Қазақстанда қыркүйек айына дейін 10 миллионға жуық адамға коронавирусқа қарсы екпе егілуі тиіс. Осылайша, күзге дейін белгіленген санаттардағы контингент 100% қамтылмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.
Министр халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялау барысынан хабардар етті. 1 ақпаннан бері өңірлерге «Спутник V» вакцинасының 611 мың дозасы жеткізіліпті. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Бүгін өңірлерге кезекті 300 мың доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде. Сәуір айында шамамен 1,4 млн доза вакцина жеткізмек. Сөйтіп, шамамен 2 млн қазақстандыққа вакцина салынады. Қазір өңірлерде 916 егу пунктінде иммундау жүргізілуде. Бұдан басқа, алыс аудандарда, ірі ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу үшін 233 көшпелі егу бригадасы жұмылдырылған. Иммундау науқанына 10 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды. Алматы, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларында егу пункттері сауда орталықтарында, демалыс күндері вакцинациялауға болатын базарларда орналастырылған. Бұл халықтың вакцинацияға қалаған жерінде еркін қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Ал ерінбегендер өз емханаларына барып салғызуда. Сондай-ақ 2021 жылғы 8 сәуірден бастап «электронды үкімет» порталы арқылы вакцинацияға жазылуға болады. Ол үшін азамат тіркелген медициналық ұйымын көрсетіп, өтініш береді. Медұйым вакцинация жүргізу уақытын белгілеп, өтінімдерді бөледі. Содан кейін азамат «электронды үкімет» порталынан емханаға баратын күні мен уақытын көреді. Қазақстан әртүрлі вакцина өндіруші компаниялармен келіссөз жүргізуде.Ерік ЕРДЕНОВ