Тән жарақаты көзге көрініп тұрғандықтан, оны емдеуге асығатынымыз белгілі. Ал іште, түкпірде жасырынып жатқан жан жарасы кейде елеусіз қалып жатады. Негізі, нағыз емдеу керек, сол күйі қалдыруға болмайтын жарақат түрі де осы болуға тиіс. Психоаналитик мамандар «сол жараны жазуға асығу керек» дейді. Өйткені оның әсері өмірдің соңына дейін жалғасады деседі. Бұрын-соңды аса маңызды саналмаған тақырып кейінгі кездері өте өзекті болып отыр. Ендеше, бала кездегі жарақаттың ересек өмірге тигізетін кері әсері қандай? Мамандар не дейді?
Таяқ – тәрбие емес
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қай кезде де болғаны белгілі. Яғни, бүгінде жиі айтылып жүргені оның көбейгенін емес, оны ашық айтатындардың артқанын білдіреді. Зорлықтың ауқымы көз көгерту, естен тандырудан әлдеқайда кең. Соның ішінде, көпшілік елей бермейтін эмоционал зорлыққа баса мән беру керек дейді мамандар. Өйткені бұл көріністі біз күнделікті көреміз. Мәселен, баласының жер-жебіріне жетіп жекіп жатқан ата-ананы көз алдыңызға келтіріңіз. Болмаса, анасының күнара таяқ жегенін көретін балаларды алайық. Бұл — ең көп таралған әрі көпшіліктің еріксіз келісіп, терістейтін жан жарақаты. Неліктен еріксіз келіседі десеңіз, осы бала кездегі жарақат жайлы жастар жағы біліп, оны емдеу жолдарымен танысуға ұмтылғанымен, үлкендер бұған мән беру тұрмақ, «бәріміз таяқ жеп өстік, онда тұрған ештеңе жоқ» деп дес бермеуі мүмкін. Міне, осы бала кезде зорлық көріп өскен екі адамның ортасында өмірге келген бала үшін ауыр жарақат көп түседі екен. Өйткені ұрсып сөйлеу, адам құрлы көрмеу олар үшін бұрыннан қалыпты жағдай болып саналып келген. Отбасын құрған соң, агрессор ата-анасының орнын өзі басуы ғажап емес. Лондондағы King's College-дің Психиатрия институты ғалымдары 23 544 депрессиялық ауытқу жағдайын зерттеген. Нәтижесінде, балаға қатаң болу, ұрып-соғу кейінгі күйзелістерге жол ашып қана қоймай, бойындағы түрлі жаман қылықтардың пайда болуына да сеп болады екен. Соның ішінде ішімдік, есірткіге құмарлықтың оянуына бала кездегі жарақаттар әсер ететіні дәлелденген. «Жанұяда әкесі ішімдікке әуес болса, бала қорқақтау болып өседі. Соның кесірінен ойын ашық айта алмайды, не қалайтынын, қай бағытты таңдайтынын білмейді. Өздігінен шешім қабылдаудан қорқатын болады. Мысалы, сондай ортада өскен жігіт үйленген соң да анасына жалтақтауды қоймайды. Тіпті, отбасына ие бола алмай, ақыры ажырасатындар көп. Себебі анасын ренжітіп алмау үшін әйелін тыңдамайды. Шаңырақ шайқалған соң ондай азаматтар маскүнемдікке не құмар ойынына бой алдырып жатады. Ал мұндай жағдайға сол бала кездегі жарақаттар себеп», – дейді психолог Салима Сатылғанқызы. Сондай-ақ отбасын жаңа құрған кезеңнің де болашақта өмірге келетін бала үшін әсері бар. Психоаналитик Жанар Қорданқызы қинап қосылған екеуден өмірге келген балаларда жарақат көп болады екен. «Қабылдауымызға келген пациенттерге ең бірінші қоятын сұрағымыз – «ата-анаңыз сүйіп қосылған ба?». Өйткені көп мәселенің басы осында жатады. Біздің қоғамда қинап қосу, алып қашу сынды жайт көп. Ал енді елестетіңіз, өзі зорлықпен келген қыз өмірге бала әкелуге құштар бола ма? Сол сияқты кей отбасында қыз дүниеге келе беруі мүмкін. Оларға ұл керек, ұлдың орны бөлек болып тұр делік. Сәби өмірге келген соң, алғашқы жарақаттар осылайша түсе бастайды. Одан бөлек, ананың босанғанға дейінгі және кейінгі күйзелісін де елеусіз қалдыруға болмайды. Одан бөлек, бізде көбіне баланы омыраудан шығарып, суалтатын болса, бірнеше күнге басқа жаққа апарып тастайды. Жастан асқан бала мұны «анама керек емес екенмін» деп қабылдайды. Сөйтіп, күйзеліске түседі. Осы уақытқа дейін қоғамда баланы елемеу, оны құдды жаны жоқ заттай қабылдау басым болып келді. Бала бәрін ұмытып қалады деп ойлайды. Байқағаным, баладан бұрын өзін ойлайтын сияқты. Яғни, көп бала туғанды абырой көреді де, көпбалалы болады. Ал бірақ әр балаға тиісті махаббат беруді ойлай бермейді. Негізі, бала кемі 4 жасқа дейін әке-шеше махаббатына қанық боп өсуі керек», – дейді маман. [caption id="attachment_126205" align="alignnone" width="1222"] © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Заманауи зерттеулерге көз салсақ, бала кездегі ауыр күйзелістер мидың және психиканың дамуына кері әсер беретінін дәлелдеген. Айталық, бала кездегі зорлық не ата-ана махаббатының жетіспеушілігінің кесірінен тұлға болып қалыптасуда кедергілер қалыптасады. Яғни, өзіне сенімсіз, өзін өзгелерден үнемі кем көретін болады. Сондай-ақ баланың ашушаң болып өсуі, есейе келе ұрлық-қарлыққа жақын болатын себебі де отбасындағы атмосфераға тікелей байланысты. Осы күнге дейін бұл тақырыпқа қатысты жасалған зерттеу саны өте көп. Ондағы байлам мынадай: бала кездегі жайсыз оқиғалар мен психикалық ауытқулар арасында байланыс бар екен. Бергісі күйзеліс болса, арғысы, тіпті ауыр шизофренияға әкеп соғуы әбден мүмкін. Бұған қатысты психоаналитик Жанар Оспанова былай дейді: «Ата-аналардың сөзі үнемі бір жерден шығуы тиіс. Өйткені егер пікір екіге бөлінсе, бала қайсысының ығына жығыларын білмей қиналады. Соның салдарынан, тіпті балалар шизофрениясы пайда болуы мүмкін. Баланың тәрбиесіне басқалар араласпауы керек. Тағы бір жиі кездесетін қателікке тоқталайын. Маған келген пациенттермен сөйлескенде, көпшілігі ұзақ уақыт бойы әке-шешесінің ортасында не мамасының қасында жатқан болып шығады. Ал 15 жасына дейін анасымен жатқан қыз әбден исін сіңіріп алады да, соны іздеп тұрады. Сөйтіп, өскенде лесби болуы мүмкін. Сол сияқты ер жеткенше шешесінің қасында жатқан ер баланың болашақта өзінн үлкен әйелдерге әуес болатыны содан. Болмаса, тіпті үйленбей қалуы да ғажап емес».Тұлға болсын десеңіз...
Неміс нейропсихологы Томас Эльберт бала кездегі ауыр жарақат оның тұлға болып қалыптасуына бөгет болатынын айтады. Яғни, жан жарасы жазылмаған, ұзақ уақыт ауыр халде жүріп қалған бала өмір бойына нәзік әрі көңілшек болып қалады. Түптің түбінде әке-шеше тарапынан мейірімге қанып өскен баланың тұлға ретінде толық қалыптасуы оңай. Оның әрі әлеуметтік жағдайға тіреліп тұрғаны шамалы. Өйткені кедей отбасында өскендер қаржылай қиындық көргенімен, көңілі тоқ болуы мүмкін. Сол сияқты ауқатты жанұяда ата-анасының балаға қарайтын уақыты жоқ болуы да кездеседі. Яғни, бірінші кезекте баланы қаржылай қамтамасыз ету емес, эмоционал тоқ қылу маңызды. Кей отбасы тым қатал тәрбие беріп жатады. Ондай суық қарым-қатынастың кейін салдары болады. Айталық, анасы ешқашан мақтамайды, кемшілігін бетіне басады, сабақтағы үлгерімі төмен болса бұрышқа тұрғызады дегендей. «Мәселен, маған жасы отыздан асқан қыздар көп келеді. Жағдайы жақсы, бірақ тұрмысқа шыға алмай жүр. Соның себебін білмек болып қабылдауға жазылады. Анықтай келе, бала кезінде әке-шешесі тарапынан шектеудің көп болғанын білеміз. Яғни, «төрт алуға болмайды», «анаумен дос болма», «бәріне үлгі болуың керек» деген сияқты шектеулер оған тұсау болады. Сол сияқты баланың пікіріне құлақ аспай, олар үшін таңдау жасайтын ата-аналар бар. Ол да болашақта балаға кері әсер етеді. Табиғи болмысынан алыстап, әке-шешесі айтқан мамандықты оқыған ол кейін жұмысты жиі ауыстыратын, өмірден орнын таппай жүрген адамға айналады. Ең бірінші кезекте, ата-ана бала тәрбиесіне келгенде сауатты болуы керек. Өзі әріп танымайтын адам басқаға қалам ұстауда қалай үйретеді? Сондықтан қыз-жігіттер бала өмірге келгенге дейін көкірек көзін ашып, саналы түрде қадам жасауды үйренуі керек», – дейді Салима Сатылғанқызы. Расында, жар таңдауда қателеспеу керек дегенді бәрі тілге тиек еткенімен, оның астарына үңіле бермейтіндер бар. Алдымен, шаңырақ құрудың жауапты әрі үлкен қадам екенін түсініп, одан кейінгі кезеңде баланы өмірге әкелудің де бейнебір жоба екенін ұғыну қажет. Ал енді біздегі «ешкім біліп туған жоқ» немесе «бәріміз де оңбай таяқ жегенбіз. Жаман адам болмадық» дейтіндерге қатысты Жанар Оспанова: «Онда тұрған ештеңе жоқ» деп мән бермейтіндердің өзі – агрессор. Ол үшін кезінде өзін ұрып-соққандай баласын ұрып-соғу – норма. Мұны қорғаныс механизмі дейді. Демек, баласына не немересіне жаны ашып тұрған жоқ деген сөз. Баланы ұруға болмайды. Кейбірі сөзбен «ұрады». Яғни, түрлі ауыр сөз айтады. Әрине, мүлдем ұрыспау мүмкін емес. Бастысы, оның тұлғалық болмысына тиіспеу керек. Болмаса, кей ата-ана жаза ретінде бірнеше күн сөйлеспей қалады. Ол да үлкен жарақат қалдырады», – дейді. Бала кездегі психикалық жарақатты уақыттың емдемейтінін, қайта үдете түсетінін түсіну қажет. Яғни, сол кезеңдерді еске түсіретін жағдай бола қалса, дереу еске түседі. Болмаса, сезім мен басқалармен қарым-қатынаста әлгі жарақат негатив қалыпта қанға сіңіп кетеді. Мұндай жарақаттардың симптомы өте көп. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен адамды өзінен басқа ешкім жақсы біле алмайды. Демек, жарақаттарды емдеуді әркім өзі қолға алғаны жөн дейді мамандар.Жадыра АҚҚАЙЫР