Қазақстанда жаңа фразеологизм пайда болып, ел арасында жайылып барады. Бәрі Түркістан облысының Отырар ауданында басталды: 8 наурызда жолдың қарсы жолағына шығып келе жатқан көлікті тоқтатқан полицейлерді жүргізуші «Жұмабектің бажасымын!» деп үркітіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ізінше тәртіптік комиссия Отырар аудандық Полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Жұмабек Төлегенді қызметінен шеттетті.
Ал әлгі жүргізушіге қатысты бейнежазбаның «вирусты» сипат алғаны сонша «Жұмабектің бажасымын» деген ән жазылып, әлеуметтік желіде таратылды. Белгілі вайнер Мейіржан Төребеков оны лақап аты етіп алды. Енді азаматтар көлігіне осы сөзді жазып алатын болған. Павлодарда нөмірсіз көлігіне «Жұмабектің бажасы» деп жазып алған жүргізуші ұсталып, қалжыңдағаны үшін оған айыппұл салынды – Адамдар ережелерді нақты сақтау жолдағы заң және міндетті шарт екенін ұмытып кетеді. Жол ақталуды қажетсінбейді, ол кішігірім құқық бұзушылықтарды да кешпейді, қырағылық сақтауды және ұдайы мұқият болуды міндеттейді. Жыл басынан бері Павлодар қаласында полицейлермен әртүрлі бұзушылықтары үшін автотұраққа 535 көлік құралдары қойылды, – деп атап өтті Павлодар қаласы Полиция басқармасының бастығы Данияр Бек. Биыл патрульдік полиция батальоны жол қозғалысы ережелерін бұзудың 7 712 фактісін анықтады. Бірінші орында қауіпсіздік белбеуін пайдаланбау (1 086), одан кейін бағдаршамның қызыл көзіне жүру, жаяу жүргіншілерге басымдылық бермеу (392), мас күйде көлікті басқару (110) тұр. Ал мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік жүргізген 20 жүргізуші жауапқа тартылды.Елдос СЕНБАЙ