Көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының тәуелсіз еліміздің саяси-рухани бейнесін қалыптастыруда өз қолтаңбасы қалды. Оның мерейлі жетпіс жасқа толғанында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының тұңғыш иегері атануының өзі – қаламгердің ел, ұлт алдындағы ерен еңбегінің бағалануы еді.
Әбіш Кекілбайұлы – қазақ елінің тәуелсіздігіне ерекше еңбек сіңірген тұлға. Ол Елбасының сенімді серігі бола білді. Біз қазір күнде айтып жүрген «Елбасы» ұғымын алғаш рет ел тарихындағы тұңғыш ұлықтау рәсімі кезінде өзінің Президентке арнаған тілек сөзінде қолданған екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының туғанына сексен жыл толғанына орай өткен мерейлі мерекеде: «Әбіш Кекілбайұлы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған тұңғыш қаламгер. Әбіш ағамыз әдебиет әлеміне келгеннен бастап ұлттық сананы сақтау үшін мол еңбек етті. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді және төл мәдениетімізді дәріптеп, халқына адал қызмет етті. Ұлттық болмыс пен ұлттық рух Әбіш Кекілбай шығармаларының діңгегіне айналды. «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Классик қаламгердің бұл еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі. Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді» деген еді.Саясаткер Әбіш
Жазушы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Оңды аулының Мырзайыр деген жерінде туған. Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңын Әбіш Кекілбайұлы барлық құштарлығымен қарсы алғаны анық. Оның тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық» деп Алты алашына байламды сөз айтқаны да бар. Ол – саналы өмірі мен бар болмысын ел тәуелсіздігінің тұғырын бекітуге аямай жұмсаған қайраткер. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев абыз Әбіш туралы: «Әрине, әдебиеттегі Әбіш пен саясаттағы Әбіштің арасында едәуір айырмашылық бар екені рас. Бірақ мақсат-мүддесі біреу еді. Әдебиетші Әбіш – ұлтжанды, саясаткер Әбіш – мемлекетшіл. Ол осы екі міндетінің де ауырлығын армен, салмағын санамен, өлшемін өремен көтерді. Бүгілмес берік, бөгелмес байыпты Әбекең ғажап суреткер, сұңғыла саясаткер, білікті басшы, қай қалыпқа салсаң да қайыспас қара нар болатын. Әбіштанудың терең тағылымы осында жатыр» деп жазады. Саясаттағы Әбіш туралы тақырып бір бөлек. Тәуелсіздік алған алғашқы елең-алаңда саясатпен араласпауға да болмас еді. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын мықтап қалау үшін әдебиетші де, саясаткер де, экономист те білек сыбана кіріскені рас. Саясаткер мен суреткер Әбіштің өмірінде айырмашылық болмағаны анық еді. Өйткені Кекілбаев сияқты алып санаткердің, ерекше дарын иесінің өз қабілеті жететін сан салалы істермен айналысуға да әбден қақысы бар. Оның Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесін басқаруы, Мемлекеттік хатшы лауазымын айтарлықтай атқаруы жеңіл тимеген де шығар. Ол жазудағы ақ-адалдық кредосын мемлекет қызметінде де қатаң ұстанғаны анық. Заңғар жазушының: «Қандай лауазым иесі де өз өкілеттігі аясынан аспауы керек. ...біздің ешқайсымыздың заңнан асқан қатал, не заңнан асқан кеңпейіл болуға хақымыз жоқ» дейтіні де сол себепті. Қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов қаламгердің саяси қызметтегі рөлі жайында: «Әбіш Кекілбайұлы Тұңғыш Президенттің мемлекет құрылысының толассыз жұмысында көп жағдайда ақылдасар сенімді сырласы, әріптесі болғаны белгілі. Еліміздің 1995 жылғы Конституциясына сәйкес енгізілген ең алғашқы Мемлекеттік хатшы қызметін алты жыл абыроймен атқарды. Бірге жүріп, жас елдің жаңа рухани бостандығына, еркіндігііне, тәркіленген ұлттық тарихи құндылықтарымызды жаңғыртуға, тірілтуге, ұлттың бірлігіне жұмылдық. Әсіресе, осы бағытта ғасырға, ұзақ жылдарға созылған бұрынғы саяси жүйеге тәуелділіктің зардаптарын еңсеру оңайға түспеді. Қалай болғанда да қоғамның түсіністігін, реформаларды жүзеге асыру үшін елдің тыныштығын қамтамасыз ету бағытында Әбекең орасан мол жұмыс жүргізген ерекше тұлға», – дейді. Заңғар жазушы өмірінің көп жылын парламентаризм институтын қалыптастыруға жұмсады. Ол бұрынғы Жоғарғы Кеңестің төрағасы, комитет төрағасы, жаңа Парламентте комитет төрағасы, депутат болды. Қай қызметте жүрсе де, мемлекеттік жауапкершілікпен, терең білімдарлықпен қызмет етіп, мемлекеттік қызметкер қандай болу керектігінің үлгісін қалыптастыра білген жан.Суреткер Әбіш
«Қаламгер қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді». Көрнекті қайраткердің егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасы қалды. Оның «Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілеуін тілеуіміз қажет» деген сөзі бар. Бұл сөзі бүгінгі буынның негізгі ұстанымына айналуы тиіс. Сұлтан Оразалы: «Әбіш Кекілбайұлы – екі дәуірде де жолы болған жазушы. Ол алдындағы ұстаздары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтің ауыр тағдырын қайталамай, жастық шақтарын майдан даласында қалдырған Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов сияқты қиыншылық көрген жоқ. Бейбіт заманда шығармашылыққа да, қайраткерлік қызметке де еркін араласты. Қазақ жазушылары арасында отыз жасында Үкімет басқарған Сәкен Сейфуллинді айтпағанда, Әбіш шыққан Мемлекеттік хатшы, Парламент төрағасы сияқты биік қызметке әзірге бірде-бір қаламгердің қолы жеткен емес. Ол кеңес заманында, 46 жасында Мемлекеттік сыйлық алса, тәуелсіздік заманында Еңбек Ері атанды. Әрине, «Тіл өнері дертпен тең» дегендей, ақ қағаз алдындағы шығармашылық азабын бір кісідей шекті. Бірақ бұл бір Алланың өзі сыйлаған тәтті азап болатын. Кейбір замандастары оның он төрт-он бес қырын санамалап жатады. Бұл да – ақиқат. Нәрестедей таза Әбіш, кемеңгер Әбіштің тұрған бойы өз кейіпкерлері Еңсеп пен Абылдан аумайды. Бірінде табанды еңбегімен шыңыраудан түбіне жетіп, жеңіс тапқан Еңсептей ой тұңғиығынан сөз маржанын терсе, екіншісінде Абыл тәрізді көркем сөзімен жүрек тебірентіп, еліңе дос көбейткен тұлға», – дейді. Рас, заман өзгерді. Уақыт бөлек. Көркем әдебиетке көзқарас өзгерген. Солай бола тұра, заман озған сайын Әбіш Кекілбайұлы әлемі де тереңдей бермек. Жазушы қаламынан туған «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» секілді көркемдік кескіні мен тарихи тұрпаты бөлек қалың-қалың романдары мен «Күй», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша – дария хикаясы», «Құс қанаты», «Шеткері үй», «Бәйгеторы» сияқты хикаят повестері оқырманының ойын өсіріп, көкжиегін кеңейтер құнды дүниелер. «Берісі – қазақ пен Алаш жұртының, әрісі әлем әдебиеті мен көркем ойының қазынасын молайтар құндылықтар қатарына қосылды». Белгілі ақын Нұрлан Оразалин осылай дейді. Күні кешегі қара баланың қазақ халқының арғы-бергі ұлан-асыр тарихын жадына тоқи жүріп, топты жарар шешенге, рухани әлемнің көшін бастар көсемге, кемер суреткерге, барша қазақ жұрты білетін Әбіш Кекілбайұлына айналғанын айтады. Абыз Әбіштің: «Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы – мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу Адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде, ғылым, дін, мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді» деп жазғаны бар. Оның жан рақатына айналған дүниесі – жазу. Көркем сөзді қадір тұтты. Қазақтың кестелі сөзіне қаламын малып алып, тереңнен толғады. Сөйтіп, қаламға қанат бітірді. Тұтас қазақ тарихын, оның өткен өмірін терең білген сұңғыла жазушы еді. Әбіш Кекілбайұлы айтқан «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» дейтін сөзінің өзі ғажап емес пе? Кеше абыз Әбіш айтқан, жазған дүниелер бүгін Ұран сөзге айналды. Сол арқылы елінің, жұртының есінде мәңгі сақталары анық.Айым БЕКТҰР