Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан тапсырмаларының біртіндеп орындала бастағанын жазды.
Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауы барысында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырған еді. «Отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда, Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту керек» деген болатын сонда Президент. Берік Уәли желіге «Айтылды, орындалды» деген тақырыппен сол мәселеге қатысты арнайы кесте жариялады. Кестеде көрсетілгендей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап Экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны жылына 7 мыңға дейін артып отыр. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында еліміздің 8 қаласында 19 мемлекеттік және жеке емхана қызмет көрсетпек. Бұл мақсатқа 6,2 миллиард теңге бөлу көзделген. Сондай-ақ Жолдауда еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы салдарынан осы сала мамандарының тапшылығы мәселесі айтылған болатын. Президенттің баспасөз хатшысы жариялаған келесі кестеде ол түйткіл түйінінің де шешілгені көрсетілді. Атап айтқанда, 2021 жылдың қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өскен. Оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 2020 жылғы 246 мың теңгеден 320 мың теңгеге дейін, орта деңгейдегі медицина қызметкерінің жалақысы 145 мың теңгеден 173 мың теңгеге дейін көтеріліп отыр. Онымен шектелмей, 2023 жылға қарай ақ халатты абзал жандар жалақысының орташа деңгейі экономикадағы орташа жалақыдан 2 есе артады деп межеленген. Сондықтан бұл мақсатқа 2021-2023 жылдары 1 141,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылып отыр.Е.БОЛАТҰЛЫ