Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті баларға арналған арбалардың жаппай жануының жиілеп кеткенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Департамент таратқан мәліметке сәйкес, 2020 жылдың 6 қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі арбалар мен велосипедтерді өртеудің 35 жағдайы тіркелген.
«Тек 2020 жылдың 6 қазаны мен 25 желтоқсан аралығында мегаполисте түнгі уақытта 20 өрт тіркелді. Сонымен қатар бір күнде бірнеше өрт оқиғалары болды. Атап айтар болсақ, 2020 жылдың 7 қарашасында таңғы сағат 7-ден 10-ға дейінгі уақытта Бостандық ауданында № 2,14,28 «Қазақфильм» және №5, 33 «Алмагүл» шағынаудандарының көпқабатты үйлерінен шақырту түсті. Бірден 5 бригада жұмылдырылды. Сондай-ақ 2021 жылдың 27 ақпанында таңғы сағат 7-ден бастап, 10-ға дейінгі уақыт аралығында өрт сөндірушілер Бостандық ауданының «Көктем» шағын ауданында 3 мекенжай бойынша өртті сөндірді»,– деп атап өтті Төтенше жағдайлар департаменті.
Сондай-ақ қалада Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу ауданыдағы тұрғын үйлердің кіреберістерінде 15 бала арбасының жану дерегі тіркелген.