Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Қатарда өтетін Әлем біріншілігіне іріктеу кезеңі аясында Франция мен Украина құрамаларына қарсы тәп-тәуір өнер көрсетті. Талғат Байсуфинов баптайтын ел командасына отандық спорт мамандары мен барша қазақстандық жанкүйерлер оң бағасын берді. Қазір еншімізде бір ұпай бар. Сырт алаңдағы украиндармен тең ойын қазақ футболшыларының да тепкен добы түзу ұшатынын көрсетті.
Бастысы, Қазақстан футбол федерациясы Талғатқа тізгінді сеніп тапсырды. Қазақ футболын бес саусағындай білетін білікті маман құрамаға жаңа леп алып келу үшін тер төгуде. Әзірге жаттықтырушының беталысы жаман емес. Бұл ретте чемпионаттың енді басталғанын, команданың қайтадан жасақталғанын есте ұстаған жөн. Cоған қарамастан Маруаұлының командасы екі ойында да жинақы ойнады. «Егер осы қарқынымыздан танбасақ, топтағы өзге құрамалардан да ұпай алуға толық шамамыз жетеді» деп біздің футболшыларға сенім артты спорт журналисі Әли Битөре. – Ұлттық құраманың ойынына бейжай қарамай, барлық матчты жібермей көретін футбол жанкүйерлері байқаса керек, кейінгі екі ойында біздің жігіттер бірінші таймға қарағанда екінші таймда тәуір ойын көрсетіп жүр. Мәселен, Франциямен өткен кездесуде алғашқы таймда екі гол өткізіп алғанымен, екінші таймда ондай сәтсіздікке бой алдырмады. Украинамен болған ойында да дәл сол сценарий қайталанды. Алғашқы таймда ойын жүрмегенімен, екінші таймда гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Ал бұрындары Қазақстан құрамасы алғашқы таймда жақсы ойнап, екінші таймның соңғы минуттарында болмашы қателіктің салдарынан қақпаға гол өткізіп алатын. Міне, осыдан-ақ Талғат Байсуфиновтың ұлттық құрамаға үлкен өзгеріс әкеліп жатқанын байқауға болады, – дейді ол. «Астана» футбол клубының бас директоры Михаил Гурман да отандық бапкердің кейінгі өткізген екі ойынын жоғары бағалады. – Украинамен сырт алаңда тең ойнау – біз үшін жақсы нәтиже. Бұл нәтиже ұлттық құрама ойыншыларын босаңсытпауы керек, дегенмен олардың намысқа тырысып, ойын барысын өзгерте алуы құрметке лайық. Сондай-ақ бұл нәтижеге біздің қазақстандық бапкер Талғат Маруаұлының қол жеткізгеніне ерекше қуандым, – деп ағынан жарылды М.Гурман. Ал Қазақстан футбол федерациясының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен Байсуфиновтың бір артықшылығы үздік құрамаларға қарсы жақсы ойын тактикасын құра алуында деп есептейді. Оның үздік командалардан ұпай алып қалудың жолын білетінін, тек қана қорғанысқа көңіл бөлмей, жігіттерді шабуылда нәтижелі ойнауға үгіттейтінін айтады. – Негізі, ойланып қарасаңыздар, қазір құрамада кілең жастар. Мысалы, Шотландиямен болған матчта алаңға шыққан футболшылардың тек біреуі ғана Украинаға қарсы ойнады. Ол – Сергей Малый. Қалған 10 футболшы түгел өзгерген. Жанкүйерлер Рамазан Кәрімовты сынап жазып жатыр. Бұл да сол мәселеге келіп тіреледі. Футболшыларымыздың көбі жарақат алды, біреуіне футбол ойнауға тыйым салынды. Дегенмен соның өзінде бас бапкер 2 айдың ішінде команда жасақтап шықты. Топтың екі алпауыт командасына осындай құраммен төтеп беріп, 1 ұпай еншіледі. Күзде негізгі ойыншылар тегіс жиналғанда көреміз қызықты. Сондықтан кей журналистер секілді тырнақ астынан кір іздемей, отандық бапкерді тек қана қолдауымыз қажет, – дейді белгілі комментатор. Талғат Байсуфиновтың бұған дейін бас құраманы 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың ақпанына дейін жаттықтырды. Осы уақыт ішінде ол өзінің қарым-қабілетін көрсетті. Оған дәл сол кезеңдегі ұлттық құраманың статистикалық көрсеткіштері дәлел. Байсуфиновтың жетекшілігімен бас құрамамыз сегіз ойын өткізді. Оның екеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең түсті. Үш ойында жеңілді. ФИФА-ның ұлттық құрамалар рейтингінде 2015 жылды 132-орынмен тәмамдаған Қазақстанды 2016 жылы жүздіктің қатарына енгізді. Мұның өзі үлкен жетістік болатын. Алайда сол кезде Талғатқа өзін көрсетуге толық мүмкіндік берілмеді. Бұл туралы спорт сарапшысы Қуанышхан Өмірхан пікір білдіріп, ойын былайша сабақтады. – 2017 жылы Талғатты орнынан алмағанда, бүгінде құрамамыз ортақол құрмалардың алдыңғы шебінде жүрер еді. Стойловтың кезінде Ұлттар лигасында құрамамыз топта Грузия, Латвия, Андорра секілді құрамалармен ойнады. Билектің кезінде Албания, Беларусь, Литвамен бір топта ойнады. Ал Талғаттың кезінде Польша секілді деңгейлі командалармен ойнап, жақсы нәтиже көрсетті. Алайда ҚФФ біздің отандық бапкерге мүмкіндік бермеді. Керісінше, шетелдік бапкерлердің жағдайын жасады. Футбол басшылығында отырғандардың жіберген қателіктерінің бірі осы болды. Енді мықты топқа түскен Талғатқа жоғарғы орын ала алмаса да мүмкіндік берген жөн. Бесінші орын алған күннің өзінде де алдағы бір-екі ірі жарыстарға қатыстырып, шамасын байқап көрсе жақсы болар еді. Жүктің ауырын Талғат, жеңілін шетелден келген бапкерлер көтерді. Оны мойындауымыз керек. Алда Талғат Маруаұлын үлкен сынақ күтіп тұр, – деген спорт сарапшысы жанкүйерлерді қазақстандық бапкерге сенім артып, барынша қолдау білдіруге шақырды. Расымен, дәл қазір Талғат Байсуфиновтың алдында маңызды міндет тұр. Ол, әрине 2022 жылы Қатарда өтетін Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсету. Ендігі ел үміті Талғатта. Біз де Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін екінші мәрте ұстаған Маруаұлының маңызды ойындарда құрама көшін алға бастайтынына сенеміз.Абылайхан ЖҰМАШ