Саясаткер Ермұхамет Ертісбаев Президенттің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі бірінші кезекте қандай мәселені шешуі керек екенін айтты. Ол бұл туралы Yertysbayev Live YouTube-арнасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір Ресейдің жалғыз, сенімді, әрі қуатты одақтасы - Қазақстан. Өкіл мұны Ресейдің депутаттарына, сенаторларына түсіндіруі қажет.
"Ержан Қазыханов ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды, бұрын сыртқы істер министрі де болды, яғни кадрлық дипломат. Бұл Президент Тоқаевтың сыртқы саяси бағытты күшейтетінін білдіреді. Егер Тоқаевтың бұрынғы көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болғанын ескерсек. Ал тағы бір кадрлық өте мықты дипломат Нұрлан Онжанов - Президент кеңсесінің басшысы, яғни дипломатиялық басшылық. Бәрі жоғары білімді мамандар, кәсіпқойлар, дипломаттар. Оларды Тоқаев бұрыннан жақсы біледі. Менің ойымша, сыртқы саяси бағыт күштейеді. Мемлекет басшысы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілге қандай тапсырма беретінін білмеймін. Ол үлкен билік пен үлкен өкілетке ие болады. Сондықтан Мәскеуге барып, Ресейдің мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володинге, Ресей федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкоға, сенаторларға және депутаттарға біздің одақтас екенімізді, әлемдегі ең ұзын шекарамыз бар екенін, жақсы көрші екенімізді айтып, келіссөздер жүргізуі керек. Олардың кейбірінің Қазақстан тарапына айтқан түсініксіз мәлімдемесі екі ел арасында шиеленіс тудырады, бұл қарым-қатынасты жақсартпайды. Ресей қазір оқшауланып жатыр. Беларусьте болып жатқан экономикалық және саяси қарама-қайшылықты есептемегенде, онда тіпті тоғызыншы мамырда митинг қайта басталады, оппозиция жаппай митингке дайындалып жатыр. Яғни, қазір Ресейдің жалғыз, ең сенімді, қуатты одақтасы - Қазақстан Республикасы. Жаңадан келген өкіл осыны ескере отырып, тиісті жұмыстарды жүргізе алады деген үміттемін", - деді саясаткер Yertysbayev Live YouTube-арнасында.