Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев оппозициялық белсенді Жанболат Мамайды дебатқа шақырды. Ол бұл туралы журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында мәлімдеді.
Елнұр Бейсенбаев сұхбат барысында белсенді Жанболат Мамаймен жеке таныс екенін және дөңгелек үстелдерде пікірлес болғанан айтты. Депутат белсендінің саяси бағытына баға беріп, оның кредиттік амнистия туралы ұсынысын сынады.
"Жанболат Мамайды әлі саясаткер ретінде көрмеймін. Саясаткер - мәселені шешуші адам немесе мәселені нақты шешу жолын ұсынатын азамат. Ал Мамайдың Демократиялық партиясының бағдарламасын оқыдыңыз ба? Партияның атынан белгіленген ұсыныстар болды ма? Мен естіген ұсынысы -халыққа кредиттік амнистия жасау. "Несиені түгел көшіру керек. Бізде ондай мүмкіндік бар" дейді. Бұл халықты алдау мен арбау ғой. Кім кешіреді? Банктер кешіре ме? Банктің шетелден алған қарызын кім кешіреді? Жанболат кешіре ме? Популистік, саясаттан алыстау, өзінің ісімен айналысып жүрген азаматтарды қасына баурау арқылы белгіленген топты ұйымдастырып жүр.Саясатта оппозиция екіге бөлінеді. Бірінші, мәселені шешуге дағдыланып, жұмыс істейтін оппозициялық партиялар. Мысалы, қазіргі "Ақжол", "Коммунистік партия" (қазіргі "Қазақстан Халық партиясы" - ред.) олар проблемаларды көтеру арқылы, біздің партияның немесе биліктің осал тұстарын айту арқылы сол мәселені шешуге ұмтылады. Ал билікке таласатын оппозиция болады. Бұлар енді өздерін сөйтіп көрсетіп жатыр. Енді бірікпей ме? Оның (Жанболат Мамайдың - ред.)партиясы қолдауға ие болмады. Партия - дегеніміз көпшіліктің пікірімен шешім қабылдайтын саяси институт. Ол жерде ақылдымын, біліктімен, сол үшін маған дауыс беріңдер, мені партия төрағасы қылыңдар дегенде, ешкім қолдамайды", - деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Депутат журналистің "Жанболат Мамай азаматтық қоғамды бір ортаға біріктіріп, билікті төңкеріп жіберетіндей әлеуетке ие емес дегіңіз келе ме?" деген сұрағына былай деді:
"Оның ондай әлеуеті жоқ. Қазіргі істеп жатқан істерінен-ақ баға беремін. Митингтер ұйымдастырып жатыр. "Сенбі күні шығамын" деді. Заңмен танысты ма? "Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді", деп Президент айтты. Ұсыныстар енгізілді, ауылшаруашылық жерлер берілмейтін болды. Не айтпақшы енді?".
Нартай Аралбайұлының айтуынша, 2019 жылы 16 қазанда Жанболат Мамай мынадай цитата айтқан: "Партия жастардікі болады. Қазір көптеген жаспен кездесіп жатырмыз. Қолдаушылар саны көп. Nur Otan-ды тас-талқан етіп жеңетін партия құрамыз". Депутат "Жанболат мырзаға қатысты өткір сөйлеп отырғаныңыз сол партияңыз үшін намыстанғаныңыз емес пе?" деген сұрағына да жауап берді.
"Әрине, енді ол тек партияның басшылығына қатысты мәселе емес, мен партияның мүшесімін. Әрине, ол – жала. Тас-талқан ететін болса, қайда жүр? Черчилльдің жақсы сөзі бар: "Жаңалық пен өзгерістерді жасау керек, ал оларды талқылаушылар әрқашан көптеп табылады". Олар талқылау деңгейіне жете алмай жатқан жігіттер ғой. Тек жала жауып, "біз үйтеміз, біз бүйтеміз", дейді. Кешегі Бауыржан Байбек жайлы шыққан ақпаратына Байбектің сүбелі, жүйелі, әр пункт бойынша тоқталған жауабын бәріміз куә болдық, қоғам да куә болды. Одан кейін де жеке басқа өтіп "Мен сені митингтегі дебатқа шақырамын" дейді. Сасқан үйрек артымен жүзедінің кейпі ғой. Қандай дебат? Адамға жала жаптың ба, енді соттың алдында жауап бер. Айтылған сөз – атылған оқ. Бұл саясаткерлерге де, журналистерге де міндеттеме. Соттың мінберін дебат ретінде пайдаланып, сол жерге дәлелдерін, дәйектерін қаттап, дайындап келсін", - деді депутат.
Нартай Аралбайұлы депутатқа Жанболат Мамаймен дебатқа шығу ұсынысын тастады.
"Дайынмын, шақыра аламын. Жанболат Мамай, екеуіміз бірге дебатқа шығайық. Белгіленген тақырыпта мәселелерді көтерейік. Жалған сөз, жалған ақпарат емес, шынайы, жүйелі ашық форматтағы, жақсы дебат болатынына сенімім мол", - деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.