Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаиды қабылдады. Палата Спикері елшінің қазақ-жапон қарым-қатынасын, соның ішінде парламентаралық байланысты нығайтуға қосқан айрықша еңбегіне тоқталды.
Бүгінде Жапония Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі саналады. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, біздің елдерімізді бейбіт өмір құндылықтары, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған ортақ ұстанымдар біріктіреді. Мәжіліс Төрағасы Нұр-Сұлтан мен Токио арасындағы дәстүрлі достық өзара тиімді әріптестік және ынтымақтастық негізінде жоғары деңгейде даму жолына түскенін алға тартты. Бұл бағытта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі зор екенін атап өтті. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Күншығыс елімен» қатынасты одан әрі тереңдетуге көңіл бөліп келеді. Өз кезегінде Тацухико Касаи биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толатын Қазақстан осы уақытта толағай табыстарға қол жеткізгенін, бұл тиімді саяси басшылықтың және бірлігі жарасқан халықтың ерен еңбегі екенін айтып, шынайы ризашылық сезімін білдірді.Елдос СЕНБАЙ