Тәуелсіздіктің 30 жылдығы көптеген атаулы датаға толы. Соның бірі – 1998 жылғы 10 маусым. Осы күні Қазақстан халықаралық деңгейде алғашқы ірі PR жобасын жүзеге асырды: әлем жұртына тәуелсіз жаңа мемлекеттің елордасы таныстырылып, Астананың тұсаукесері өткізілді. Сарапшылардың байламынша, бұл бастаманың практикалық қыры, маңызды мақсаты болды, ол – жаһанның назарын аудартып, бас қала құрылысына инвестиция тарту еді. Бұл үміт ақталды: 1998-2020 жылдар аралығында елордаға тартылған инвестиция көлемі 47 есе артқан!
Мегаполис бағытындағы маңызды қадам
Жалпы, 2007 жылға дейін Астананың төл мейрамы 10 маусымда тойланып келді. Ол кезде елорда мерекесін тек астаналықтар ғана жергілікті деңгейде атап өтетін. 2007 жылы ел Парламенті арнайы заң қабылдап, бұл дәстүрді өзгертті және бүкіл Қазақстан көлемінде тойланатын «Астана күні» мерекесін енгізді. Бұл мейрам 6 шілдеге ауыстырылды, себебі 1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес депутаттары Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы қабылдағаны мәлім. Негізі, бас қаламызға қатысты атаулы даталар жетерлік. Мәселен, астана Ақмолаға 1997 жылғы 10 желтоқсанда көшіп келді. 1998 жылғы 6 мамырда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» №3941 Жарлық шығарды. Бертінде, 2019 жылғы 23 наурызда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтанға» ауыстыратын конституциялық заңға қол қойды. Бұл елорданың біршама кемелденген шағы болатын. Алайда ХХ ғасыр аяқталар тұста бұл шаһарды «мегаполис» түгіл, ірі қала деп атаудың өзі артықтау болатын. Мысалы, қалада ең «заңғар» ғимарат – Парламенттің Бейбітшілік пен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан 18 қабаттық ғимараты болатын. Сол кезде мұнда көрнекті нысандар сирек кездесетін: екі-үш жоғары оқу орны, Ақмола облыстық филармониясы, Тарихи-өлкелік және Бейнелеу өнері музейлері, Теміржолшылар сарайы (2000 жылы онда Күләш Бәйсейітова атындағы опера және балет театры болды, кейін ол жабылып, сол жағалауда «Астана Опера» опера және балет театры ашылды), Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы орыс драма театры, бірнеше кітапхана болатын. Мәдени-ағартушы мекемелер қатарына, сондай-ақ Тың игерушілер сарайын (кейін Конгресс-холл, қазір Astana концерт залы), Жастар сарайын жатқызады. Әйткенмен, олардың көбі ара-тұра іс-шара өткізіп, қалған уақытта жабық тұратын. Қалада кешкі алтыдан кейін жым-жырт тыныштық орнайды. Дүкендердің өзі есігіне құлып ілетін. Сауда ойын-сауық орталықтары түгіл, супермаркеттер жоқ еді. Ол шақта Есілдің сол жағалауындағы қазіргі жаңа әкімшілік орталық орнында жекелеген коттедждер мен саяжайлардан басқа қала нышаны табылмайтын. Осы жағдайда ел басшылығы алдында кеңестік үлгідегі қаланы халықаралық қауымдастыққа жақсы қырынан көрсетіп, оның келешегінен мол үміт күттіретінін, перспективасын паш ету міндеті тұрды.«Көзімнің қарасы» ғарыштан шырқалды
1998 жылғы 10 маусым күнгі Астананың тұсаукесері ресми шаралардан басталып, соңы гала-концертке ұласты. Оған бірқатар шетелдік қонақтар қатысты, шетелдік және отандық эстрада жұлдыздары ән шырқады. Салтанатты рәсім «Тың игерушілер сарайының» қарсысындағы ескі алаңда (қазіргі Нұр-Сұлтан әкімдігінің алдындағы қалалық алаң) өткізілді. Ол кезде қазіргідей жаһандық тікелей эфир ұйымдастыруға мүмкіндік беретін YouTube секілді интернет ресурстар, әлеуметтік желілер жоқ-тын. Гала-концерт бүкіл Қазақстанға тікелей эфирде таратылды. Оны жариялауға шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері келді. Сол кезде қазақстандық ғарышкер, «Халық Қаһарманы» Талғат Мұсабаев ғарыштан байланысқа шығып, сәлем жолдады және гитарамен сүйемелдеп, елге ән арнады. Осы рәсімнің беткеұстар іс-шарасы осы болатын. Сондықтан ұйымдастырушылар бұған баса мән беріпті. «Бұл халықаралық экипаждардың командирі есебіндегі ең ұзақ ғарыш сапарым болатын, ол 208 тәулікке созылды. Бес рет ашық ғарышқа шықтық, әртүрлі ғылыми сынақтардың бағдарламасын жүзеге асырдық. Осы орайда Астананың халықаралық тұсаукесеріне ғарыштан қатысу туралы ұсыныс келіп түсті. Қазақстанның жас астанасымен байланыс сеансы «Мир» ғарыш стансасынан жүргізілуі тиіс. Оның датасы ретінде 1998 жылғы 10 маусым белгіленді. Стансадағы бортинженер Николай Бударин екеуміз елордамен телекөпірге ертерек дайындала бастадық. Эфирге шығатын орынжайды барынша жарықтандырдық, камера орнаттық, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік туларын ілдік» деп еске алады Талғат Амангелдіұлы. Телекөпірді ұйымдастырумен айналысқан «Хабар» агенттігінің сол кездегі басшысы Дариға Назарбаева америкалық астронавттар арқылы орбиталдық стансаға алты шекті гитараны беріп жібереді. Бір қызығы, қазақ ғарышкеріне гитараны жеткізу үшін америкалық Discovery ғарыш кемесінің экипажына АҚШ Конгресінен арнайы шешім қабылдауды сұрауына тура келген екен. Сол музыкалық аспапты пайдаланып, ғарышта Талғат Мұсабаев жердегі Нұрлан Өнербаевпен бірге алдын ала телекөпір барысында «Көзімнің қарасы» әнін айтып, репетиция өткізеді. Алайда Астана тұсаукесері басты «тосынсыйынан» айырыла жаздаған. «Мир» орбиталды стансасы көрініс аймағына шыққанда ондағы ғарышкерлер жерге «қоңырау шалады». Бірақ байланыс жоқ болып шыққан. Жердегілер де, стансадағылар да байланыс орнатуға барын салып, ақ тер-көк тер болады. Ақыры «Мир» Ұлы дала үстінен зулап өте шыққан. Нәтижесінде, ғарышкерлер Астанамен сеанс жасағанда, ғарыш стансасы планетамыздың мүлде басқа жағында – АҚШ аумағының үстінен ұшып бара жатыпты. Сондықтан дабыл-сигнал алдымен ретранслятор-спутникке берілген, одан әрі Мәскеудегі Ұшуларды басқару орталығына бағытталған. Әрі қарай «Останкино» телевизиялық орталығына жолданған. Одан сигналды Алматыдағы Көктөбе телемұнарасы қабылдап, елордаға бағдарлады. «Бұл ниеттен ештеңе шықпайтын шығар деп уайымдадық. Дегенмен бір мезетте Жерден бейнекөрініс ала бастадық: Астананың ескі орталығындағы стадион толы халық. Әсем киінген адамдар. Көркем безендірілген трибуна. Ортада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Жүзінен толқып тұрғаны көрінді. Ол түсінікті еді: қазақ елі өз тарихында тұңғыш рет осылай жаңа астанасының халықаралық тұсаукесерін өткізіп тұр! Астананы көшіру – әлемде сирек мемлекеттердің ғана қолынан келген ірі іс. Біз Николай екеуміз Тұңғыш Президент пен барша қазақстандықтарға сәлем жолдап, құттықтадық. Жас Астана қаласы ғарыштан қандай болып көрінетінін әңгімеледік, келешегіне көз жүгіртіп, болашақта ол жерде қандай мегаполис өсуі мүмкін екенін болжадық. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлының айтқан сөзі есімнен кетпейді. «Талғат, сендер ғарышта Жаратқан Иеге жақынырақ жүрсіңдер, біздің Астанаға әл-ауқат тілерсің!» – деді Елбасы. Бұл аманатты мен орындадым», – деді журналистерге сұхбатында Талғат Мұсабаев. Сол күні адамзаттың ғұламасы, ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әні бүкіл ғарышты шарлап кеткендей болды. Кейін бұл телесеансты NASA көмегімен АҚШ-тың да көргені анықталды. Содан бері Қазақстан астанасына Батыс пен Шығыстың көптеген елдері, қаншама инвестор қаражат-инвестиция құйды. Оның жыл сайынғы көлемі 1997 жылғы 19,3 млрд теңгеден қазіргі кезде 1 триллион теңгеге дейін өсіпті. Жалпы алғанда, осы жылдар ішінде астана экономикасына 10 триллион теңгеден астам инвестиция салынды. Соның ішінде бюджеттен тыс көздердің үлесі 85%-ды құрайды. Осының арқасында қазақ елінің жаңа елордасы бой көтерді. Мұнда ірі жобалар қолға алынды, заңғар ғимараттар тұрғызылды. Ондаған мың жұмыс орны құрылды. Қазақстан жаңа заманауи мегаполиске қол жеткізді. Шағын ғана қала елдің саяси-әкімшілік, іскерлік, экономикалық, оқу-білім, мәдени орталығына айналды. Елбасы Н.Назарбаев елорданы көшіруді «жаңа мемлекетіміздің өмір жолындағы тарихи маңызды белес» деп бағалады. Астананың дамуы осы маңның ғана емес, бүкіл Қазақстанның дамуына серпін берді. Елордамыз еліміздің өркендеуіне жол ашар жақсылықтың басы болды. Ендеше оның тұсаукесерінің халықаралық деңгейде айшықталуы – тәуелсіздіктің мерейтойы қарсаңында тағы бір еске түсіруге тұрарлық жоба болса керек.Айхан ШӘРІП