Алматы облысы орталығындағы басынан дау арылмаған жобалардың бірі – соңғы жылдары қалаға Алматыдан қатынайтын күре жолдың бойында бой көтерген коттеджді қалашық.
Кейінгі бірнеше жылда мұнда 35 мың шаршы метрден астам баспана салынып, 386 отбасы үйлі болды. Қалай дегенмен, жаңаның аты – жаңа. Үйдің құрылысына, қалашықтың инфрақұрылымына қатысты сындар да жиілеп кеткені жасырын емес. Тұрғындарды мазалаған мәселеге облыс пен қала басшылығы дер кезінде баса назар аударып, оларды біртіндеп шешуге кірісті. Күн жылынып жер қарая бастағанда Талдықорғанның іргесіндегі коттеджді қалашықта осы шағынауданның сыртқы келбетін жақсарту және инфрақұрылымын дамытуға қатысты ауқымды істер қолға алынды. Қалашықта тұратындардың дені көпбалалы отбасы болғандықтан, мұнда мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар баршылық. Сондықтан олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуын, уақытын пайдалы өткізуін қамтамасыз ету бірінші кезекте шешілуге тиісті мәселе екені айдан анық. Осына басты назарға алған облыс әкімінің тапсырмасымен қазір қалашықта 900 орынды мектеп салынып жатыр. Сонымен бірге 300 орынды шағын орталық қызметі де жолға қойылатын күн жақын. «Менің балаларым әлі кішкентай. Жұмысқа орналасу үшін оларды балабақшаға беруім керек. Соған алаңдап жүр едім. Үйімнің маңынан мектепке дейінгі мекеменің құрылысы басталғанда қатты қуандым. Орталықта біздің сәбилерге барлық жағдай жасалатынына сенемін. Облыс, қала басшылығының коттедж тұрғындарының талап-тілегіне нақты назар аударып, біртіндеп шешіп отырғаны ертеңгі күнге деген сенімімізді арттыра түсті», – дейді қалашық тұрғыны Зарина Бауырсақова. Шағынауданда білім нысандарымен бірге аумағы 312 шаршы метр болатын спорттық стадион құрылысы басталыпты. Бұлардан басқа, таяу уақытта салынуға тиісі жалпы аумағы 3 500 шаршы метр болатын футбол, баскетбол, волейбол алаңдары мен жүгіру жолағы да тұрғындар көңілінен шығары анық. Ең кішкене балаларға арналған ойын алаңы пайдалануға беріліпті. Ал олардан үлкен балалар мен ересектер үйлерінің жанына орналасқан воркаут-алаңшаларға барып, спортпен шұғылдана алады. Жергілікті билік тұрғындардың өтініші бойынша қалашық орталығында саяжол жасауға кірісті. Шағын саябақ іспетті болатын демалыс орнында заманауи талаптарға сай жаңа орындықтар, диодты шамдар орнатылады. Көшеттер, гүлдер отырғызылып, көгалдандырылып, абаттандырылады. Қазір шағынауданда сауда нүктелері, әлеуметтік тауарлар дүкендері жұмыс істейді. Сонымен бірге тұрғындар мәселесін жоғарыға жеткізіп, шешуге атсалысатын ПИК құрылған. Алдағы уақытта коттеджді қалашыққа таяу орналасқан жаңа аудандардың бірінде сауда, ойын-сауық орталығы ашылады.Болат АБАҒАН, Алматы облысы