2 наурызда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қорам ауылында 54 жастағы мас жүргізуші 4 оқушы қызды қағып кетті. Олар үйінің жанында, жол жиегінде тұрған. Қыздардың екеуінің жасы – сегізде, екеуі – тоғыз жаста. Оқиға салдарынан үш қыз ауыр жарақат алды. Оның екеуі ауруханада қайтыс болды, біреуінің аяғы сынған. Жүргізушіге қандай жаза қолданылмақ?
Полиция департаменті бастапқыда Қылмыстық кодекстің 345-1 бабы 2-бөлігі (Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекет) бойынша іс қозғады. Алайда екі жәбірленуші қайтыс болғаннан кейін ПД күдікті жүргізушіге қатысты істің қайта сараланатынын хабарлады. «Тергеу барысында қыздардың бірінің қайтыс болуына байланысты ҚК 345-1-бабының 3-бөлігі бойынша қайта саралау жүргізілді. Зардап шеккен екінші жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты күдіктінің әрекеті ҚК 345-1-бабы 4-бөлігіне өзгерді. Енді құқық бұзушыны белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Қазір жүргізуші тергеу изоляторында қамауда» деп мәлімдеді Алматы облысының ПД өкілі. 54 жастағы жүргізуші Әсет Демесінов полицейлерге берген жауабында сол күні көбірек арақ ішіп қойғанын айтып, кінәсін мойындаған. КТК арнасының мәліметінше, күдікті алкогольдік ішімдікті жалғыз өзі отырып ішкенін, жол жиегімен келе жатқан оқушы қыздарды таптап өткенін келесі күні бір-ақ түсінген. Қатты соққыдан «УАЗ» көлігінің капоты мен бампері қисайған. Елімізде мұндай жол көлік оқиғасы көбейіп тұр. Былтыр осындай оқиғалардан кәмелетке толмаған 3140 адам зардап шеккен. Қазақстанда 2019 жылы жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғандар саны – 2 мың шамасында. Былтыр республика бойынша 13 515 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккендер саны − 19 841 адам (2019 жылмен салыстырғанда 19,3%-ға аз – 24 585), оның ішінде 17 844 адам жараланды. Қайтыс болғандар саны – 1 997 адам. Зардап шеккендердің 3 140-ы кәмелетке толмаған. Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр жалпы жол-көлік оқиғаларының 74,6%-ы елді мекендерде болған. ЖКО-ның 86%-дан астамы, яғни, 11 717 оқиға жүргізушілердің кінәсінен болған. Оның ішінде 544 жағдайда жүргізушінің алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде болғаны анықталған. Жол апаты кезінде тіркелген өлім фактісінің 65%-ы жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғасымен байланысты. Былтыр елімізде осындай оқиға салдарынан 1 298 адам қаза болған. Былтыр қазақстандағы ең көп жол-көлік оқиғасы Алматыда тіркелген. Онда елдегі жалпы ЖКО-ның 24%-ы. Былтыр Алматыда 3 245 ЖКО фактісі тіркелген. Одан 3 891 адам зардап шеккен. Былтыр ЖКО жиі тіркелетін өңірлердің тағы бірі – Нұр-Сұлтан (466 ЖКО), сосын Шымкент (322 ЖКО). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы мәліметі бойынша, әлемде жол-көлік оқиғасынан жыл сайын 1,35 млн адам қайтыс болып, 50 млн адам жарақат алады. Көбіне алған жарақаттан өмір бойы азап шегіп немесе мүгедек болғандар саны артқан. Айта кетейік, күдікті аталған жазадан бөлек, жол апатынан зардап шеккен қыздарға немесе отбасына моральдық шығын өтеуі мүмкін. Шығын көлемін сот анықтайды.Мейірім БАҚЫТЖАНОВА