Көзі қарақты көрермендердің, спорт жанкүйерлерінің отандық комментаторлардың жұмысына көңілі толмайтынын жиі байқап жүрміз. Бірі ойын кезінде екі команданың біріне жақтасып отыратынына, енді бірі спортшыларды жете танымайтынына, алаңдағы орнын, атқаратын қызметін білмейтініне, ойынды дұрыс сараптай алмайтынына қапалы. Тікелей эфир барысында мұндай олқылықтарды біз де көп көреміз.
Осы орайда «бүгінгінің комментаторлары қандай болуы керек, бұрынғылар қандай болған?» деген сұрақ туындайды. Жастардың сүйікті комментаторына айналған Ермұхамед Мәулен бүгінгінің комментаторлары көбірек ізденуі, өзін-өзі дамытуы, көрермендердің, әлеуметтік желідегі оқырмандардың пікірімен санасып отыруы керек екенін айтады. Ол сонымен қатар осы салада жүрген мамандардың уақыт өте өзгерген тілдік стиліне, бүгінгі спорттағы бірқатар өзгешелікке, жүргізушілердің эфирдегі тапқырлығына, спорттық деректерді қолдануына, олардың табысына да жеке-жеке тоқталды. – Ең бірінші айырмашылық ол – тілдік қолданысымыздың жаңаруы. Ақпараттық ағынның көптігіне байланысты еуропалық футбол терминологиясы келді. Біз қазір эфирде ағылшын сөздерін тікелей қолданамыз. Вингерді вингер, хавбекті хавбек, камбэкті камбэк деп, басқа да осындай терминдерді тура солай қолданамыз. Ал бұрынғы комментаторлар орысша айтқан, орысшадан аударып айтқан. Сәтті аудармалары да болды. Оларды біз әлі күнге дейін қолданып жүрміз, – дейді Е.Мәулен. Осы салада жүрген білікті маман әріптестерінің жүйелі сөйлеуге көңіл бөлетінін, әр ойынды есте сақтап, сараптап отыруға машықтанғанын, орайы келгенде қызықты деректерді де айтатынын, басқа әріптестерін де тыңдап, олардың мықты тұстарын алып, кемшіліктерін қайталамауға тырысып жүргенін айтады. – Әр комментатордың ойынды жүргізуі әртүрлі. Біз алдыңғы буын ағаларды үлгі тұтамыз. Кезінде Сұлтанғали Қаратаев, Рабат Жәнібеков ағаларымыздың өзіне тән стилі болған. Амангелді Сейітхановтың да эфирдегі тапқырлығы, ұйқасты орынды пайдалануының өзі неге тұрады? Одан кейін де бір топ мықты комментатор шықты. Жандос Айтбайұлы алаңдағы ойынды жақсы көре біледі, дер кезінде бәрін тәптіштеп жеткізеді. Жандос Байділдә эфирде болып жатқан көрініспен керемет жұмыс істей біледі. Уалихан Қосанбай статистика, сандармен жақсы жұмыс істейді. Ойын барысында соларды ұтымды пайдаланады. Одан бөлек, басқа да көптеген комментаторды мысалға келтіруге болады. Ал менің стилім осылардың барлығын топтастырған микс десе де болады, – дейді ол. Қалай дегенмен де, Қазақстанда ең жиі сыналатын мамандардың көшін де комментаторлар бастап тұр. Көпшілігі қазақстандық комментаторларды ағылшындық, ресейлік мамандармен салыстырады. Алайда көршілес мемлекетте комментаторлық мектептің ерте қалыптасқанын естен шығармағанымыз жөн. Ресейде 1990-жылдардан бастап спорттық трансляциялар көрсетіліп келеді. Ал бізде 2000 жылдың басынан бастап спорттық шараларды тұрақты түрде әртүрлі арна көрсете бастады. Ресейде 1995 жылдың өзінде өз спорттық арнасы болды. Ал Қазақстанда «Қазспорт» арнасы 2013 жылы ғана ашылды. Ортада 20 жылдай уақыт бар. Мұның өзі көп нәрседен хабар берері анық. – Мен Қазақстан телеарналарынан көрсететін футбол матчтарын қарамаймын. Негізі, комментатор футбол көруге кедергі келтіретін жалғыз адам ғой. Бірақ орыстың комментаторларына қарасаң бас шайқайсың. Кейде футбол емес, солардың сөйлегені қызық. Бірақ кінә қазақ комментаторларында емес. Кемшілік – оны оқытатын оқу орындарының жоқтығы. Қазақтың маңдайына доп тебу жазылмаған деп айтады ғой. Сол сияқты қазақтың маңдайына спорт комменаторы болу жазылмаған. Бізде бір комментатор бәрін жүргізе береді. Сағат кешкі 19.00-де хоккей жүргізіп отырып, сағат 22.00-де футболға комментатор болады. Бір комментатор екі немесе одан да көп спортты жүргізе береді, – дейді спорт жанкүйері Елдос Сайлау. Енді комментаторлардың жалақысына аз-кем тоқтала кетейік. Орта есеппен Ресейде комментаторлар 1 000-1 500 доллар алады. Ал ең қызығы, НВО арнасының комментаторлары әлемде ең көп табыс табатын мамандардың қатарына кіреді екен. Джим Лэмпли есімді комментатор жылына миллион доллардан аса табыс табады. Ал бізде ше? Бізде спорт жүргізушілері әр ойынға шамамен 12-14 мың теңгедей алады. Осыдан-ақ көп жағдайды бағамдай беруге болады. – Ой еңбегімен айналысатын, көптеген ақпаратты біліп жүретін, үнемі бабында жүретін комментаторлардың жұмысы ауыр. Сондағы алатыны болмашы ғана тиын-тебен. Ол дұрыс емес. 90 минут бойы тікелей эфирде бүкіл республикаға сөз сөйлеп көріңіз. Сонда ғана жүргізушілерге артылатын жүктің қаншалықты ауыр екенін түсінесіз. Еңбек бағаланса, жұмыс сапасы да, бәсекесі де артады. Қазіргі комментаторлар «Оқжетпес» пен «Каспийдің» ойынын жүргізсе де, Әлем чемпионатының финалындағы Франция мен Хорватия арасындағы ойынды жүргізсе де бір сома алады. Бұл шығармашылық шабыттандыру тұрғысынан қарағанда дұрыс емес. Комментаторлардың еңбегін бағалау жағы сәл қиындау бізде, – деген назын жеткізді Ермұхамед. Qazsport арнасындағы бірқатар спорт ойындарын жүргізіп жүрген тағы бір спорт комментаторы Абай Аймағамбет елімізде халықаралық терминдерді аударуда, футболды қазақша сөйлетуде күрмеулі мәселелердің бастан асатынын айтады. – Қазақстанда футбол терминдері қазақшаға толық аударылып біткен жоқ. Кейбір сөздерді қолданысқа ыңғайлап өзіміз аударып аламыз, кейбірін филологтардан сұраймыз, әлі аударылмаған терминдер де бар. Жасыратыны жоқ, футбол матчтарын былай қойғанда, күнделікті қолданыстағы сөздер, іс қағаздары – бәрі орыс тіліне тәуелді. Футболдағы «угловой», «боковой», «штрафной» деген терминдерді «бұрыштама», «допты алаң жиегінен қосу», «айып соққысы» деп қазақшалап, қолданып жүрміз. Бірақ спортсүйер қауымға олардың орысша нұсқасы жақынырақ секілді. Мұндай терминдер көп. Оларды қазақ тіліне сіңдіріп жіберу оңай шаруа емес, – дейді Абай. Расымен, қазіргі спорт көрермендері бұрынғыдан әлдеқайда сауатты. Өйткені қазір интернеттің қарыштап дамыған заманы. Ақпараттың рас не өтірігін ғаламтордан-ақ қарап, анықтап ала алады. Эфирде айтқан жүргізушінің әр ақпаратын, сөйлемін жіті бақылап отырады. Сондықтан комментаторларға ауыздан шыққан сөзін екшеп айтар уақыт келді.Абылайхан ЖҰМАШ