Нақты істер партиясының ізгілігін ел көрді
Нақты істер партиясының ізгілігін ел көрді
155
оқылды

Пандемия және алмағайып заманда көшбасшы партия өз мойнына жауапкершілік алып, елді ізгі істерге жұмылдыра алды.

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек блогер Тәңірберген Бердіоңғаровқа берген сұхбатында мәлімдеді. Парламент Мәжілісі сайлауынан бері 3 ай өтті. Билеуші партия қазіргі кезде сайлауалды науқанда берген уәделерін тиімді орындауға күш салуда. Б.Байбек мұны – басты міндет деп атады. «Яғни, біз – нақты істер партиясымыз. Сайлау өткеннен кейінгі 3 айда партиямызға, Қоғамдық қабылдауларға 48 мыңға жуық адам жүгінді. Бұл бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңдегіден 8%-ға көп. Министрлер, әкімдер, өзге де басшылар шамамен 18 мың жеке қабылдау өткізді. Адамдар жеке проблемаларымен жүгінеді. 30%-ы – нақты мәселелерді шешуге тиесілі, ал, 65%-дан астамында – азаматтың басына түскен күрделі жағдайдан заңды жолмен қалай шығуға болатыны түсіндірілді. Осылайша, халқымыздың құқықтық сауаттылығы арттырылуда. Партияның Қоғамдық қабылдаулары – азаматтар жүгінетін соттан кейінгі екінші орын. Бұл – партиямыздың нақты, шынайы істері», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Оның байламынша, партияның пандемия жағдайында, яғни күрделі саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалда ғаламат жеңіске жетуіне біріншіден, «Nur Otan»-ның өз қатарына лайықты тұлғаларды тарта білуі ықпал етті. Екіншіден, партия нақты, жарқын, баршаға түсінікті бағдарлама әзірлеп, ұсынды. Онда әрбір аудан, қала және облыс үшін нақты міндет-мақсаттар белгіленді. Үшіншіден, партия өкілдері тұрғындармен тікелей, бетпе-бет кездесіп, сұрақтарына жауап берді, бағдарламаны өңірлерде кеңінен талқылады. «Нақты мысал келтірейін. Үгіт-насихат кезінде ауылдық аудандардың біріне бардым. Жұртшылық сауалдарын қоя бастады. сонда аңғарғанымыз, олар көтерген мәселелердің барлығы дерлік біздің бағдарламада көрініс тауыпты. Себебі, біз ол мәселелерге алдын ала қанықтық, білдік. Біздің партияның табысы – екі басты жайттың нәтижесі. Біріншісі – праймериз. Ол жиналған «наразылық буын» шығаруға, қатарымызға жаңа тұлғаларды тартуға мүмкіндік берді. «Партиялар жаңармады» деп жатады. Шын мәнінде, депутаттар қатары 70-80%-ға жаңарды. Бұрын оппозицияда болған көптеген көрнекті, танымал тұлға біздің партияға мүше болды, депутаттық мандатты иеленді», – деді Б.Байбек. Ал табыстың екінші кілті – партияның мобилизациялық ресурсы. «Пандемия жағдайында және аумалы-төкпелі шақта әрине, билеуші партия жауапкершілік арқалайды. Бірақ біз жұмыла алдық. Елбасы, партия Лидерінің бастамасымен, «Biz Birgemiz» акциясы 40 миллиард теңге демеушілік қаражатты жинай алды. Адамдарға өте ашық, қолжетімді түрде атаулы көмек көрсетілді. Бұл халықтың арасында орасан зор резонанс туғызды. Нақты істер партиясы кім екеніне халық көз жеткізді», – деп түйді Бауыржан Байбек. Партия сайлаудағы уәделері бойынша тапсырмалардың 24%-ын биыл, тағы 25%-ын келесі жылы орындауды көздеп отыр. Ендеше 5 жылдың өтуін күтпей, қазірден белсенді жүзеге асыруда. Осының алдында Президент Қ.Тоқаев хабарлағандай, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға 21 трлн теңге жұмылдырылмақ. https://youtu.be/sW0hsZRV6dU