Жандарбек Бекшин 90 млн. теңгеге сатып алынған медициналық киімдердің талапқа сай емес екенін айтты
Жандарбек Бекшин 90 млн. теңгеге сатып  алынған медициналық киімдердің талапқа сай емес екенін айтты
249
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің өтініші бойынша қоймада бір жылға жуық сақталған жеке қорғаныс құралдарын тексерді. Тексеру барысында, қоймадағы тауарлар 2020 жылдың маусым айында республикалық бюджеттен бөлінген ақшаға сатып алынғаны анықталды. 90 млн. теңгеге 12 мыңға жуық костюм әкелінген. Бір жиынтық 7500 теңге тұрады. Қазір қоймада 7028 данасы бар. Жандарбек Бекшин костюмдерді тексеріп, олардың талаптарға сай келмейтінін айтты.
"Қоймада медициналық емес, құрылысшыларға арналған жеке қорғаныс киімдері сақталғаны белгілі болды. Олар шаң мен бояудан қорғайды, алайда, су өткізеді, сондықтан эпидемиологтардың қолдануына жарамсыз. Мен материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне тапсырдым. Олардың тапсырысымен сараптама жасалды", – деді Ж.Бекшин.
Бас санитар дәрігер қоймада Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес келмейтін көзілдіріктер, маскалар да бар екенін айтты.
«Мұны қарапайым түрде ешқандай зертханасыз тексеруге болады. Егер су өтсе, онда вирус та өтеді. Мен мұндай киімдермен эпидемиологтарымды ауру ошағына жібере алмаймын. Құжаттарға қарасаңыз да сәйкес келмейді», –  деді Жандарбек Бекшин.
Қаланың бас санитар дәрігері осы факті бойынша сотқа жүгінгенін де жеткізді.