Жамбыл облысында сапасыз жол үшін лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов Facebook желісіндегі парақшасында жазған.
«Жол-көлік оқиғалары көбіне жүргізушілердің кінәсінен болғанымен, апат деңгейін төмендету үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша, Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2020 жылдың 12 айында облыстың автомобиль жолдарына 1 711 тексеру жұмыстарын жүргізді. Облыстағы жолдардың нашар болғаны үшін 195 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды», – деді ведомство басшысы.
Департамент бастығы қабылданған шаралар нәтижесінде облыстың автожолдарында 8 мыңнан аса жол белгілері орнатылып, әртүрлі техникалық бұзушылық жойылғанын айтып отыр. Соңғы 3 ай ішінде жүргізілген 493 зерттеудің қорытындысы бойынша 46 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.