Мәжіліс ел Президенті бастамашы болған, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де түбегейлі тыйым салатын заң жобасын қолдады. Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын I оқылымда мақұлдады.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған бұл құжатты қабылдаудағы мақсат – шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысатын Қазақстанның заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық ғылыми орталықтардың, сонымен бірге қандастардың да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекешелендіруіне және уақытша жер пайдалану құқығын иеленуіне тыйым салу. – Бүгін мақұлданған «Жер қатынастары туралы» заң жобасының Қазақстан қоғамы үшін маңызы да, рөлі де ерекше. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжат арқасында халқымызды мазалаған мәселенің нақты шешімі қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толық тыйым салынады, – деді Нұрлан Нығматулин. Оның байламынша, бұл заң жобасы жер туралы конструктивті емес барлық пікірталасты тоқтатып, бар назарды, күш-жігерді жерді қолдану мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға шоғырландыруға жол ашуы тиіс. Жер заңнамасынан шетелдік жер пайдаланушыларға және шетелдіктер үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға, сондай-ақ қандастарға ауыл шаруашылығы жерлеріне құқықтар беру мәселелерін регламенттейтін нормалар алып тасталмақ. Сонымен қатар жалпы отырыста «Ерекше тауарларды бақылау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жоба I оқылымда мақұлданды. Онда ерекше тауарларды бақылаудың мақсаттары, қағидаттары мен әдістері белгіленген. Құжаттың мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қару-жарақтың заңсыз саудасына жол бермеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау.Айхан ШӘРІП