Кеше өткен еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте Президент Денсаулық сақтау министрінің ісін сынға алып, сәуір айында жағдай тұрақтамаса, кадрлық өзгеріс болатынын ашық айтты. «Коронавирусқа қатысты ахуал сәуірде өзгере ме?», «Денсаулық сақтау министрі қызметінен кетуі мүкін бе?» деген сауалға мамандар пікірін білдірді.
– Еуропада ең бірінші вакцинацияны қарттардан бастады. Одан кейін дәрігерлерге салынды. Бізде керісінше, вакцина ең алдымен дәрігерлер мен мұғалімдерге салынды. Ал қарттарымыз ол тізімде жоқ. Алайда бізде қарт адамдар көп. Оларға вакцина қашан салынатыны белгісіз. Оның үстіне, бүгінгі көрсеткіштер де мәз емес. Президенттің айтуынша, жоспардан екі айға кешіктік. Қазірдің өзінде адамдардың сырқаттануы күн санап өсуде. Оларға вакцина салынбаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сонда былтырғы жағдай қайталануы ықтимал. Ал денсаулық министрінің қызметінен кетуі – әншейін сөз, – дейді саясаткер Тоғжан Қожалиева.