Адвокат Абзал Құспанмен сұхбат
Адвокат Абзал Құспанмен сұхбат
645
оқылды
Заңгер болуды қаладым. Себебі... Ол менің жүрегімнің қалауы болды. Мен заңгерлік салаға сән қуып немесе шекпен киейін деп барған жоқпын. Қоғамды арандату оңай... Қазақтілді қоғамды арандату оңай. Өйткені қазақтілді орта - манипуляциялануға бейім орта. Сайрагүл Сауытбайдың ісі нені көрсетті? Сауатты іс-қимыл жасау арқылы адам құқығы мәселесін халықаралық деңгейде көтеруге болатынын көрсетті. Адам құқығы мен үшін... Бірінші кезекте, қазақтың құқығы. Мартин Лютер Кингтен бастап, әлемдік деңгейде мойындалған құқық қорғаушының барлығы да өз халқы үшін, өз ұлты үшін қызмет еткенін ескере бермейміз. Соңғы уақытта мен істеген заңсыздық... 2020 жылдың бастапқы кезеңінде, пандемия алғаш басталған кезде, Бекшиннің қаулысын бұзып, таңертең ерте тұрып, бала-шағаммен таңғы ауада жүгіріп, жаттығу жасадым. Ашкөздіктің белгісі... Өзіңде барды бағаламау, аспандағы айға қол созу. Кейде азаматтарды сотта тегін қорғайсыз ба?  Әрине, міндетте түрде. Әр бес ісімнің екеуін тегін қорғаймын деп өз алдыма мақсат қойғам. Қазіргі таңда әр бес ісімнің екеуі емес, үшеуі, кейде төртеуі тегін болады. Отбасындағы әділдік... Ол - біздің ата-бабамыздан қалған жол. Қазақтың өткен тарихына көз салсақ, қазақтың мәдениетінде, тарихында ер мен әйелдің рөлі тең болған. Сот әділетсіз шешім шығарса... Ол бірінші кезекте, елдің, халықтың, мемлекеттің негізіне деген сенімін жояды. Ауыр жаза қылмыс санын азайта ма? Азайтпайды. Себебі ешбір қылмыскер өз қылмысы әшкере болып, ұсталып қаламын деп ойламайды. Ал судья пара алса... "Ет сасыса, тұз себесің. Тұз сасыса, не себесің?" деген мақал ойыма түседі. Жемқор айыппұлын төлесе, бостандыққа жіберу керек пе? Керек деп есептеймін. Бас бостандығын шектеу орнында сіз бен біздің салығымызға босқа өмір сүргенше, одан да қазынаны қампайтсын. Мен қорғай алмаған адал адамдар да болды... Мен қорғай алмаған адал адамдар көп болды. Оның ішінде профессор Саят Ибраев та, мемлекет үшін қызмет еткен, мемлекет қайраткері Ислам Әбішев те бар. Тергеуші ауыр қылмысын дәлелдеген кісіні сотта қорғадыңыз ба? Сотта қорғадым, қорғай да беремін. Мен тек әйел адамды зорлаған қылмыскерді және педофилді қорғамаймын. Жолда полицейге пара беру қашан тоқтайды? Қашан полицейлер сан қуалауды тоқтатады, сол кезде тоқтайды. Баланы адалдыққа тәрбиелеудің бірден бір жолы.. Сол адалдықты өмірде өзің де ұстану. Бізде ақтау үкімдері аз. Себебі... Себебі Кеңес үкіметінің сарқыншағымыз. Бүгінгі қазақ қоғамын біріктіретін... Ұлттық идея ғана.