Қазақстанда параны көп алатын органдар белгілі болды
Қазақстанда параны көп алатын органдар белгілі болды
252
оқылды

Елдегі сыбайлас жемқорлық қылмыстары ең көп тіркелетін мемлекеттік органдар аталды.

«2021 жылдың бірінші тоқсанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 452 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді. Оның 76%-і, яғни төрттен үш бөлігі — сыбайлас жемқорлық. Құрамы аса ауыр қылмыстар санының көбейіп келе жатқаны байқалады. Бір жарым есе өскені — бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысы ірі схемаларды ашуға бағытталғанын көрсетеді», — деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов. Ведомство басшысының айтуынша, көбінесе пара алу және ұрлық фактілері жиі тіркеледі. «Сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 412 адам жауапқа тартылды, оның ішінде 42 адам, 10 пайызы — республикалық және облыстық деңгейдегі басшылар. Ең көп сыбайлас жемқорлық қылмыстарын бұрынғыдай әкімдіктердің қызметшілері, полиция және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасайды. Өйткені мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі әкімдіктер мен ішкі істер органдарында істейді. Сыбайлас жемқорлықты көп жасайтындар ішінде кедендік бақылау органдарынан — 85 адам, білім беру саласынан — 32, денсаулық сақтау және құрылыс саласынан — 27 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды», — деп қорытты сөзін департамент басшысы. Еске салсақ, жемқорлық үшін сотталғандарды жұмысқа алғандар да жазаланатынын хабарлаған едік. Айыппұл көлемі 300 мың теңгеге дейін барады. Бұл мемлекеттік орган немесе ұлттық компанияларға қатысты.