Қоғам дамуының маңызды саласы – денсаулық сақтау. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында Қазақстан медицинасының өзіндік тарихы қалыптасты. Рас, Кеңес Одағы тараған соң денсаулық сақтау саласы да қалыпты үдерісінен жаңылып, біраз қиындықты бастан өткізді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты көптеген білікті дәрігер күнкөрістің қамымен басқа салаға кетті. Өз тарихи Отанына қоныс аударған ақ халаттылар да кездесті. Салада маман тапшылығы сезіле бастады. Бұл жағдай халықтың, әсіресе ана мен бала денсаулығының біршама құлдырауына алып келді. Осындай қиындықтарды жеңу үшін 1991 жылы Жоғарғы Кеңестің VII сессиясында Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Халықтың денсаулығын сақтау туралы» заң қабылданды.
1991 жылы елімізде 66 мың дәрігер, 198 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. 1 805 аурухана болды. 1993 жылдан бастап медицина мамандары саны күрт азая бастады. Ұлттық статистикалық агенттіктің мәліметіне қарағанда, 1993 жылы елімізде 64 мың дәрігер, 189 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. 1994 жылы ауруханалар саны 1 651-ге дейін азайып, дәрігерлер саны 61 мың, орта буын медицина қызметкерлері 177 мың болса, 1997 жылы дәрігерлер саны – 54 мың, орта буын қызметкерлер саны 129 мың ғана болды. Байқап отырғандарыңыздай, 1992-1997 жылдар аралығында 12 мың дәрігер мен 67 мың орта буын медицина қызметкеріне дейін азайған. 1995 жылғы 15 маусымда Қазақстан Президентінің заңдық күші бар №2329 «Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы» Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша Міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы тұрғындарды міндетті және ерікті сақтандыру ойластырылды. Бұл қор Денсаулық сақтау министрінде жасалған міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасын қалыптастырған мемлекеттік коммерциялық емес ұйым еді. Бағдарлама өз тиімділігін көрсете алған жоқ, көп ұзамай сынға ұшырай бастады. Дегенмен бағдарламаның қазіргі медициналық сақтандырудың қаржы нарығында қаржылық тұрақтылық пен сақтандырудың жаңа қаржылық институттарының қалыптасуына жағдай жасағанын мойындауға тиіспіз. 1990 жылы мемлекеттік басқару ұйымдарын оңтайландыруға байланысты елде мемлекеттік ұйымдардың саны едәуір қысқарды. Бұл науқаннан Денсаулық сақтау министрлігі де шет қалмай, Қазақстан Денсаулық сақтау, Білім және спорт министрлігі құрылды. Министрлік Қазақстанның «Қазақстан – 2030» стратегиялық дамуы аясында «Халық денсаулығы» атты алғашқы мемлекеттік бағдарламаны ұсынды. Бағдарламаның мақсаты Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту еді. Ол 1998-2008 жылдарға арналып, үш базалық кезеңнен тұрды. Осы бағдарламалар аясында ауылдарда емдеу мекемелері ашылып, мектептердің төменгі сыныптарында тегін тамақ беру, мектептерде психолог қызметі, арнаулы клиникалар, жекеменшік жоғары медициналық оқу орындарына, клиникаларға лицензиялар берілді. Осы кезеңді кеңестік жүйеден қазіргі денсаулық сақтау жүйесіне өту кезеңі деп бағалауға болады. 2000 жылы елімізде дәрігерлер саны 49 мың болса, орта буын медицина қызметкерлері 106 мың ғана болды. 2001 жылдан бастап мамандар саны қайта көбейе бастады. 2002 жылы дәрігерлер саны 53 мыңға жетіп, 113 мың орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейтін болды. 2004 жылы дәрігерлер – 54 мың, орта буын медицина қызметкерлері 117 мыңға жетті. Республикада бала туу көрсеткіші 1999 жылдан бастап өсе бастады. Елдің әлеуметтік ахуалы жақсарып, халық саны өсті. Республика халқының болжамды орташа өмiр сүру ұзақтығы 2004-2005 жылдар iшiнде тұрақтанды және 2009 жылдың соңына қарай орташа жас ерлерде 60,5 жас, әйелдерде 71,5 жас болды. 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстандағы денсаулық сақтауды дамыту мен қайта құрудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама тұтастай іске асырылмаса да, еліміздің медицина саласында бетбұрыс кезеңі болды деуге негіз бар. Осы бағдарлама негізінде елдегі тегін медициналық қызмет түрлері анықталды. Ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрігерлік-демографиялық жағдайды жақсарту, әлеуметтік маңызы бар ауруларды төмендету сияқты тапсырмалармен бірге медициналық білімді қайта құру мен ұйымдастыру сияқты халықаралық қағидаларға негізделген мәселелер де қарастырылды. Медициналық мекемелерде тіркелген әрбір науқасқа бөлінетін қаржы механизмі енгізілді. Міндетті медициналық сақтандырудың енгізілуімен бірге медициналық қызмет сапасын, айыппұл санкциясы жүйесін бақылау, медициналық көмектің әртүрлі параметрлерін бағалау анықталды. 2010 жылдың қаңтарынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) енгізілді. Бұл еліміздің медицина саласына түбегейлі өзгеріс әкелген жаңалық болды. Бағдарламада шетелдік үздік тәжірибелерден үлгі алынды. Жүйе Қазақстан Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы №1113 Жарғысымен бекітілген 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапты. Елбасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында БҰДСЖ енгізу үдерісін 2013 жылға дейін аяқтау бойынша тапсырмалар берілді. Жүйелі жүргізілген жұмыстар, дер кезінде қабылданған бағдарламалар сала жұмысының жандануына оң серпін берді. Елімізде алдыңғы қатарлы медициналық қызмет көрсететін орталықтар ашылды. Қазір елордада уақыт талабына сай заманауи емдеу технологияларымен жабдықталған ірі медициналық орталықтар жұмыс істеп тұр. Кейінгі жылдары медицина саласын цифрландыру, халыққа медициналық қызмет көрсетудің оңтайлы әдістерін қолдану жайы басты назарда. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында барлық емхана мен ауруханалар толығымен қағазсыз медициналық жазбаға көшті. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қағазсыз жұмыс процесін дамыту бағытында мобильді қосымшалардың рөлі ерекше. Денсаулық сақтау министрлігі нарықта бар денсаулық сақтау саласындағы мобильді қосымшалардың бірыңғай каталогын жасады. Мысалы, DamuMed – дәрігермен кездесу; Dariger Pro; Денсаулық кітабы «103 БАҚЫЛАУ» диспетчерлік орталықты автоматтандыруға арналған бағдарламалық кешен; FMS: халықтық бақылау; HCity – менің жүктілігім; KDL OLYMP CDL OLYMP Қазақстан; Көмек 103; 103apteka.kz – онлайн дәріхана; 103.kz – есірткіні іздеу; Дос-тармед А.; Патронажды мейірбике; Балаларға ерте күтім жасау сияқты қосымшалар бар. Бұл қосымшалар аз уақыттың ішінде қажетті ақпаратты табуға, дәрігермен тез арада сөйлесуге мүмкіндік береді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру іске қосылды. Емханалар мен ауруханалар халыққа бірден екі пакетте – бұрынғысынша еліміздің әрбір тұрғынына қолжетімді болып қала беретін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа үлгісі бойынша және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа пакетінде медициналық көмек көрсетеді. Дүниежүзін дүр сілкіндірген пандемия жағдайында медицина саласына айрықша назар аудару керегін түсінгендей болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды екеніне тоқталды. Жолдауды іске асыру қазірден қолға алынды. «Биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 320 мың теңгеге жетеді. 2023 жылы 561 мың теңге болмақ. 2021 жылы орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 173 мың теңгеге, 2023 жылы 210 мың теңгеге жетеді», – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Ведомство басшысының айтуынша, 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары болады деп болжанып отыр. Мәселен, 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджетте тиісті қаржы көзделген: 2021 жылы – 222 млрд теңге, 2022 жылы – 362 млрд теңге, 2023 жылы – 557 млрд теңге. Медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселесі де Мемлекет басшысының назарында. Жаңа, заманауи ауруханалар салу күн тәртібінен түскен емес. Мұндай орталықтар еліміздің бетке ұстар мекемелеріне айналып, инновациялық өсімге және қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін береді. Мемлекет басшысының халыққа арналған Жолдауында ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізу жайы да сөз болған. Бұл межеге қол жеткізу үшін талай тыңғылықты тірлік тындыруға тиіспіз.Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ