Жедел жәрдем жүргізушісі техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды
Жедел жәрдем жүргізушісі техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды
280
оқылды
Ақтауда жедел жәрдем жүргізушісі 70 мың теңгеден аз еңбекақы алатынын айтады. Ауруханада, балабақшада және мектепте  техникалық қызметкерлердің барлығында осындай проблема бар. Осы орайда, депутаттар техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынған болатын. Бұл туралы  Aikyn.kz Astana TV-ге сілтеме жасай отырып хабарлайды. Ақтаудағы жедел жәрдем жүргізушісінің айтуынша, 10 жыл ішінде оның жалақысын бірде-бір рет көтермеген. Осыған байланысты ол демалыс күндері такси жүргізушісі немесе басқа да түрлі жұмыстар істеуге мәжбүр. Өйткені, жалақысы отбасын асырауға жетпейді.
"Дәрігерлердің, мұғалімдердің еңбекақысын көтеріп жатыр.  Біз де аз жұмыс істемейміз. Орташа есеппен тәулігіне 16 шақыртуға шығамын. Бәрі қымбаттап жатыр. Менде де несие бар және біз оны жақсы өмір сүріп жатқаннан алған жоқпыз ", – дейді Самитулла Сигнербаев.
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы жағдайды түсінетінін айтады. Бірақ ауруханалар техникалық қызметкерлерінің жалақысын өз бетінше көтере алмайды.
"Біз қаулыға сәйкес әрекет етеміз. Тиісті қаулы шыққаннан кейін, кіші медициналық қызметкерлердің, жүргізушілердің жалақысы, әрине, төленеді", – деп сендірді Ләззат Есенғалиева.
Мәжіліс депутаттары бұл мәселеден  хабардар. Олардың айтуынша, техникалық қызметкерлердің шамамен 90 пайызында қарыз, несие бар. Егер олардың жалақысын әлеуметтік саладағы жалақының өсуімен қатар көтермесе, қоғамдағы шиеленіс те арта бермек.
"Скальпель немесе қысқыш әперетін ешкім болмаса, ешқандай дәрігер ота жасай алмайды. Біздің бұл санаттағы азаматтарымыз тіпті ипотекамен де тұрғын үйге қол жеткізе алмайды және ондаған жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде жүреді. Олар жалақыларына балаларын асырай алмайды, күнделікті өзекті мәселелерді шеше алмайды", – деді  Парламент  Мәжілісінің депутаты Мақсат Раманқұлов.