Балалар үйінен қашып кеткен жасөспірім Алматы маңынан табылды
Балалар үйінен қашып кеткен жасөспірім Алматы маңынан табылды
349
оқылды

Қызылордада он күннен бері хабарсыз кеткен 16 жастағы жасөспірім Алматы қаласы маңынан табылды. Бұл туралы Қызылорда облыстық Білім басқармасы мәлім етті.

Естеріңізге сала кетелік, 25 наурызда Қызылорда қаласындағы отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылының үш тәрбиеленушісі түнгі 02:00 шамасында шығып кетіп, содан қайта оралмағаны хабарланған еді. Үш күн өткенде олардың екеуі Алматыдан табылды. Үшінші жасөспірім қыз Ділдә Нұғманова сол күйінше хабарсыз кеткен еді. 2004 жылы дүниеге келген Ділдәнің Алматы қаласы маңында жүргені анықталды. «Оны аптаға жуық уақыт бойы іздеу шарасы жүргізілді. Нәтижесінде ол Алматы қаласы маңынан табылды. Балалар үйінің тәрбиеленушілерін іздеуге көптеген азамат атсалысты, олардың қатарында Полиция департаментінің мамандары, ерікті азаматтар бар. Жасөспірім қыздардың табылуына белсене араласқан белсенділер Мая Жомарт пен Анар Ізденге және бастамашыл топ өкілдеріне алғысымызды жеткіземіз. Балаларға жанашырлық танытып, тілеулес болған барша азаматтарға құрметіміз шексіз», – деді Қызылорда облыстық Білім басқармасының өкілдері. Ведомствоның мәліметінше, қазір тәрбиеленушінің жағдайы жақсы, мамандардың қасында. Ал бұдан бұрын табылған Рано мен Любовь Алматыдан Қызылордаға жеткізіліп, балалар ауылына орналастырылды.