Тоңазытқыштағы сәби өлімі: дәрігерлердің апелляциясы басқа облыстың сотына жіберілуі мүмкін
Тоңазытқыштағы сәби өлімі: дәрігерлердің апелляциясы басқа облыстың сотына жіберілуі мүмкін
175
оқылды

Залда осыдан бұрын сотталғандардың бесеуі де болды. Перинаталды орталықтың дәрігерлері Қуаныш Нысанбаев, Асқар Қайыржан, Руслан Нұрмұханбетов, Дариға Жұмабаева, Жәмила Құлбатырова және адвокаттар Нұрлан Жолболов пен Талғат Мұқатанов қатысты. Бұл туралы «АқЖайық» жазды.

Барлық сотталғандар мен қорғаушы тараптар бірінші сатыдағы сотқа төрағалық еткен Гүлмира Дәулетова кіретін алқа құрамына сенімсіздік танытатыны туралы тағы да мәлімдеді. Қылмыстық істі қарауды еліміздің басқа өңірінің сотына беру туралы өтінішті растады. Үкім заңды күшіне енбестен бұрын облыстық соттың баспасөз қызметі ведомстволық сайтта жариялағанына, сондай-ақ судья Дәулетова оны БАҚ-та түсіндіргеніне байланысты сотқа деген сенімсіздік білдірді.

– Екі жәбірленуші қатысуы керек. Неге мұнда тек Тұрымбетова бар, ал Молдағалиева жоқ? Неліктен судья Дәулетова үкім заңды күшіне енгенге дейін түсініктеме берді? – деді облыстық перинаталды орталықтың бұрынғы директоры Қ.Нысанбаев. – Менің ойымша, бәрі алдын ала жазылған. Біз босқа тұрмыз.

Сот алқасының төрайымы Тәтті Уәлиева апелляциялық шағымды қарауға қатысуды немесе қатыспауды жәбірленушілер таңдайтынын түсіндірді.

«Сот алқасы оларды жауап алу қажет болған кезде ғана қатысуға міндеттейді», – деді ол.

Тараптардың пікірін тыңдаған сот алқасы істі басқа облыстық соттың қарауына қатысты өтінішті Жоғарғы соттың кассациялық алқасына беру туралы қаулы шығарды. Осымен сот отырысы жабық деп жарияланды.

Бұған дейін Атырауда жаңа туған сәбиді тірідей тоңазытқышқа салып өлтіргендер туралы жазған болатынбыз.