Алматы облысы әкімдігінің Алматы қаласындағы өкілдігінде өңірдегі агроөнеркәсіпке үлкен серпін әкелетін жаңалық жария болды. Облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу жеріне Израиль елінен ат арылтып арнайы келген халықаралық LR GROUP компаниясының өкілдерімен кездесіп, қос тарап екі жаққа да тиімді келісімге келді.
Емен-жарқын жүздесуде өңір басшысы израильдік кәсіпкерлердің облыс аграрлық саласына инвестиция құямыз деген ниетін құптады. Өзара ақылдасу барысында алыс шетелден жеткендердің бүгінгі өркениет талаптарына сай келетін жаңа технологияларына және оның тиімділігіне баса назар аударылды. LR GROUP компаниясының вице-президенті Белтман Марк жетісулық жетекшілерге өз жұмыстарын жан-жақты таныстырып, қолданыстағы озық технологияны бай тәжірибемен ұштастырып, қол жеткізген жетістіктерден көңіл тоғайтарлық мысалдар келтірді. Қазір аталған компанияның әлемнің 16 елінде жұмыс істеп жатқанының өзі-ақ шетелдік инвесторлардың мықтылығын дәлелдейтіндей. Олар ендігі жерде Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін ашық айтты. Компания агроөнеркәсіптік салаға маманданған. Сүт өндірудің жаңа технологияларын жан-жақты игеріп, жетік меңгерген. Сондықтан олар өздері өндіретін өнім сапасына кепілдік бере алатынын да сенімді түрде мәлімдеді. – Инвестиция салу арқылы аграрлық саладағы жұмысымызды сіздерге көрсетіп, Жетісуда өз жоспарымызды жүзеге асырсақ дейміз. Алматы облысындағы аса құнарлы әрі бай жер ресурстары ол ойымызды толықтай орындауға мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі артады. Озық технологияны меңгерген кадрлар жасақталады. Бұдан екі тарап та ұтады, – деді Белтман Марк. Облыс әкімі инвесторлардың ой-пікіріне қолдау білдіріп, Жетісу аймағының бай табиғатымен, инвестицялық зор мүмкіндігі туралы баяндап, таныстырып өтті. Халықаралық әріптестіктің өзіндік мектебі қалыптасқанын да айтты. Әсіресе, майбұршақ, жүгері дақылдарын өсіруге айрықша назар аударылған. Қант қызылшасы өндірісі де қайта қалпына келіп қалыпты. Осындай нәтижелердің арқасында облыс республикада өндірілетін аграрлық өнімнің 20 пайызын еншілеп отырғанын да ресми қонақтарға жеткізді. – Израиль елінің технологиясын әлем мойындаған. Әсіресе, тамшылатып суару әдісі дүниежүзіне кеңінен таралып, барлық елде қолданылуда. Сондықтан олардың озық технологиясы Жетісу өңірінің аграрлық саласын дамытуға өзіндік ықпалын тигізсе, біз оны әрқашан қолдаймыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.Болат АБАҒАН, Алматы облысы