Наурызда қоғамның үрейін ұшырған оқиға болды. 19 наурызда із-түзсіз жоғалып кеткен Алматы қаласының тұрғыны Аяжан Еділованың мәйіті 3 күннен соң Алатау ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен табылған болатын. Қылмыскер өлі денені бөлшектеп тастаған. Күдікті ретінде 1993 жылы туған Түркістан облысының азаматы ұсталды. Полиция пәтер есігін бұзып кіргенде өзіне-өзі қол жұмсаған ол №7 клиникалық ауруханаға жеткізіліп, жазылып шыққаннан кейін екі айға қамауға алынды. Тергеу әлі біткен жоқ. Осы орайда біз бұрын болған осыған ұқсас қылмыстарды тізбектеп, күдіктіні қандай жаза күтіп тұрғанына болжам жасап көрдік. Өйткені қоғамда күдіктіні өмір бойы бас бостандығынан айыруды талап ете бастағандар бар. Кейде мұндай жағдай тергеу процестеріне қысым тәрізді көрінетінін жоққа шығармаймыз.
Кемі 20 жыл арқалайды
Жалпы, аталған жағдайға ұқсас оқиғалар елімізде бұрын да көп болыпты. 1990-2000 жылдар аралығында адам өлтіріп, соңынан мәйітін бөлшектеп тастаған қандықолдар үшін көбіне өлім жазасы қаралып келген. Біз берідегілеріне тоқталсақ. 2014 жылы Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында әйел өзінің туыс ағасын тұншықтырып өлтіріп, соңынан денесін бөлшектеп, тоңазытқышқа салып тастаған. Сол кезде сот әйелдің әуелі туыс ағасынан зорлық көріп, амалсыз осы қылмысқа барғанын ескеріп, 7 жылға бас бостандығынан айырған еді. Ал былтыр ақпанда Ақмола облысы Бұланды ауданының 34 жастағы тұрғыны танысын өлтіріп, денесін бөлшектеп, қораның ішіне көміп тастаған. Мәйіт жарты жылдан кейін әзер табылды. Сот кінәлі азаматты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлімі бойынша жазаға тартты. Бұл бөлім 15 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Жалпы, осы секілді аса ауыр қылмысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қарастырады. «Ауыр жаза» ретінде қаралатын 2-бөлімі 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Дегенмен 19 жастағы Аяжанның оқиғасына келгенде қоғам да, туыстары да күдіктінің өмір бойына сотталуын қалап отыр. Себебі «жоғары білімі бар, саналы азаматтың мұндай қылмысқа баруы адамдар үшін қауіп төндіреді» деп санайды. Негізі істің мән-жайы құқық қорғаушылар тарапынан әлі толық айтылмай отырғанымен, Алматы қаласының прокуратурасы осыған дейін күдіктінің қылмысы дәлелденсе, 15-20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін деп хабарлаған еді. Дегенмен адвокат Абзал Құспан қылмыскерді кем дегенде 20 жылға бас бостандығынан айыру керегін айтады. – Жалпы, мұны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі, яғни «асқан қатыгездікпен адам өлтіру» бойынша қарастырады. Әйтеуір қылмысы дәлелденсе, күдіктінің жеңіл жазамен босап кетпейтіні айдан анық. Ал психологиялық ауытқуы бар деген күннің өзінде бұл жазадан жалтаруға себеп емес. Өз тәжірибемнен бір нәрсе айтайын. Көбіне қылмыскерлер психдиспансерге емес, түрмеге түскісі келеді. Мүмкіндігінше адвокатынан соны сұрайды. Себебі психдиспансерде олар қолын да қозғалта алмайтын халге жетіп, мәжбүрлі түрде ылғи еккен дәрілердің әсерінен азап шегеді. Оның жасыратыны жоқ. Демек, түрмеге қамалсын немесе психдиспансерге жатқызылсын, бәрібір жазасы оған оңай тимейді. Қоғамға аса қауіпті адам екені аңғарылды, оның үстіне адамдармен жақсы тіл табысқан. Менің ойымша, жоғарыда келтірген бап бойынша кемі 20 жылға түрмеге қамалады немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұл – факт,– дейді ол.Психопат секілді
Жалпы, күдіктіні сырттай «психикалық ауытқуы бар» деп танығандар жетерлік. Қыздың туыстары да «сол себеппен жазадан сытылып кетпей ме?» деп қауіптенеді. Психотерапия жайына неге оралып отырмыз? Себебі жоғарыда айтқанымыздай, күдікті мектепті үздік бітірген, медицина саласы бойынша жоғары оқу орнын жақсы аяқтаған. Таныстары оның интеллектуалдық деңгейі жоғары екенін айтыпты. Бірақ осындай «мақтаулы» адамның аса қатыгездікке баруы расымен күдік тудырады. Психолог Жаңагүл Қайырова оның әрекетін сырттай «психопатқа тән» деп болжайды. Себебі психопатия синдромына көбіне ақыл-ойы дамыған, зерек адамдар шалдығатын көрінеді. – Мән-жайды оқып, зерделеуім бойынша, күдікті психопатияға шалдыққан. Социопат дей алмаймын, себебі тұйық емес. Өйткені бұл синдромда адам эмоция сезінбейді. Психопаттардың ерекшелігі сол, адамдармен жақсы тіл табысады, біліктілік деңгейі жоғары болады. Түйсігі керемет жұмыс істейді, кез келгенді баурай алады, ортада лидер саналады. Бірақ қатаң қағидамен шектен тыс рамкада өмір сүрген жерде іштегі белгісіздікті шығару жолын іздейді. Көбіне нәтижесі осындай. Нормадағы адам да біреудің өмірін қиюы мүмкін, дегенмен адам денесін бөлшектеп және сол үшін түк эмоция сезінбей жүре алмайды. Біздікі болжам ғана. Туабітті ақау болса да таңғалмаймын. Анығын арнайы психиатр мамандар зерттеуі тиіс. Қылмыстық істі қарауда сол бойынша аргумент қаралуы қажет. Дегенмен психикалық ауытқуы болса да, күдікті жазасыз қалмауы керек, – дейді маман. Сонымен, түйіндей келе шындыққа жақын болжамды айта кетсек. Біздің тұжырым бойынша, азамат психдиспансерге жатқызылмайтын сыңайлы. Өмір бойына бас бостандығынан айырылады деп тағы топшылай алмаймыз. Негізі, Алматы қаласының прокуратурасы мен біз пікір алған адвокат Абзал Құспанның көзқарасы сәл шындыққа келеді. Яғни, қылмысы дәлелденсе, күдікті 20 жылға сотталуы ықтимал.Мадияр ТӨЛЕУ