Қазақстан жолдарында жүйткіген ауыр жүк көліктерінің түрі де, саны да көбейіп барады. Кез келген жолмен қосымша пайда табуды көздейтін жүргізушілер клиентпен мәмілелесіп, тасымалдаушы компанияның машинасына шектен тыс жүк артады. Салдарынан трассалардың тез тозығы жетіп, асфальттың мылжа-мылжасы шығады. Мемлекет бұл құбылыспен көп жылдан бері күресіп келеді. Енді осы «майданда» жаңа қару-құрал пайда болды.
Жолдың «жауы» ауыр көлік пе?
Жол халыққа, көліктерге қызмет ету үшін салынады. Бірақ мемлекет кейбір көлік түрімен күресуге мәжбүр. Өйткені рұқсат етілгеннен артық жүк тиелген көліктердің кесірі жетерлік, ол салдары ауыр жол апаттарына соқтырып жатады. Басы артық жүк тасу бірте-бірте көліктің дөңгелек-шинасының, тежегіш жүйесі мен өзге де тетіктерінің тозуына түрткі болады. Бұл жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады. Оның үстіне, бұлар онсыз да сапасы нашар жолдардың жабынғысынан сау-тамтық қалдырмайды. Сондықтан мемлекет автомобильді жүк көтеру қабілетінен тыс жүктегені үшін айыппұлдар енгізді, жолда тыйым салатын белгілер орнатты. Енді Қазақстанда салмақ бақылау стансаларын жаппай ашу жоспарланып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикалық жолдарда жаңа «автоматтандырылған өлшеу стансалары» (АӨС) жабдықталатынын жариялады. Бұл станса әрбір автокөліктің түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмағын және габариттік-көлемдік параметрлерін, өстік жүктемелерін және қозғалыс жылдамдығын тіркейтін болады. Фото және видеотүсірілімді жүзеге асырады. Бұл адамның араласуынсыз, автоматты режимде жүреді. Арнайы сертификатталған бұл бақылау-өлшеу техникалық кешені «интеллектуалды көлік жүйесінің» құрамдас бөлігіне айналады. Онда жасанды зерде қолданылады деп күтілуде. «АӨС-тер автожолдарды сақтау және олардың ірі габаритті, ауыр салмақты автокөліктің жүру қарқындылығынан мерзімінен бұрын бұзылуына жол бермеу үшін қажет. Сондай-ақ ол көлікті бақылау кезінде лауазымды тұлға мен тасымалдаушының тікелей байланыс жасауынан туындайтын жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды. Осы мақсатта заңнамада автоматтандырылғанөлшеу стансаларын орнату, олардың жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындау ұсынылады», – деді ИИДМ.«Таразы-станса» қашан іске қосылмақ?
Министрліктің мәліметінше, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында 112 АӨС салу қарастырылған. Бұл ретте жаңа заң жобасында аталған стансалардың қандай республикалық маңызды автожолдарда орнатылатынын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінiң Автомобиль жолдары комитетi айқындайды деп көзделген. Дегенмен болашақта мұндай стансалар жергілікті жолдарда да пайда болуы ықтимал. Өйткені заң жобасында үш мегаполис пен барлық облыс әкімдіктерінің автомобиль жолдары және жол қызметі саласына жауап беретін атқарушы органына «облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында, елді мекендердің көшелерінде АӨС орнатуды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету» жүктелмек. Жергілікті жолдардағы стансаларды басқаратын оператор компанияны да өңір әкімдігі анықтайды. Сонымен, қолданыстағы заңнамаға көлік мәселелері бойынша толықтырулар қабылданса, онда 12 тоннадан асатын жүктерді тасымалдауға арналған автокөліктер жолдарда орнатылған әлгі «таразыларда» өлшеуден өтуге міндетті болады. Сонда бұл жаңалықтар қашан өмірге жолдама алмақ? ИИДМ дерегінше, заң жобасы бойынша Интеллектуалды көлік жүйесі (ИКЖ) көлікті тоқтату негіздерін анықтайтын болады. Бұл норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. «Әйткенмен, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мембағдарламасына сәйкес, ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында осы зияткерлік көлік жүйесінің құрауышы саналатын автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнатуды 2025 жылға қарай толық аяқтау жоспарлануда», – деді ведомство. Тиісінше, заң жобасындағы АӨС-ке қатысты нормалар олар толыққанды іске қосылғанға дейін, яғни 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.Шығын өзін ақтай ма?
Министрліктің түсіндіруінше, бұл стансалар ауыр салмақты және ірі габаритті автокөліктердің қозғалысына лайықты бақылау жасайды, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосады және шетелдік тасымалдаушыларды қадағалайды. Мамандардың байламынша, бұл – Қазақстанның ойлап тапқан ноу-хауы емес. Мысалы, ірі көлемді және ауыр салмақты көліктерді қозғалыс үстінде өлшеу (Weight-in-motion немесе WIM) бүкіл әлемде қолданылады. Қазақстандық шенеуніктер Канаданың тәжірибесіне жүгініп отыр. Онда ХХІ ғасырдың басында дәл осындай автоматтандырылған өлшеу стансалары қолданылған болатын. Ол өзін басып өткен көліктердің салмағын қозғалыс үстінде өлшейтін. Кейін Канада ондай стансалар жобасын тоқтатты. Бұрын жарақталған АӨС-тер қазір жүргізушілердің еркін пайдалануына берілген: олар оны құқық қорғау органдарын тартпай-ақ өз бетінше көлігін өлшейтін орын ретінде қолданады. Қазақстанның автожолдарында WIM жүйесі алғаш рет 2013 жылы орнатылды. Қолданыстағы заңнамада ол «арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары» деген ұғыммен бекітілген (жүргізушілер арасында САИС деген атпен белгілі). Бүгінде еліміздің ең ірі трассаларында 21 САИС жұмыс істейді. Олардың орнын 112 АӨС баспақ. Автоматтандырылған пункттерде тек техникалық персонал болатыны мәлімделді. Олар стансаның үздіксіз жұмыс істеуіне жауап береді, оны бұзақылардың қиратып кетпеуін, бүтін күйінде қалуын қадағалайды. Министрлік стансада ақша жинаушылардың да, көліктік бақылау органдары қызметкерлерінің де болмайтынына сендірді. Қазіргі көлікті бақылау жүйесінде жүк көліктерінің 10%-дайы ғана қадағаланады екен. ИИДМ дерегінше, 112 АӨС салынса, жүк көліктерінің кем дегенде 90%-ы салмақ және көлем бақылауымен қамтылмақ. Ресми ақпарат бойынша, 1 АӨС 140 миллион теңгеге түседі. Бұл сомаға бақылап өлшеуге арналған алаңды жабдықтау, электр желісін тарту, ақылы автотұрақ жасақтау, ангарды және стансаны жарықтандыру кіреді. Негізі, өткен жылы республикалық және жергілікті маңыздағы автожолдарда, мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде, сонымен қатар қалаларға кіреберісте жалпы саны 85 станса орнатылатыны, оған 12 миллиард теңге жұмсалатыны хабарланған болатын. Мұның сыртында осы АӨС-терге техникалық қызмет көрсету үшін ай сайын 2,5 миллион теңге қажет болатыны айтылды. Енді АӨС-тер санының 112-ге дейін ұлғайтылуы шығынның да артуына әкелмек. Әйтсе де, шенеуніктердің шекарада, жолдарда және елді мекендердің кіреберісінде аса қымбат «таразы-стансалар» орнатып тастау ниетінің орындылығына мамандар шүбә келтіреді. Көлік мониторингі саласының маманы Эльдар Тихонюк ғарыштық және ақпараттық технологиялар жақсы дамыған заманда алып стансалар орнатуға деген қажеттіліктің болмайтынына назар аудартады. «Мысалы, салмақты бақылау жүйесін әр жүк көлігіне орнатуға болады. Бұған тасымалдау компанияларын не көлік иесін міндеттеу қажет, сонда бюджеттен шығын шықпайды. Егер көлік спутниктік мониторинг жүйесімен жарақталған болса, онда тахографтар мен навигациялық GPS мониторинг жүйелерін орнатумен айналысатын кез келген білікті компания соған жүкті бақылау жүйесін енгізіп бере алады. Бұл жүйе Android немесе iOS-ты қолдайтын смартфон, планшет секілді кез келген девайсқа жүкке қатысты ақпарат жолдайды. Егер жүргізуші көліктің рұқсат етілген жүктемесін асырып жіберсе, онда жүйе мессенджер, электронды пошта және басқасы арқылы компаниядағы жауапты тұлғаны ол жайында хабардар етеді», – дейді маман. Бұл ретте салмақ датчиктері көліктің әрбір өсін-білігін бақылайды. Сондай-ақ әр көліктегі жүкке қатысты барлық ақпаратты жауапты меморгандардың ақпараттық жүйесіне тікелей жолдау мүмкіндігі де бар. Заманауи бұл құралдар сұйық, сусымалы, көлемді-габаритті кез келген жүкті өлшей алады. Осылайша, мұндай аспаптары бар машиналарды қандай да бір платформа-стансада қайтара өлшеп жатудың мәні қалмайды. Оның үстіне, салмақты бақылау жүйелерінің құны да арзан: бір данасы нарықта шамамен 35-50 мың теңгеге сатылады. Ендеше Үкімет әрқайсысының құны 140 миллион тұратын АӨС-терге әуестене бермей, өзге де заманауи технологиялық шешімдерді іздестіргені жөн секілді.Елдос СЕНБАЙ