«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен сұхбатында блогер Тәңірберген Бердіоңғаров басты мегаполисіміздегі Фурманов даңғылына Назарбаев есімінің берілуінің мән-жайын сұрастырды.
Өйткені, бұл оқиға билік транзитінен көп бұрын, 2017 жылы жүзеге асырылған-тын. Тиісінше, бұл Қазақстанның Тұңғыш Президентінің аты ұлықталған Қазақстандағы тұңғыш даңғыл саналады.
Кейбір сарапшылар мұндай шешімді сол кездегі қала әкімі Б.Байбек өзі жеке қабылдады деп жаңсақ пікір білдіріп жүр. Бауыржан Байбек мұндай пікірді біліксіз адам ғана айтатынына назар аудартты.
«Бұл шешімді мәслихат қабылдады. Әкім көше атауын өзгерту туралы шешімді жеке өзі қабылдай алмайды. Әкім тек бастама көтеруі мүмкін. Ақырғы шешімді бәрібір жергілікті өкілді орган шығарады. Оны аз десеңіз, алдымен бұл ұсынысты ономастикалық комиссия құптауы шарт. Жалпы, 4 жыл ішінде Алматыдағы көшелердің ескірген атауларын заманға сай жаңарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Қалада 6 аудан болғанын білерсіз. Кейін Наурызбай, Алатау жаңа аудандары қосылды. Бірдей аталатын көшелер көп еді. Аудандарда Абай, Ленин атындағы 7-8 көше болды. Бұл адамдарды адастыратын. Атаусыз көшелер де жететін. Кейбір көшелерге Қазақстан түгіл, Алматыға қосқан үлесінің өзі дау тудыратын тұлғалардың есімі беріліп кеткен», – деді Б.Байбек.
Сол себепті әкімдік 500-ге тарта көшенің атауларын ретке келтіру жұмысын жолға қойды. Жеке комиссия құрылып, әрқайсысының атауын бөлек салмақтаған.
«Фурманов көшесіне келсек, бұл – үлкен, орталық көше. Онда Президенттің резиденциясы орналасқан. Бұл жерде ата-бабамыздың мыңдаған жылдық аңсарлы арманы Алматыда жүзеге асқанын ұмытпаған жөн. Бұл – Тәуелсіздігіміз дүниеге келген бесік, мемлекеттілігіміз қалпына келген мекен. Тәуелсіздіктің алғашқы 7 жылында Алматы астанамыз болды», – деді ол.
Дәл осы қалада, Фурманов көшесіндегі резиденциясында Елбасы ауыр, күрделі, тарихи шешімдер қабылдады.
«Кейбір адамдар оның маңызын да, кең ауқымын да түйсіне алмайды. Алматыда Егемендік туралы декларация, біздің Конституциямыз қабылданды. Елбасы көршілермен достық қарым-қатынасты жолға қойды. Біздің шекараларымызды шегендеді. Мынадай әңгімені естідім: Елбасы Маңғыстауға барып, сонда жағалаудағы бес мемлекеттің басшылары Каспийді бөлісті, судағы шекараны делимитациялау рәсімін аяқтады. Бұл Елбасы президенттік өкілеттігін доғарардан бір жыл бұрын болған еді. Сонда Тұңғыш Президент «енді Мемлекет басшысы лауазымынан кете беруге де болады» депті. Яғни, Елбасы өзінің тарихи миссиясын аяқтады: барлық шекарамызды бекітті, халықаралық кепілдіктерге қол жеткізді, ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдады, Семей полигонын жапты, азаматтардың әл-ауқатын көтерді, бірлік пен келісімге негізделген мемлекеттің бірегей моделін түзді. Әйтпесе, посткеңестік елдердің бәрі дерлік қантөгіс пен сынақтардан өтті. Мұны біз ұмытпауға тиіспіз», – деп Елбасы рөлін бағамдады Б.Байбек.
Оның айтуынша, осындай ірі тарихи тұлға көзінің тірі кезінде халқының құрмет-қошеметіне бөленгені – заңдылық. Оны босқа қызғанудың қажеті жоқ.
Оның үстіне оппозицияның Фурмановтың есімін қорғайтын жөні жоқ екенін еске салды: Фурманов – 1920 жылы сол кезде Верный аталған осы қалада 5 мың адам қатысқан көтерілісті аяусыз басқан саяси қайраткер. Большевиктерге наразылық білдірген адамдар репрессияға ұшырап, атылып, асылды, түрмеде шіріді. Ендеше, қолын қанға малған кеңестік қайраткерді «еліміз үшін көп нәрсе істеді» деп қорғаштау ағаттық.
Басты мегаполисіміздің басты бір даңғылында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есімін ұлықтау – тарихи заңдылық.
https://youtu.be/sW0hsZRV6dU