Қазақстанда полицейлерді босқа мазалағандарды айыппұлмен жазалау тәжірибесі бар. Бірақ ол жайында ел тұрғындарының көпшілігі хабарсыз. Солардың бірі – «102»-ге еріккеннен қоңырау шалып, жалған хабарлама берген 15 жастағы атыраулық жасөспірімнің ата-анасы жазаға тартылды
Түнгі сағат 00.10 шамасында Атырау қаласының Полиция басқармасына белгісіз адам қоңырау шалып, Дамбы ауылында орналасқан Амангелді атындағы орта мектептің алдында бір топ бала төбелесіп жатқанын хабарлайды. Ол жаққа дереу полиция наряды аттанды. Олар хабарламаның жалған екенін жеткенде білген. Қоңырау соғылған нөмірді тексере келе тәртіп сақшылары тентектік жасаған 2006 жылы туған жасөспірім екенін әшкереледі. Ұл бала «қалжың үшін» полицияға қасындағы досының телефонынан қоңырау шалғанын мойындайды. «Әзілқой» бала осылайша ата-анасының беделін бүлдірді, отбасына шығын келтірді: аталған факт бойынша жасөспірімнің ата-анасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 438-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру, 14-тен 16 жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер), әкімшілік хаттама толтырылып, 15 айлық есептік көрсеткіш немесе 43 755 теңге айыппұл салынды.А.ШӘРІП