Пандемия кезінде қиын жағдайға душар болғанның бірі – еңбек мигранттары. Олардың құқығы жайлы бұрын-соңды көп қозғала бермейтін. Өйткені жұмысын заңсыз, «көлеңкелі» жүргізетін мигранттар көлеңкеде, елеусіз қалып қоятын. Бірақ карантин жарияланып, шекаралар жабылып, ашылған күннің өзінде медициналық тексеріс талап етіле бастағанда еңбек мигранттарының мәселесі де жағаға шыға бастады. Бұл топтың құқығы қорғалуға тиіс екені де айтылып жүр.
Мигранттарға көмек көрсетіліп жатыр ма?
Расында, қанша жерден пандемия салдары көп болды десек те, біраз тұста оның пайдасы да тиді. Атап айтқанда, еңбек мигранттарына назар аударыла бастады. Біріншіден, олардың мәселелері көтеріліп, жағдайы сұралатын болды. Екіншіден, жұмыс күші ретінде олардың қаншалықты маңызды болғаны да іс жүзінде көрінді. Әсіресе, мигранттар мәселесін түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның Қазақстандағы өкілдері жақсы көтерді. Қатаң карантин басталғаннан бастап олар азаматтардың еліне қайтуына, қажет көмекті, соның ішінде медициналық жәрдем алуына көмектесті. Мысалы, үкіметтік емес ұйымдар азық-түлік себеттері, дәрі-дәрмек не ақпарат түрінде қол көмегін аямады. Мигранттар тұрмақ ел азаматтарының өзі мүшкіл жағдайға түсіп, ауруханада орын болмай, көпшілік жұмыссыз қалып, 42 500 теңгеге «талас» туғаны есімізде. Негізі, ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ аясында жасалған түрлі мемлекетаралық келісімдер бар. Соларға сәйкес, мигранттарға қол ұшын беру қарастырылған. Дегенмен ондай жағдай жасалғаны туралы көпшілігі біле бермейді.Жұмыс күші жеткіліксіз
Ендігі мәселе – пандемияда Қазақстанға жұмыс күші жетпей қалғаны. Қазақстан-Неміс университетінің профессоры Ирина Черных еңбек миграциясын Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде реттеу керек деген пікірде. «Пандемияға байланысты бізде жұмыс күші жеткіліксіз болып қалды. Әсіресе, құрылыс саласында. Түркістан облысында жүргізіліп жатқан құрылысқа жұмысшы жетпей жатқаны туралы ақпарат көп айтылып жатыр. Оңтүстік аймақта адам саны көп болғанымен, жергілікті кадрлардың кәсіби білігі жеткіліксіз секілді. Бәлкім, жоғары жалақы талап етіп, болмаса сапасыз жұмыс істейтін болса керек. Мұндай мәселе туып жатқандықтан, концептуалдық құжаттар әзірлеу қажет екенін көрсетіп отыр дей аламыз» деген еді сарапшы. Мигранттардың медициналық көмекке зәру екені де белгілі. Осыдан бірнеше жыл бұрын бүкіл Орталық Азия бойынша HOPE («Үміт») деген бағдарлама жүзеге асырылды. Оның мақсаты – туберкулез жұқтырған еңбек мигранттарын анықтау. Осылайша, мигранттарға тегін тексеріліп, емделіп, тіпті емін жалғастыру үшін еліне қайтаруға көмектесу қолға алынған. Механизмі толықтай жасалған бағдарламаны CОVID-19 жұқтырған мигранттарға қолданса да болатын сыңайлы. Өйткені көбіне оларды тәуекел тобына жатқызады. Неге десеңіз, әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан тиісті ем-дом жасай алмауы мүмкін. Әсіресе, маусымдық жұмыстарға бір ғана Өзбекстаннан миллионға жуық адам келеді екен.Заңды жұмыс істегенге – жол ашық
Өзбекстанның Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев еңбек миграциясының статистикасын атап көрсеткен еді. Айтуынша, 2019 жылы – 49 мың, 2020 жылы 23 мыңға жуық адам тұрақты түрде жұмыс істеуге келген. Ал маусымдық жұмысқа шамамен 800 мыңдай адам келеді екен. «Көбіне жұмыс берушілер бес не одан да көп адамнан тұратын отбасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беретін заңды қолданады екен. Ал шын мәнінде, басқа нысандарға жұмыс істейтін болып шығады. Сөйтіп, тиісті құрылымдар тарапынан тексеру болған кезде Өзбекстан азаматтары Қазақстан заңнамасын бұзып жүргені анықталады. Негізі, қай жерде және қандай жұмыста тіркелсе, сол жерде істеуге тиіс» деген еді Саидикрам Пархатұлы. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарға келсек. Биыл Қазақстанға 255 мың шетелдік келеді деген жоспар бар. Әлгі квоталар облыстарға бөлініп, таратылады. Соның ішінде 40 мыңы Алматы облысына беріледі. Ал Алматы қаласы мен Атырау облысына – 35 мыңнан, Маңғыстау облысына – 30 мың, Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан облысына – 25 мыңнан, Шымкент қаласына 20 мың адам тартылады деседі. Квоталар саны жөнінен ең аз бөлінген аймақтарға келсек, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарына 2 мың шетелдік жұмыскер қабылданады.Қазақстаннан кеткендер
Көбіне қазақстандықтар Ресей мен Оңтүстік Кореяға кетеді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда шамамен 30 мыңдай отандасымыз жүр. Ал 10 мыңнан астамы заңсыз кеткен. 90-жылдары Жұмыспен қамту орталықтары арқылы кез келген қазақстандық ол жаққа емін-еркін жұмысқа аттана алатын. Бірақ кейін келе ондай мүмкіндік Қазақстан азаматтығы бар этникалық кәрістерге ғана берілетін болып өзгерді. Өйткені заңсыз жұмыс істеп қалып қоятын қазақстандықтар саны күрт көбейді. Мәселен, былтырғы тамыздағы статистикаға сүйенсек, Оңтүстік Кореядан Қазақстанға жасалған ақша аударымы 3,9 млрд теңге болыпты. Ал Ресейден аударылған сома – 6,5 млрд теңге. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев осы мәселені көтеріп, Сыртқы істер министрлігіне Оңтүстік Кореямен келісіп, еңбек визасын алу жолын жеңілдету жолын қарастыруды ұсынған еді. «Еңбек миграциясына тартымды елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Ол жақта туристік виза алып, кейіннен заңсыз жұмысты жалғастыруға мүмкіндік бар. Қазақстандық жастардың заңсыз еңбек етуін бір жолға қою мәселесі жиі айтылады. 2014 жылы қазақстандықтарға виза беруді алып тастағалы бері заңсыз еңбек мигранттарының саны 359 адамнан 2019 жылғы көрсеткіш бойынша 12 мыңға көбейді. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі, еңбекке қабілетті ер адамдар көп», – деп Сыртқы істер министріне депутаттық сауал жолдады. Е.Бейсенбаевтың айтуынша, отандастарымыз ол жақта түрлі ауру-сырқаудан қайтыс болып жатыр. Өйткені тегін медициналық көмек қарастырылмаған. «Бұл тенденция әлі де сақталып, жалғаса береді. Азаматтарымыз, соның ішінде жастар еш қиындыққа қарамастан басқа елдерге ақша табу үшін кете береді. Сондықтан осы жағдайда бақылауға алып, еңбек визасын алуды жеңілдету жолын қарастыру керек. Сонда азаматтарымыздың амандығы мен заңды еңбек етуіне кепілдік болар еді» деп сөзін түйіндеді депутат. Расында, виза алу мәселесі қанша қиын болса да, қисынын тауып шекара асатындар көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Сол себепті осы мәселені шешуге бағытталған жаңа механизмдер ойлап табу керек болып тұр.Айша ЕРСҰЛТАН