Мұндай тақырыптың көтерілуіне індеттің таралуы мен мектептегі санитарлық норма талабы себеп болды. Оның үстіне, белсенді мұғалімдер әлеуметтік желіде вирус жұқтырған әріптестерінің қайтыс болғанын жазды. Күн санап өңірлер бірінен кейін бірі «қызыл аймаққа» өтіп жатыр. Денсаулық сақтау министрінің жағдай қиын деп дабыл қаққаны бар. Онда неге білім ошақтары аралас форматқа көшті?
Үзіліс және әлеуметтік қашықтық
Иә, «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық ұйымының төрағасы Мейіржан Темірбек Алматыда үш әріптесінің індет салдарынан қайтыс болғанын мәлімдеді. «Отбасылары онсыз да қара жамылып отырғанда атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Бірақ бұл хабар рас. Жалған ақпарат таратудан аулақпын», – деді белсенді ұстаз. Айман Сағидулла да аталған жаңалықты алғашқы болып хабарлағандардың бірі. Өзі де індетпен күресіп жатыр. Сондықтан ол әлеуметтік желідегі жазбасында ауру өршіп тұрған шақта мұғалімдер мен оқушылардың өмірін тәуекелге тікпей, толықтай қашықтан оқыту форматына көшуге шақырған. Жағдайдың мән-жайын білмекке Алматыдағы Білім басқармасына қоңырау шалдық. Басқармадағы баспасөз хатшысы мұндай жаңалықтан бейхабар. Ал әлеуметтік желі мен ақпарат кеңістігінің аталған жаңалықты талдап, IV тоқсан жайын қозғағанына төрт күннен асты. Жауаптылардың тиісті ақпаратты бізден білгеніне «ыңғайсыздандық», әрине. Қош, мақсатымыз қайтыс болған мұғалімдердің аты-жөнін білу емес. Осындай жағдайдың алдын алуға қандай нұсқау беріліп, нендей қадам жасалатынын білу. «Бастысы, оқушы мен мұғалімнің денсаулығы. Бір жылдан бері мұғалімдер, оқушылар мен студенттер жаманды-жақсылы қашықтан оқуға төселіп қалды. Енді қалған 2 айда артық тәуекелге бару ақымақтық. Себебі жаңа жылдан ашылған кезекші сыныптарда карантин талаптарын толық сақтау мүмкін емес екеніне сол сыныптарда жұмыс істеген мұғалімдердің көздері толық жетті. Тіпті, 11-сынып оқушысы болса да, баланың аты – бала. Бірде маскасы иегіне түсіп кетсе, бірде мұрыны ашылып кетеді. Ал үзіліс кезінде әлеуметтік қашықтық сақтау мүмкін емес. Сондықтан оқу жылын қашықтан оқып аяқтауды өз басым қолдаймын. Ал IV тоқсанның басынан аралас форматта білім беруді бізге кейбір ата-аналардың өтініші деп түсіндірді», – дейді Өмір Шыныбекұлы. Расымен, бір мұғалім 15-25 оқушының қайсыбірі үзіліс кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтап, маска тағып-тақпағанын қадағалай алмайды. Бастауыш сынып оқушысы болсын, жоғары сынып оқушысы болсын, індет дейтін түсінік санасына сіңбегені бары анық. Оған жоғары сынып оқушыларының «өзім білемге» салатынын қосыңыз. Бірақ тексеру келсе таяқ жейтін мұғалім екені айтпаса да белгілі. Сол себепті мұғалімдердің дені IV тоқсан турасындағы шешімді қайта қарауды сұрайды.Жасыл, сары, қызыл түс...
Қазір өмір сүру салтымыз аталған түстерге тәуелді екені даусыз. Білім беру мекемелерінде де тәртіп солай. Бірақ «жасыл мен сары аймақта» мектепке барып жүрген бала вирус жұқтырмайтынына кім кепіл? Ал елімізде үш ауысымды білім беретін мектептердің бары есте болар. Мәселен, Түркістан облысы Кентау қаласы Ынтымақ ауылындағы Молда Мұса атындағы жалпы орта мектеп оқушыларды үш ауысымда оқытады. Света Ысқақованың айтуынша, бір сыныпта шамамен 22-28 бала оқиды. «Бұрынғы тыныш замандағыдай оқып жатырмыз» деген мұғалімнің сөзіне сүйенсек, бала санын 25-тен асырмай, аралас форматта білім беру керек дейтін тармақ қағазда жазылған күйі қалған сыңайлы. Әрине, министрлік шешімді жергілікті органдар қабылдар дер. Алайда бүгінде Түркістанның сұлулығын, жаңарған келбетін көру үшін туристер ағылып жатқаны тағы бар. Сондықтан мұғалімдер мен оқушылардың денсаулығын тәуекелге тіккен қаншалықты орынды? «Қазақстанның түкпір-түкпірінен көп мұғаліммен араласамын. Бұған дейін де осы жайлы мәселе көтерілген, айттық. Кезекші сыныптар туралы және тағы басқа шешімді қабылдайтын жергілікті органдар деп министрлік жауапкершілікті төмен қарай ысырған сыңайлы. Бізге қазір денсаулық қымбат. Сондықтан балаларымыздың, әріптестеріміздің денсаулығы маңызды. Күніге жан-жақтан хабарласқан әріптестеріміздің айтуы бойынша ақша «үнемдеу» мақсатында топ-топ етіп оқытып жатқандар да бар, ал бөліп оқытқан, екі жұмыс істесе де ақысын ала алмай жүргендер тағы бар», – дейді Мейіржан Темірбек. Ұстаздың айтуынша, «Мұғалім мәртебесі» ұйымына көптеген хат келеді. Сондай хаттың бірін Шемонаиха қаласы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сайрангүл Мадиярқызы жолдаған. Оның айтуынша, сыныбында 20 оқушы бар. Жыл басында ата-аналар 12 оқушы кезекші сыныпта оқуын, 8 оқушы қашықтан оқуын сұрап өтініш білдірген. Ал жағдай жақсарған соң қалған 8 оқушының да оффлайн оқуға аңсары ауған. Бірақ мектеп басшылығы аталған оқушылардың мектепте оқуына мүмкіндік бермей отырғанға ұқсайды. Мұғалімнің сөзінше, бірден-бір себеп – ақша үнемдеу. 20 бала бір сыныпта оқи қалса, оларды екі топқа бөлу керек болады. Сәйкесінше, мұғалімге қосымша ақы төленуі қажет. Сондай-ақ ол жыл басынан бері 12 оқушыға оффлайн, 8 оқушыға онлайн форматта білім бергені үшін де қосымша ақы алмаған. Ата-аналар балаларымыз түгелдей мектепке барсын деп арыз жазып барса, жауаптылар мұнда да қитұрқылыққа барған. Шарасыз мұғалім министрліктен қолдау күтіп жүр. Заңдылық бойынша бір жақтың сойылын соғатын ойымыз жоқ. Көздегеніміз – мұғалімдердің ойы мен арызының билікке жеткені. Өйткені көпшілігі өңірге бағдаршамның қай түсі жанатынын күтіп, амалсыз дегенге көнбей, алаңсыз білім беруді қалайды.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ