Кез келген өркениетті даму жолына түскен мемлекет қоғамдық құндылықтары мен ұлттық қазына-байлықтарын қастерлеп, қадір-қасиетін әр ұрпағына үлгі-өнеге жасауды мұрат тұтады. Себебі ел-жұртының ел үшін еңбек етіп, қоғам мен ұлттық мүдде үшін аянбай әрі адал қызмет етуі осы ғасырлар бойы жиналып, асылдары мен ақылдыларын айқындап алып, ой-өрісі кеңейіп, өрбіп, өркендеуінен басталады. Қазақ елінің байтақ тарихында нақ осы ұлттық мұралар мен өшпестей із қалдырған өмірі аспан асты мен жер үстінде халқымен бірге жасай беретін игіліктері әрі идеялық бағыт-бағдары деуімізге толық негіз бар. Ұлттың бақыты – дербес болу, ал дербес болып адамзат өркениетінде өз орнын табу ұлан-ғайыр еңбек пен ақылды саясаттың жемісі.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихында ойға алғанымыз оңынан орындалып, төрткүл дүниеде қабырғалы елдердің қатарынан берік орын алдық. Бұл еш талассыз халықаралық деңгейде мойындалып, лайықты қадір-құрметке ие болған Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дара әрі дана қайраткерлігі мен сұңғыла саясаткерлігінің арқасында қол жеткізген елдік табысымыз әрі қоғамдық байлығымыз болып қалады. Ендігі кезекте еңселі елдің қабырғасын қатайтып, омыртқасын тіктеу үшін экономикалық саясаттың жүйелі әрі қарқынды даму стратегиясын жүргізуіміз қажет. Қазақстан бұл міндетті жанқиярлық еңбекпен, ақылды саясатпен және елдік бірлікпен жүзеге асыруда. Қоғамдық ой-сананы өтімді етудің идеологиялық амал-тәсілі де жалпы қазақстандықтардың татулығы мен ұйымшылдықпен жұмыла еңбек етуіне жарасымды ортаны қалыптастырды. «Ел болуға намыс керек!» деген ой-түсінік ортақ азаматтық жауапкершіліктің күшін еселеп арттырып, нарық жағдайында болмай қоймайтын қоғамдық түрлі ауыртпалық пен тұрмыстық қиындықтарды бірлесе еңсеруде де мол тәжірибе жинадық. Сарабдал саясат жүргізу және барша отандастарымыздың мүддесін ескеру елдегі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік бірліктің бұлжымас негізіне айналды. Қоғамның демократиялық дамуына әлеуметтік тұлғалар, яғни әлеуетті еңбек адамдарының тұғыры барлық жағынан тұғырлы болды. Осы ретте әлеуметтік әділдік өміршең мәселе екенін де айта кеткеніміз жөн. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір мәртебелі жиындарда сөйлеген сөзінде «әлеуметтік әділдік болмай, қоғам дамымайды» деген ұстанымын ұдайы алға тартады. Еңбеккерлер ең әуелі әлеуметтік әділдік пен әлеуметтік жауапкершілікті әрдайым ұстап, өндіріс тәртібі мен мәдениетін сақтайтын болса, әлбетте еңбек қоғамының қажетті де қарапайым қағидалары құқықтық тұрғыда терең қалыптасады. Билік пен қоғамның қарым-қатынастарында әлеуметтік қолдау мен өзара түсіністік болған жерде береке-бірлік болады. Осы тұста, «Халық үніне құлақ асатын» Үкімет тұжырымдамасы жұртқа өте жақсы әсер қалдыруда. Жалпы, жергілікті әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер қарапайым халық алдында есеп беруді үйренуі керек. Сөздің емес, істің адамы әрі мықты маман болса, мемлекет те мықты болады. Бұл күндері Қазақстан қоғамында «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы айрықша сенімге ие болып отыр. Аса ауқымды бағдарлама нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарламалар жиынтығы. Барлығы 216 аймақтық бағдарламада әрбір өңір, қала мен ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуы жан-жақты көрініс тапқан. Үкіметпен бірлесе отырып әзірленген Жол картасы жүзеге асуда. Бізді әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыру бағытындағы ортақ мақсат біріктіреді. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әрбір өңірде, қала мен ауданда жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін нақты нысаналы индикаторлар мен мерзімдер белгіленген, сондай-ақ оған жауапты орындаушылар айқындалған. Бұл ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстары ел көлемінде еңбек қоғамын қалыптастырып, қажетті әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешуде серпінді өзгерістер әкелетін болады. Билеуші партия бағдарламасының бағалы сипаты мен мәні де осында жатыр. Ал халықтың үмітін сеніммен ақтау абыройлы іс және қасиетті борышқа адалдық деп білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз» деп баса айтты. Бұл міндеттер мен мақсаттар барлық салада дәйекті өзгерістер жасалатынын көрсетіп отыр. Сондықтан халықтың әл-ауқатын жақсартуға қоғам болып еңбек етіп, лайықты үлес қосу барлығымызға да азаматтық ортақ жауапкершілікті жүктейді.Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі