Қазақ елі ғасырлар тоғысында аңсаған азаттығына қол жеткізді. Алайда мемлекеттілікті сақтап қалу одан да күрделі іс болатын. Мәселен, Қазақстан аумағында белгілі бір ұлт өкілдері шоғырлана орналасқан этноанклавтар көп болды. Республика тәуелсіздік алғанда олардың кейбірі автономия беруді талап етті, тіпті Қазақстаннан бөлінуге ниеттенгендері кездесті. Мұндай жағдайда жердің бүтіндігін, мемлекеттің унитарлығын сақтап қалу үшін халықты біріктіру керек еді. Осы мұратқа жетуге Ассамблея қызмет етті.
Тарихи отаннан – ортақ Отанға дейін
Қазақстан посткеңестік кеңістікте этностардың басын біріктіретін осындай бірегей институтты құрған тұңғыш елге айналды. ҚХА полиэтникалық қоғамның қазақстандық моделінің түзілуіне және нығаюына, елдегі этносаралық және дінаралық келісімнің бекуіне септесті. ХХ ғасырдың 90-жылдарында республикадағы этникалық ахуал қырыққұрақ көрпені көзге елестетуші еді. Өзге ұлыстар өкілдері өзінің де, ұрпағының да болашағын Қазақстанмен байланыстырмады. Ел арасында, тіпті құқықтық айналымда «тарихи отан» деген ұғым қолданылды. Мысалы, орыстар мен казактар – Ресейді, украиндер – Украинаны, гректер – Грекияны, татарлар Татарстанды «тарихи отаным» деп санады. Салдарынан еліміз «отандары» бөлек жүзден аса ұлыс тұратын аумаққа ұқсап кетті. Ресми, мемлекеттік және ұлттық мерекелердегі бұқаралық шеру-серуендерге диаспоралар өздері таңдаған, бірақ бізге бөтен мемлекеттердің туын көтеріп шығатын. Ресми мәлімет бойынша, 1990 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта Қазақстаннан 4 миллион 150 мың адам «тарихи отанына» қоныс аударды. Одан бергі онжылдықта 400 мыңға жуық адам шетелге көшті. Осылайша, кеткісі келетіндер кетіп болғаннан кейін, бертінде ҚХА-ның ұсынуымен мемлекет халықтың бөле-жарылуына жол ашатын, «Болашағы біртұтас ұлтқа» сына қағатын «тарихи отан» терминінен бас тартты. Енді елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалғыз ғана Отаны бар, ол,әрине Қазақстан. Сонымен, 1990-жылдары мемлекет алдында қазақстандықтардың келісімі мен достығын сақтап қалу бойынша стратегиялық міндет тұрды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халықтарының І форумында осы құрылтайды тұрақты негізде жұмыс істеуге көшіру туралы идеяны ортаға тастады. – Біздің басты құндылығымызды – халықтар достығын қазақстандықтардың қаншама ұрпағы жасап, нығайтты. Әрбір халықтың, әрбір ұлттың даусын күн сайын естіп, оған құлақ асуымыз қажет. Міне, сол себепті осы форумды тұрақты негізге көшіріп, Қазақстан халықтарының келісімі мен бірлігі ассамблеясын құруымыз керек! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Нәтижесінде, 1995 жылдың 1 наурызында Тұңғыш Президенттің Жарлығымен қоғамдық-саяси аренада ұлттық саясат саласындағы жаңа тұрпатты институт – «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы» пайда болды. Кейін, арада 13 жыл өткенде атауы түзетіліп, «Қазақстан халықтары» – Қазақстан халқына» ауыстырылды. Себебі Конституциямыз «Біз, Қазақстан халқы» деп басталатыны мәлім. 2007 жылы ҚХА мәртебесі Ата Заңда бекітілді. Конституциялық реформаға сәйкес, заң шығарушы биліктің құрылымы өзгерді: Мәжілістің 9 депутаты Ассамблеядан сайланатын болды. Бұл қадам ҚХА-ның рөлін айтарлықтай биіктетті. Оның үстіне, осы жылдар бойы Қазақстан халқы Ассамблеясын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі басқаруы – бұл органның айрықша мән-маңызынан хабар береді. «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заңда Тұңғыш Президентке «оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығы тиесілі» деп жазылған.Тәуелсіздіктің бір тұғыры
Қазір ҚХА жұмысы сынға алынып жүр. Дегенмен ол болмағанда, жас қазақ мемлекетінің тағдыры қалай қалыптасарын болжау қиын еді. Заң ғылымдарының докторы Динара Рүстембекованың айтуынша, Ассамблея Тәуелсіздіктің 30 жылдығында аса маңызды бірнеше миссия-міндетті атқарды. «Ассамблея біріншіден, этностар арасындағы делдалға, диалог алаңына айналып, адамдар арасындағы сенімді нығайтты. Екіншіден, «ортақ Отанның тағдыры үшін ортақ жауапкершілік» деген жаңа қағидат-дәстүрдің іргесін қалады. Үшіншіден, этносаралық және конфессияаралық қатынастардың ашықтығын қамтамасыз етті. Төртіншіден, тағат-толеранттылық Қазақстанның өркендеуінің маңызды факторына, тәуелсіздіктің бір тұғырына айналды. Ассамблеяны құру – Қазақстанның ішкі және сыртқы бейбіт саясатының қисынды жалғасы болатын. Республика азаттықтың алғашқы күнінен бастап бейбітшілік, толеранттылық және конструктивті диалог идеалдарына берік заманауи, зайырлы мемлекет құруға кірісті. Ал ҚХА халықтық дипломатияның басты бір органы саналады. Оны құру арқылы мемлекет этносаралық қатынастар саласын институционалдық рәсімдей алды», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, 90-жылдары Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңестік дәуірде ғана емес, тіпті сол кездегі әлемдік тәжірибеде баламасы болмаған азаматтық қоғамның жаңа институты ретінде дүниеге келді. Ассамблея арқасында Қазақстан этносаралық қатынастардың саясаттануынан құтылып, сол кезде алапат көлемде қордаланған шиеленістік әлеуетті конструктивті арнаға бұра алды. Мәселен, казактар диаспорасы тәуелсіздік жылдарында барлық жерде сес көрсетіп, қару алып жүрді. Барлық жергілікті және республикалық жиындарға қылыш асынып келетін. Олардың қарулы жасақтары да болды. Дегенмен құзырлы органдардың іс-қимылы арқасында және диалог көмегімен бірте-бірте заңсыз әскери құрылымдар таратылды, казактар диаспорасы Ассамблея отырыстарына беліне қылыш байламай келуге бейімделді. Бүгінде ел аумағында «Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» жұмыс істеуде. 90-жылдарда сепартистік көзқараста болған казак серкелері мен белсенділерінің басым көпшілігі Ресейге қоныс аударды. Айта кету керек, қазір республикада бұдан өзге, «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі, Қазақстан корейлерінің қауымдастығы, «Наири» армян мәдени орталықтарының қауымдастығы, «Мицва» еврей ұлттық ұйымдарының қауымдастығы, «Барбанг» күрдтер қауымдастығы, Қазақстандық татарлар мен башқұрттар конгресі, «Вайнах» шешен және ингуштар қауымдастығы, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы, «Тұран» әзербайжандар конгресі және Қазақстан украиндерінің радасы секілді этномәдени бірлестіктер жұмыс істеуде. ҚХА кейінгі жылдары мемлекеттік тілді дамытуға, қайырымдылық шараларына, бітім-медиацияны дамытуға баса мән беріп жүр. Бұл – заман талабы. Ассамблея бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, «Біз біргеміз» атты Қазақстан дамуына елеулі үлес қосқан этностар өкілдерінің және көрнекті тұлғаларының деректер базасын құрды. Қазақ тілін үйрету бағытындағы «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасын, «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын, «Бiрлiк», Bіlіm, Tárbıe, «Келісім» секілді білім беру, спорт, медиация бағыттарында әлеуметтік волонтерлік жобаларын жүзеге асырып келеді. Бүгінде Ассамблея өзінің кезекті құрылтайына әзірленуде. Президент Қ.Тоқаев 2021 жылғы 20 наурызда «Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма тоғызыншы сессиясын шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, биылғы 28 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы шақырылады. Жиынға «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» деген тақырып арқау болмақ.Айхан ШӘРІП