Сыр өңірінде «жаман ауру» дес бермей тұр
Сыр өңірінде «жаман ауру» дес бермей тұр
560
оқылды

Ел арасында «жаман ауру» аталып кеткен қатерлі ісік жылдан-жылға күшейіп ба­рады. Қанша жерден қарсы тұрғанымызбен, дес берер емес. Әсіресе, соңғы жылда­ры оның жасарып бара жат­қаны елді алаңдатып отыр.

Мәселен, былтыр еліміз бо­йынша 32 537 науқас онколо­гия­лық ауруға шалдықса, Қызылорда облысында өткен жылы 1 220 нау­қас тіркелді. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шақ­қанда 151 пайызды құрады. Атал­ған дерек 2019 жылмен салыстыр­ғанда, 6,5 пайызға артқанын аң­ғартады. Бұл анықталғандары ғана. Дәрігерге қаралмағандары, скринингтен өтпегендері қан­шама? Олардың әрқайсысының өз уәждері де жоқ емес. Бірінің – жұмыстан қолы босамайды, екін­шісі – бала-шағасынан, отбасынан шыға алмайды. «Денсаулығым жақсы, шағымым жоқ» деп өзін-өзі «алдайтындар» да жетерлік. Осылайша, мың сылтау айтып, денсаулыққа деген немқұрай­дылықтың соңы көп ретте қайғы­лы аяқталатыны тағы бар.

ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ ТҮРІ КӨП

Қатерлі ісік ауруының түрі көп. Қазақстанда ең көп кезде­сетіні – сүт безінің қатерлі ісігі. Ресми мәліметтерге қарағанда, қазір Қазақстанда 20 мыңнан астам қыз-келіншек сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратындардың есебінде тұр. Ал Қызылорда өңірі бойынша асқазан, өкпе, өңеш онкологиялық дертіне шалдық­қан­дар жыл сайын артып отыр. – Онкологиялық аурулардың асқы­нуы­на көбіне науқастардың дәрігерге дер кезінде қаралмауы, яғни ауруды өткізіп алуы себеп болады. Сонымен қатар ісік­тің қауіптілігі бастапқы 1-2 сатыларында клиникалық белгілерінің білінбеуі се­бепті  кешірек, асқынған сатыларында анық­талады. Дәл қазір облыстық онко­логия орталығында тәуліктік стационарда – 108  науқас, күндізгі стационарда 31нау­қас ем қабылдап жатыр. Қатерлі ісіктің көптеген түрі белгілі. Облыс көле­мінде  аурушаңдық құрылымында бірін­шілік анықталған науқастар ішінен бірін­ші орынды  асқазан қатерлі ісіктері  (10,6%) , екінші орынды өкпе қатерлі ісігі (10,0%), үшінші орынды өңеш қатерлі ісігі (9,5%) алып отыр. Яғни, облыс тұр­ғын­дары көбіне қатерлі ісіктің осы түр­лерімен ауырады.  Қатерлі ісік ерте са­тыда анықталса, оны емдеуде жақсы нәти­жеге қол жеткізуге болады. Заманауи диагностикалау және емдеу тактикалары­ның арқасында онко­логия­лық аурулар арасында өмір сүру ұзақ­тығы едәуір артқан, сонымен  қатар то­лық айығып кеткен жағдайлар да бар, – дейді Қызыл­орда облыстық онкология­лық орта­лығының бас дәрігері Сәкен Серғазиев.

ЗЫМЫРАННЫҢ ЗАРДАБЫ БАР МА?

Бірер күн бұрын Парламент Мәжілісі­нің депутаты Арман Қожахметовтің өзі осы мәселені көтеріп, дабыл қаққаны жөнінде ашық дереккөздерде айтылды. Оның айтуынша, зымыран тасығыштарды ұшыруға қажетті гептилдің адам денсау­лығына зардабы орасан. Ал әуекемесінің қалдықтары құлаған аймақтарды залал­сыз­даныруды ресейлік емес, қазақстан­дық компанияның жүргізгені жөн деп есептейді. Сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағының адам денсаулығы мен таби­ғатқа келтіретін зиянын толық тексеруді талап етті. – Зымыран қалдықтары түсетін аумақ тұрғындарын жаппай жыл сайын скрин­ин­гтік тексерістен өткізу керек. Сонымен қатар зиянды қалдықтар түскен аумақты толық зерттеп, гептилдің келтірген әсерін нақты анықтауымыз керек. Қазақстандық ғалымдардың осы мәселені зерттеу жұ­мыс­тарын да қаржыландыруымыз шарт, – дейді халық қалаулысы. Мәселен, «Байқоңыр экомониторинг» қоғамдық бірлестігі әр зымыран тасығыш ұшырылғаннан кейін Байқоңырда жел көтеретінін айтып отыр. Бұл тыныс жол­дары ауыратын адамдарға қиындық ту­ды­рып жатқан көрінеді. «Ал ракета қал­дық­тарын залалсыздандыру жұмыс­тарының көлеңкелі тұстары көп», – дейді қоғамдық қор төрағасы. – Алдыңғы жылы «Роскосмос» Бай­қоңыр ғарыш айлағынан 4 қоқыс алаңын ашты. Енді өздері қалаған түрлі ради­активті қалдықтарды көміп жатыр. Қазақ­стан тарапы мұны еш қадағалап отыр­ған жоқ, – дейді «Байқоңыр эко­мониторинг» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Дәулетбаев. Мәжіліс депутатының айтуынша, құла­ған зымыран бөлшектері адам ден­сау­лығына кері әсерін тигізуде. Соның салдарынан Жезқазғанда қатерлі ісік аурулары өршіп барады екен. Қызылорда облысындағы ахуал да мәз емес. Дәрі­гер­лердің айтуынша, 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда былтыр онкологиялық аурудан көз жұмғандар саны 12,7 пайызға өскен. – Бір күнде 21 адам қабылдаймыз. Қазір онкологиялық аурулар жасарған. Мысалы, жатыр мойынының қатерлі ісігін алатын болсақ, қазір жас қыздар ауы­рып жатыр.  Өкінішке қарай, олар көбіне асқынған сатысында келеді», – дейді Қызылорда облыстық онкология­лық орталығының дәрігерлері. Айта кеткен жөн, соңғы он жылда Қазақстан аумағында үш зымыран апатқа ұшыраған. Ал мәжіліс депутатының есебінше, Байқоңыр ғарыш айлағы ашыл­ғалы бері Қазақстан мен Алтай ау­мағына 600 ракетаның бөлшектері түс­кен. Ол орташа есеппен 3 мың тоннаны құрайды.

ДИАГНОЗ ҮКІМ ЕМЕС

Обырды дер кезінде анықтау ем-дом­ның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анық­таған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. – Кейбір азаматтар онкология дис­пансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, әрі қарай өсе береді. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қа­тер­сіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап басқа нәрсе­лермен қыздыруға мүлдем бол­майды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі тө­мендей береді, – дейді мамандар.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы