9 сәуір күні Алматыға коронавирусқа қарсы вакцинаның 57 мың дозасы жеткізіледі.
«5 сәуір күні 4 764 алматылыққа коронавирусқа қарсы екпе салынды. Жалпы, 1 ақпаннан бастап 44 315 тұрғын Спутник-V вакцинасының бірінші компонентін алды. Қазір емдеу мекемелерінде 6 335 доза қалды. Вакцинация процесі жалғасуда. Вакцинаның 5-траншы 9 сәуірде келеді. 57 445 доза күтіп отырмыз» деп хабарлады Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы. Осы аралықта Нариман Табынбаев қалада коронавирусқа қарсы вакцинация бірнеше күнге шектелетінін айтқан. Қазір қалада 56 вакцина пункті жұмыс істеп тұр. Бұдан бұрын қала әкімі шаһарға ай сайын 250 мың доза вакцина бөлінетінін мәлімдеген. Сондай-ақ сәуір айында мегаполисте 250 вакцина пункті ашылады. Дәлірек айтқанда, қала бойынша 70 емханада, 31 сауда орталығында, ірі мәдениет, білім беру мен спорт нысандарында екпе егу орындары ашылады. Мұндай орындарда 2 250 маман, яғни дәрігерлер мен басқа да қызметкерлер, тіркеушілер қызмет етеді. Оған қоса, резидент дәрігерлер қатарынан 1 200 ерікті жұмылдырылады.Айбике ЖАНАСЫЛ