Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар игі жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен 5 мыңнан астам азамат 200 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қаржылай қолдауға ие болған. Мемлекеттік грант негізінде қайтарымсыз қаражат алған қала тұрғындары бүгінде өз істерін дөңгелетіп, мемлекетке алақан жаймай, нәпақасын тауып отыр. Грант алғандар негізінен қаржысына тігін, қолөнер шеберханасы, кондитерлік өнімдер әзірлеу орындарын ашқан. Мал шаруашылығына қызығушылық танытқандар да бар.
Сандықтан түсер пайда көп
Солардың бірі – жас кәсіпкер Бекжан Ерназаров мемлекеттің қолдауының арқасында сандық жасайтын шеберхана ашыпты. Шағын және орта бизнесті дамыту аясында беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламалардың, жұмыссыз жандарға, әсіресе қолынан іс келетін, бірақ қаржы тапшылығы қолбайлау болып отырғандарға пайдасы орасан зор. Соңғы жылдары беріліп жатқан қайтарымсыз грант талай жастың шабытын шыңдады. 32 жастағы Бекжан әу бастан ағаш ұсталығына ебі бар, ағаштан түйін түйіп, бұйым жасауға бейім жігіт болып өседі. Шамасының келгенінше той-жиындарға тойбастарға арналған бұйымдар мен құдалықтың кәдесіне арналған қобдишалар жасап жүрген. Алайда кәсібін одан әрі дөңгелеткісі келсе де, ірі жиһаздар жасауға қажетті құрал-жабдықтарға қолы жетпей жүрді. Бірде танысы мемлекеттен қайтарымсыз ақша беріп жатқаны туралы айтады. Ол жаздыкүні «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасымен оқып, сертификат алады. Қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізіп, қазан айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 555 мың теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізеді. «Алған қаржыма жиһаз жасауға қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Қараша айында жұмысымды бастап кеттім. Бүгінде інім екеуміз шеберханаға арналған орынды жалға алып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген сандықтарды жасап жатырмыз. Тапсырыс берушінің қалауынша МДФ материалынан және сырты матамен қапталған сандықтар да істейміз. Тапсырысты өзіміздің Instagram парақшамыз арқылы қабылдаймыз. Еліміздің барлық қалаларына жеткізу қарастырылған. Қазір той көп емес, бірақ соған қарамастан, қыз жасауына қажетті сандықтың саудасы тоқтаған жоқ. Тіпті, әрбір қазақтың үйінде осындай ою-өрнегі бар сандықтардың болуы тиіс», – дейді жас шебер. Бекжан келешекте асүйге, жатынүйге арналған және басқа да үй жиһаздарын, дивандар жасауды қолға алмақ.Логопедиялық кабинет ашқан
Шымкенттік Сана Мамырова да «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты бойынша қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған жанның бірі. Ол өткен жылы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, маусым айында 21 күндік «Бастау бизнес» оқу курсын оқып, сертификат алды. Кейін өзінің жеке бизнесін ашуды ойлап, бүгінде сұранысқа ие логопед-дефектология кабинетін ашуды жөн көреді.Қайтарымсыз грантқа ұсынған бизнес жобасы комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, мақұлданады. Қыркүйек айында көптен күткен 200 АЕК көлемінде грант қаржысы қолына тиген соң Темірлан тасжолы бойында орналасқан Jak-med медицина орталығының ішінен логопедиялық кабинет ашады. Сана Ердәулетқызы медицина академиясын тәмамдаған дефектолог-логопед. Сонымен қатар Ресейдегі Екатеринбург қаласында мемлекеттік медициналық университетте микрополяризация әдісі бойынша білім алған жас маман.Былтырдан бері қаладағы дефектологиялық кемшіліктері бар балаларға логопедиялық сабақ үйретіп жүр. Одан бөлек, кәсібін одан әрі дамыту мақсатында өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында айына бір рет арнайы конкурс ұйымдастырып, жеңімпазға микрополяризация курсын, логопедиялық сабақты да тегін үйретеді. Енді оның жеке кабинеті бар. Ол қызметін сапалы жүргізуді мақсат етеді. Айта кетейік, аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өткен жылы Шымкент қаласындат 7 722 адам жаппай кәсіпкерлікті дамыту шарасына қатысқан. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4 828 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ал «Бастау бизнес» жобасы аясында 2 820 адам қосымша білім алыпты.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы