Қайыңды көлінде матраспен жүзген видео авторлары жазалануы мүмкін
Қайыңды көлінде матраспен жүзген видео авторлары жазалануы мүмкін
154
оқылды
Желіде айрықша қорғалатын табиғи аумақ – Қайыңды көлінің ортасында матраста жүзген қыздың бейнеролигі қызу талқылануда. Экология министрлігі видео авторларының жазаланатынын айтты.
«Барлығына қойылатын жалпы талап – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүру тәртібін бұзуға болмайды. Қарапайым ережелерді бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 380-бабына сәйкес ескерту немесе айыппұл қарастырылған. Достар, мұның бәрі өте маңызды. Жауапқа тартудан басқа, жазатайым оқиғалар болуы мүмкін. Неліктен қоршаған ортаға, оның бірегейлігіне зиян келтіру керек?!» - деп жазды Экология, геология және су ресурстары министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Facebook желісінде.
Ибраеваның айтуынша, инспекторлар ролик авторларына қатысты құқықбұзушылық хаттамасын толтырып жатыр. Министрлік өкілі қазақстандықтарға үндеу жасады.
«Туристік маусым басталып жатыр. Біздің Қазақстанда әдемі табиғаты бар көптеген орындар бар, оларға бару өте маңызды. Қазақстанның табиғаты еш жерде қайталанбайды! Соңғы жылдары көптеген адамдардың елімізді жаңа қырынан ашқаны қуантады. Бірақ! Біздің ортақ міндетіміз – жалпы қабылданған нормалар мен ережелерді сақтау. Табиғатты қорғап, өскелең ұрпаққа патриотизм мен жануарларға, өсімдіктерге, орманға, тауларға деген сүйіспеншілікте тәрбиелейік!», – дейді баспасөз хатшысы.