Айлардың сұлтаны Рамазан да келіп жетті. Бір жыл бұрын қимай қош айтысқан мұсылман қауым үшін бұл – зор қуаныш. Әрі бұл айдың қасиеті сонда – құлшылық қылушы пендеге Алланың тарапынан сансыз сауапқа қоса, жеңілдік те беріледі. Олай дейтініміз, жай күні тез шаршап, түскі ассыз жүрсек қарын ашатын болса, Рамазан айында күшіміз де орнында, денсаулық та қалпында тұрады. Ғалымдар тіпті ауыз бекітудің пайдасын дәлелдеп, талай мәрте зерттеу жұмыстарын жасаған. Осы орайда бірнеше жылдан бері үзбей ауыз бекітіп, қиындыққа қарамастан ораза ұстап жүрген ерекше кейіпкерлер іздеген едік. Әсерлі әңгімелерін назарыңызға ұсынамыз.
50 жылға жуық уақыт ораза ұстап келе жатқан Нағым мырза
Әлем халқының 24,5 пайызының, Қазақстан азаматтарының 70 пайызының діні – ислам. Әлбетте, барлығы дерлік мұсылмандық шартын толық орындамауы мүмкін. Сол сияқты Рамазан айындағы парыз етілген оразаны да барлығы бірдей ұстай бермейді. Дегенмен Алматы орталық мешітінің наиб-имамы Ермек Көкірекбаевтың айтуынша, тәуелсіздік алған тұспен салыстырғанда, бізде дінге бет бұруда жағымды тенденция байқалады. «Егемендік алған жылдары мешіттерде жамағат саны 5-10 адам болатын. Ал қазір іші-сырты толы. Олар түгел дерлік ораза ұстайды. Содан-ақ иманға бет бұрып, дәстүрлі жолды ұстанатын азаматтар саны өскенін байқауға болады. Әрі жамағат арасында жастар өте көп екені қуантады», – дейді наиб-имам. Талай жылдан бері ораза ұстап жүрген кейіпкерлер іздегенімізде жарты ғасырға жуық уақыттан бері Рамазандағы құлшылықты орындап жүрген Нағым Нұрмұханбетовті таптық. 69 жастағы кейіпкеріміз ораза ұстауды студент кезінде бастаған. Кеңес Одағының қиын кезеңіне қарамастан ауыз бекіткен Нағым аға сол кездерді есіне алды. «Біз алғаш ораза ұстауды сонау Кеңес Одағы кезінде бастағанбыз. Дегенмен ол уақытта Рамазанның қашан басталатыны туралы ақпарат ашық жарияланбайтын. 1973-1974 жылдары студентпін. Әйтеуір бір жерлерден Рамазан айы жайлы ақпараттарды көріп қалатынбыз. Содан дереу ауыз бекітуге ниеттенетінбіз. Бірақ ол кездері ораза жайлы толық мағлұмат болмағандықтан, жақсы-жаманын аса біле бермейміз. Тіпті, бастапқы кездегі ораза ұстау тәртібіміздің дұрыс не дұрыс емесі бір Аллаға аян. Кем-кетігімізді кешіріп, сол кездегі ниетімізді қабыл етсін деп тілеймін. Бұлай дейтінім, қазіргі жағдаймен салыстырып қарасақ, арасы тым алшақ екенін байқаймын. Әлбетте, Кеңес уақытында уағыз айтатын адам да, кітап та жоқ. Сондай жағдайда ораза ұстауды бастаған едік» деп бастады әңгімесін Нағым Нұрмұханбетов. Рамазанға қатысты болсын, жалпы дін ұстануда мол білім алу қажет. «Ораза ұстаған адам оның парыз-сүннетін толық білуі тиіс. Сондықтан діни сауат аса қажет. Алла Тағала «білім алу – парыз» дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «жер бесіктен тал бесікке дейін білім іздеңдер» дегені тағы бар. Ораза ұстайтын уақыты келген мұсылман білімін молайтып, мешітке келіп, ҚМДБ қызметкерлерінен сабақ алғаны жөн», – дейді Ермек Жамбылұлы. Әлбетте, оразаны қадір-қасиетін түсініп, парызын ұғыну қажет. Әйтпесе, оның кәдімгі ашығудан айырмасы болмай қалады. Рамазанды айрықша ететін де – осы еселенген сауабы бар амалдар. Нағым Нұрмаханбетов Рамазанды ерекше жақсы көретінін айтты. «Бұл айдың ерекшелігі мол. Әдетте күндіз ішетін тамағымызды түнде ішеміз. Дегенмен ораза – бірінші кезекте нәпсімен күрес. Көзбен, сөзбен жасайтын көп күнәдан тыйыла алсақ, маңыздысы – сол. Рамазан – Алланың сыйы. Осы айда қаншама жақсылық пен сауап бар. Оның барлығы еселенеді. 83 жылдың сауабын сыйлайтын Қадір түні де Рамазанда. Сол себепті мұсылман баласы бұл айды құр жіберіп алмауы керек. Бастысы, ниетті дұрыстау деп ойлаймын. Мейлі ол жаздың ыстық әрі ұзақ күніне сәйкес келсе де, соған көну міндет. Екіншіден, ондай қиындықпен ұсталған оразаның сауабы көбірек», – дейді.Рамазанның арқасында сабырлы бола түстім
10 жылдан астам уақыттан бері ораза ұстап жүрген Наташа Қарабатырова басынан өткен оқиғаларды есіне алып, Рамазанның ол үшін қаншалықты маңызды екенін айтып берді. «Шыны керек, ең алғаш ұстаған жылым анық есімде емес. Дегенмен тамыз айына сәйкес келгенін білемін. 10 жылдан астам уақыт болған шығар. Ол кездері ауылымызда бірлі-жарым адам ғана ауыз бекітетін. Есімде, «кім ораза ұстап жатыр?» дегенде кей жылдары екі, кейде үш адам болатын. Бәлкім, ол кезде Рамазанның қасиеті жайлы ақпарат аз болған шығар. Басында ұстаған кезде ыстық кезге тап келіп, шөлдеп, әлсірейтінмін. Соған қарамастан өзімді барынша сабырға шақыратынмын. Одан кейінгі жылдары бойым біртіндеп үйрене бастады. Мәлімет аз болғаны сонша, іздеп жүріп оқитынбыз. Бірде мынадай қызық оқиға болған. Өзім фельдшермін. Ауырып шақырғандардың үйіне барамын. Ауылдық жер болғасын бәріміз бір-бірімізді танимыз. Аузым берік екенін айтуға қысыламын. Ал барған үй «нан ауыз ти» дейді. Ем-домды жасап, қолымды жуып, кетейін деп жатқанда нан әкелді. Ойымда ештеңе жоқ, үзіп жеп алдым. Сөйтіп, енді үйге келгеннен кейін «бүгінгі оразам қаза болатын болды» деп қатты уайымдадым. Ондай жағдайда не болатыны жайлы іздеп, қарасам, байқамай желінген тамақ оразаны бұзбайды екен. Содан көңілім орнына түсті. Осыдан бес-алты жыл бұрын ауылымызға жүкті келіншек қыдырып келді. Ауылдың адамы болғанымен, облыста есепте тұр екен. Аяқасты толғағы келіп, аудан орталығына алып кеттік. Ол жақ қабылдамай, дереу облысқа кеттік. Мен жанында қадағалап отыруды мойныма алғанмын. Күн болса ыстық. Көліктің іші одан бетер. Басында облыс орталығына кетуіміз мүмкін деп ойламағам. Содан не керек, ауыз ашатын уақыт таяп қалды. Ал біздің жететін түріміз жоқ. «Ауыз ашуға асығыңдар» деген бар. Сөйтіп, жанармай бекетіне тоқтап, сол жерде ауыз ашқанмын. Рамазан адамды сабырға тәрбиелейді екен. Күнделікті күйбең тіршілік адамды қажытып, ашушаң ететіні бар. Ал оразаның арқасында сабырлы бола түсесің. Соны ұқтым. Ал денсаулыққа пайдасы екібастан белгілі». Қазір ауылда ораза ұстайтындардың қатары көбейді. Жастар да көп. Өз басым Рамазанды сағына күтемін. Дәрігер болғандықтан, денсаулықтың маңызын жақсы түсінемін. Сол үшін отбасым, елім үшін үнемі амандық тілеп, дұға етемін. Тек Рамазан айында емес, амандық сұрау әдетіме айналды. Науқастарға да жылы сөз айтып, көңілін аулаймыз. Қарап отырсақ, осының бәрі исламда бар», – дейді Наташа Қарабатырова.Ергеннің есінде ерекше қалған қасиетті ай
Балиғат жасқа толған кезден ауыз бекіту – бақыт. Оң-солын білмейтін балаға діннің көркем тұстарын, мерекеге толы сәттерін көрсету арқылы исламға шақыру әдісі ең ұтымды әдістің бірі саналады. Өйткені дінде зорлық болмайды. Жасөспірім кезден ораза ұстағандардың бірі – Ерген Әшкей. «Алғашқы ораза ұстағаным есімде. 1993 жылы 14-15 жастағы жасөспіріммін. Көктем кезіне сәйкес келген. Балалығымыз бар, көп нәрсені білмейміз. Ұстаған алғашқы күні «кешке ауызашарда тамақтанамыз» деген еді. Біз күнделікті кешкі ас секілді болады деп ойладық. Сөйтсек, мүлдем басқа – түрлі тәтті тағамға толы дастарқан. Сонда «Рамазан не деген керемет?!» деп ойлағанбыз. Күтетініміз – ауызашар. Күн болса, ұзай береді. Сол бірнеше минуттың өзін жүктеме көретінбіз. Қарап отырсам, бала болыппыз. Ол кез тәуелсіздік алған жылдар ғой. Қаламыздың аты да Целиноградтан енді ғана Ақмолаға ауысып жатты. Алғашқы Ораза айт намазы қазіргі Жастар сарайында болғаны көз алдымда. Түркиядан үлкен ұстаз келіп, Айт намазын оқыған. Мешітіміздің қасында медресе бар. Таңертең – мектепте, түстен кейін медреседе оқимыз. Сол медресе шәкірттерін басымызға сәлде тағып, төрге отырғызған еді. Сол жерде айттың салауатын айтқызғаны есімде. Адам қарасы көп болды. Қателеспесем, қаладағы ең алғашқы Ораза айт сол кезде болған сияқты. Біздің салауат айтқанымызды көрген үлкендер риза болып, маңдайымыздан иіскеп, қалтамызға ақша салды. Сол кездегі «Ақмола ақиқаты» газетіне сәлдемен отырған суретіміз басылып шыққан. Біз сияқты балаға Рамазанның берекесі солай есте қалған. Содан бері үзбей ауыз бекітіп келе жатырмыз. Қазір Рамазанды бала-шағамызбен түгел күтеміз», – дейді кейіпкеріміз. Әркімнің есінде ерекше сақталатын Рамазан болады. Ол белгілі бір оқиғалармен байланысып, жадымызда сақталып қалады. Ерген Әшкей өзінің айрықша Рамазаны туралы былай дейді: «Ойланып отырсам, студент кездегі ораза айларым ерекше екен. Бес жыл университетте оқығанда жігіттер болып, пәтер жалдап тұрдық. Былайша айтқанда, жамағат болып ораза ұстаймыз. Әрі жоспар құрып, құлшылыққа ден қоюды мақсат ететінбіз. Ауызашарды кезекпен жасаймыз. Керемет кездер болатын. Одан соң, өткен жылғы ораза да ерекше есте қалды. Отбасыммен былтыр пандемияға байланысты тарауих намазын үйде оқығанбыз. Бала-шағама оразаның қадір-қасиетін түсіндіруге мол мүмкіндік болды деп есептеймін».Әли аспаз үшін ораза еш қиын емес
«Ақырзаман жақындағанда дін ұстану қолға шоқ ұстап тұрғанмен бірдей болады» деген бар. Сондықтан күннің ыстық-суығына қарамастан, шариғат шарттарын ұстанып, Алла разылығы үшін ауыз бекітетін болса, Алланың тарапынан үлкен сауапқа кенеледі. Қанша шөлдеп тұрса да, ауыз бекіткенге – 10 есе, Рамазанда 700 есе сауап беріледі. Алла Тағала «Пенденің намаз, садақасы – өзі үшін, ал оразасы – мен үшін» дейді. Сол себепті Әлемдердің раббысы оның сыйын өзі беретінін айтады. О дүниеге барғанда Алла Тағала әркімнің ақысын бір-бірінен алады. Яғни, біреуде ақысы кетсе, орнына сауабын алады. Бірақ оразасының сауабы ешкімге берілмейді екен. Пенденің өзінде қалады. Сондықтан мұндай сауапты құр жібермеген абзал болады», – дейді Алматы орталық мешітінің наиб-имамы. Жұмысының ас әзірлеуді, яғни сыртта жүруді талап ететініне қарамастан, Алла разылығы үшін ауыз бекітетін жандарға құрмет ерекше. Нағыз нәпсімен күрестің бір көрінісі. Сондай жандардың бірі – аспаз Әли Сыздықбек. «Оразаны 12-13 жасымнан бастап ұстап келемін. Рамазанда ғана емес, өзге күндері де нәпіл ораза ұстауға тырысамын. Аспаз болып жұмыс істеймін. Әрине, тамақтың тұз-бұрышын тексеру үшін тілдің ұшына ғана тигізіп, жұтпастан түкіріп тастаймын. Тіпті, талай жылдық тәжірибенің арқасында көз мөлшерге де үйреніп кеттім. Бірақ көп ас әзірленетіндіктен, қайта-қайта дәм тата берсеңіз, тәбет ашылып кетеді. Сөйтіп, нәпсімен күрес басталады. Оған берілмеу үшін иманды күшейту маңызды. Кейбірі аспаз болғанын сылтауратып, оразадан қалып жатады. Меніңше, бұл уайымдайтын дүние емес. Қайта парыз етілген құлшылықты ысырып қойса, ойлану керек. Өйткені мұсылман үшін парыз мәселесінде жұмыс кедергі болмайды», – дейді Әли.Ораза туралы деректер
- Бұл айды бекерден-бекер қасиетті деп атамайды. Әлбетте, Рамазанның барлық қасиетін тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен ең басты артықшылығы – Рамазан айында 83 жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар. Сондай-ақ Алла Тағала Рамазан айын Құранның түсірілуіне лайық ай ретінде таңдап, осы айды Құран арқылы ерекшеледі. Сол себепті бұл айды «Құран айы» деп атау кеңінен тараған.
- Айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазанның адамзатқа рухани, әлеуметтік және медициналық жағынан пайдасы зор. Бұл айда күндіз ораза тұтқаннан кейін, кешкісін құптан намазынан соң, 20 рәкағат тарауих намазы оқылады. Тарауих сөзі «дем алу, демалыс» дегенді білдіреді.
- Соңғы деректер бойынша, әлемде 1,9 млрд адам ислам дінін ұстанады. Олар тұрғылықты жеріне байланысты Рамазан айында оразаны әртүрлі уақытта ұстайды. Мысалы, Аустралия мұсылмандары 9 сағаттай ауыз бекітетін болса, Швеция, Исландияда ораза ұзақтығы 20 сағаттай. Қай елдің тұрғыны болсаңыз да, Рамазан кезінде жергілікті уақыт бойынша ораза ұстайсыз.
- Мұсылман күнтізбесі «һижри» деп аталады. Күнмен емес, аймен есептелетіндіктен, біздің қазіргі жыл санағымыздан біршама ерекшеленеді. Рамазан айының да уақыты жыл сайын өзгеріп отыратын себебі – осы. Жаңа туған ай көрсеңіз, ай басталды деген сөз. Қасиетті айдың басталуы жыл сайын 10-11 күнге алға жылжып отырады.
- 2016 жылғы ораза соңғы кездегі ең ұзақ ораза ретінде белгілі. Өйткені сол жылғы Рамазанда жылдың ең ұзақ күні 22 маусым болды. Ал 2017 жылдан бастап алдағы 16-17 жыл бойы ораза уақыты біртіндеп қысқара береді.
- Америкалық ғалымдар «Рамазан эффектісінің» экономикаға әсерін зерттемек болған. Шариғаттың қатаң талабын сақтау еңбек өнімділігіне кері әсер беріп, ЖІӨ көлемін 0,7 пайызға төмендететіні белгілі болыпты. Дегенмен оразадан соң мұсылмандар жан дүниесінің байып, кемелденіп қалады екен. Нәтижесінде, сауалнамаға қатысқандар иманын күшейтуді мақсат етіп ораза ұстағандықтан, өздерін бақытты сезінетіндерін айтқан.
- Мұсылман елдеріне Рамазан айында қыдырып баратын болсаңыз, біраз шектеу барын ұмытпаңыз. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде мейрамханалардың жұмыс уақыты өзгеріп, ішімдік сататын кейбір жерлер мүлдем жабылады. Бір ай бойы көңіл көтеретін бағдарламалар да шектеліп, дүкен, банк не басқа да қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелердің жұмыс тәртібі өзгеруі мүмкін.
- Бұл айда «пітір садақа» беру керек. Ол һижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы міндеттелді. Зекеттен бұрын, пітір садақа уәжіп болды. Сол себепті әрбір есті азамат пітір садақасын беруі қажет. Пітір садақаның мөлшері екі келі ұнның бағасымен өлшенеді. Биылғы мөлшер – 420 теңге. Айтпақшы, садақаны Kaspi.kz мобайл қосымшасы арқылы төлеуге болады.
- Биыл Қадір түні мамыр айының 8-нен 9-на қараған түнге бекітілген. Дегенмен оның нақты қай түн екенін тек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білген. Алайда әр істі белгілі бір хикметпен жарататын Алла Тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) оны ұмыттырған. Ал бізге жеткен хадистерде Рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ санды күндерде, тіпті айдың 27-де делінген.
- Ораза алғашқы күндері ғана қиын көрінеді. Өйткені ағзаңыз ауыз бекіткен режимге әлі үйреніспеген. Сондықтан басында әлсіздік болуы мүмкін. Ал алғашқы апта өткен соң денеңіз үйрене бастайды. Арада екі аптадай уақыт өткеннен кейін ауыз бекіту тіпті жеңілдейді. Кембридждегі Адденбрукс ауруханасының дәрігері Разин Маруфтың айтуынша, күнделікті өмірде біз тым көп калория аламыз. Ол ағзаның қалыпқа келу сынды функцияларын атқаруға кедергі келтіруі мүмкін. Осы дисбаланс ораза кезінде реттеледі екен. Ал 16 күнінен кейін ағзамыз толық бейімделеді.
- Айтқандай, оразаның адам денсаулығына пайдасы ғылыми тұрғыдан да дәлелденген. Дегенмен Рамазан айындағы ораза – диета, яғни денсаулықты қалыпқа келтіру үшін емес, құлшылық үшін. Осыны басты назарда ұстауыңыз керек.
- Ораза басқа діндерде де бар. Мысалы, православтар, католиктер мен яһудейлер де ауыз бекітеді.
- Рамазанда жайылған ең ұзын дастарқан рекорды Египетке тиесілі. 7 мың адамның басын біріктірген ауызашар Гиннес рекордтар кітабына енген болатын. Үстелдің ұзындығы – 3 км, 189 м және 83 см. Бұған дейінгі рекорд Аджман әмірлігі ұйымдастырған 2 900 метрлік дастарқанның еншісінде болған.
- Бурдж-Халифа – әлемдегі ең биік ғимарат. Оның биіктігі – 828 метр. Бұл үйдің ең жоғары қабатында тұратындар күнді басқа тұрғындарға қарағанда бірнеше минутқа ерте көреді. Сондықтан БАӘ-дегі ислам істеріне қатысты департамент бұл жағдайды былай шешті: 150-қабаттан биік тұратын тұрғындар оразаны белгіленген уақыттан үш минутқа кеш аяқтауы тиіс. Ал 80 мен 149-қабатта тұратындар екі минутқа кеш аяқтайды. Одан төмендер оразаны кесте бойынша ұстайды.
Жадыра АҚҚАЙЫР