстан Кеңеске мүше болуға ниет танытса, Елбасы айтқан «Тұран дәлізін» құру мүмкіндігі артар еді.«Алыптар айқасында» бейтарап қалу да маңызды
Түркі кеңесі мемлекет басшыларының бейресми саммитінде тағы бір ерекше ой айтылды. Елбасы Н.Назарбаев күллі адамзат алдында тұрған жаңа сын-қатерлерге назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев түркі мемлекеттерінің көшбасшыларын қазіргі күрделі халықаралық ахуалға орай Вашингтон, Мәскеу, Бейжің және Брюссель арасында ауқымды келіссөздер процесін бастау жөніндегі өзінің ұсынысын қолдауға шақырды. «Аталған төрт тарап адамзаттың болашағы, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін өздеріне жүктелген ерекше жауапкершіліктің салмақты екенін толық сезінеді деп сенемін. Түркітілдес мемлекеттердің басшылары мені қолдайтынына және бұл мәселе бойынша байыпты пікір білдіретініне сенімдімін. Біздің ортақ көзқарас-пікіріміз алпауыт мемлекеттердің астаналарына жетеді деп үміттенемін», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Сөйтіп, Кеңестің Құрметті Төрағасы түркі әлемі елдерінің супердержавалар арасындағы текетірестен зиян шекпеуінің маңызды екенін тұспалдады. Рас, бір-бірін айтыптап жүрген державаларға араағайындық танытқан жақсы. Дегенмен АҚШ пен ЕО, Ресей мен Қытайды «қатты кетіспеуге» шақыру арқылы Кеңеске мүше мемлекеттер өз экономикасын да қолдауды көздейтін сияқты. Өйткені «санкциялар соғысы» күшейсе, түркі елдерінің технология трансфертінен бастап, сауда-саттығына дейін зардап шегуі мүмкін. Себебі Кеңеске мүше елдердің барлығы супердержавалардың ықпал аймағында жатыр. Әзірге түркілердің «ноқта үзіп» кетуге қауқары жоқ. Оның үстіне, түркі интеграциясын аман-есен жетілдіріп, ынтымақтастықты күшейту үшін геосаяси ойындардан аулақ болуға тырыспақ керек. Бәлкім, содан да болар, Елбасы бауырларын өз ұсынысын қолдауға шақырды.Нақты ұсыныстар – дамудың кепілі
Кеңесте Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мүше елдер арасында жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Бұл ретте Қазақстан электронды үкімет, банк және қаржы жүйесіндегі озық технологиялар мен цифрлық шешімдер төңірегіндегі тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін айтты. Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету – өте өзекті мәселе. Бұл түркітілдес мемлекеттерге ортақ алғашқы қаржы институты болмақ. «Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Қазақстан тарапы «Ұлы түркілер» білім беру қорын құру туралы ұсыныс айтты. Қор университеттер арасында академиялық ұтқырлық, тағылымдамадан өту, біліктілікті арттыру ісін үйлестіреді. Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөлуге дайынбыз деді. Бұл 50 грант «Ясауи стипендиясы» деп аталатын болады. Осылайша, саммитте интеграцияның мәдени-гуманитарлық сипаты да назардан тыс қалған жоқ. Ал Түркістан декларациясына Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан Түркі әлемінің аса көрнекті ақындары, ойшылдары мен мемлекет қайраткерлеріне Жүсіп Баласағұнның 1005 жылдық, Низами Гянджеуидің 880 жылдық, Юнус Емре мен түрік тілінің жылы, Әлішер Науаидің 580 жылдық, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, Әлихан Бөкейханның 155 жылдық және Хусейн Карасаевтың 120 жылдық мерейтойларын атап өту үшін мүше мемлекеттердің тиісті органдарына Түркі ынтымақтастық ұйымдарымен бірлесе отырып келісілген іс-шаралар өткізуге тапсырма берілгені жайлы бөлім енгізілді. Демек, түркілер бір-бірінің ұлы тұлғаларын жақыннан тануды жалғастыра бермек. Ал атақты ақын және мемлекет қайраткері Әлішер Науаидің 580 жылдық мерейтойының кеңінен атап өтілуімен байланыстыра отырып, Түркі кеңесі аясында Әлішер Науаи халықаралық сыйлығын тағайындауға келісуі түркілер арасында айрықша марапат тағайындалуы мүмкін екенін байқатады. Бәлкім, саясат, экономика, мәдениет, әдебиет салаларында жеке-жеке тұлғалардың аты берілген сыйлық тағайындалуы да ғажап емес. Бірақ ол – болашақтың ісі.Амангелді ҚҰРМЕТ