«Қазіргі кезде «болашақтықтардың» 52%-ы басшы болып жұмыс істейді» – Бауыржан Байбек
«Қазіргі кезде «болашақтықтардың» 52%-ы басшы болып жұмыс істейді» – Бауыржан Байбек
257
оқылды

Кейінгі кезде «Болашақ» қауымдастығына қатысты түрлі сын айтылып жүр. Сыншылар Б.Байбек, А.Көлгінов секілді беделді өкілдерін нысанаға алуда. Шындығы қайсы?

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары сынаушыларды бір мәселеге мән беруге шақырды: «Бұлардың бәрі коррупционерлер, жартысы елге оралмай қалды дегенге дейін барды. Осыған орай мен Білім және ғылым министрлігінен ресми ақпарат сұраттым. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 14 мыңнан астам адам шетелде оқыған екен. Соның ішінен тек 159-ы ғана елге қайтпаған. 159-ы ғана! Неге оралмағанын білмеймін, біреуі сол жақтан жақсы жұмыс тапқан болар, сол жақта тұрмысқа шыққаны да табылар. Бұл өмір ғой, әртүрлі бетбұрыстар болып тұрады. Осы адамдар мемлекетке өздерін оқытуға жұмсаған қаражатты қайтарды. Бұлардың үлесі шамамен 1,5 пайыз. Сол үшін бүкіл бағдарламаны іске алғысыз етуге, жаппай айыптауға бола ма?» – деді Бауыржан Байбек. Оның айтуынша, «Болашақ» – Елбасының ең табысты жобаларының бірі. Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия секілді азиялық табысты елдердің бәрі біздегідей кең ауқымда болмағанымен, жастарын шетелде оқытады.

«Қазіргі кезде «болашақтықтардың» 52%-ы басшы болып жұмыс істейді екен. Бұлардың арасында компания жетекшілері, менеджерлер бар. Олар экономиканы ілгері жылжытуда. «Болашақ» түлектерінің 10%-ы төл компаниясын құрған. «Болашақтық» дәрігерлер 200 мыңнан астам операция жасады. 145 мың баланы оқытты. Мыңдаған ғылыми жұмыстарды қорғады, олары бүкіл әлемде ауызға ілігіп, цитата жасалады. Алматыға каршеринг кәсібін жолға қою үшін италиялық компания келді. Олардан бізді қалай тапқанын сұрасам, өздеріне «Болашақ» түлегі Мұхит деген жігіт жөн көрсеткенін айтады. ІТ-салада да «болашақтықтар» көп. Олар айқай-шусыз жұмыс бітіруде», – деді Б.Байбек.

Кейбір сыншылар «Болашақ» қауымдастығы – Бауыржан Байбектің меншігі екенін меңзеп жүр. Ол мұны жоққа шығарды. «Бұл қоғамдық ұйым. Ол коммерциялық мақсаттарды көздемейді. Мен бұл қауымдастықтың құрылтайшыларының бірімін. «Болашақ» қауымдастығы – 20 жыл бұрын ең төменнен бастаған үкіметтік емес ұйым. Ол өте көп пайдалы іс жасады. 10 жыл бұрын «Болашақ» корпоративті қорын құрдық. Біз аутизмнің жүйелі проблемаларымен айналысамыз. 2000 аутист балаға көмектестік. Мамандар 1200 ата-ананы аутизммен күреске үйретті. Заңнамаға тиісті ұғымдарды енгіздік. 420 жұмыс орны ашылды. Еліміз бойынша 17 өңірде 57 инклюзия кабинеті құрылды. Біз демеушілер қаржысына 36 әлемдік танымал фильмді қазақ тіліне аудардық. Голливудтық фильмдерді мемлекеттік тілімізге тәржімалаумен шұғылданатын жалғыз біз ғана», – деді ол. Оның дерегінше, бүгінде «Болашақ» қауымдастығы 2 мыңдай адамды біріктіреді. Олардың көбі қарапайым отбасыдан шыққан жастар. Елбасының, «Болашақтың» еңбегі мен бір жетістігі де осы: әлеуметтік лифт ұсынды. Қауымдастық саяси қызметпен айналыспайды. Оны тек қайырымдылық, әлеуметтік, қоғамдық қызмет қызықтырады. https://youtu.be/sW0hsZRV6dU