Алиментті өндіру борышкерге байланысты – Ернар Ибраев
Алиментті өндіру борышкерге байланысты – Ернар Ибраев
705
оқылды

Тосыннан банктегі шотымыз бұғатталып, ақшамызды пай­да­лана алмай пұшайман болып қалсақ, «бұл Үкіметке не жаздым?» деп себебін іздеп кететініміз рас. Сондайда өзіміз білетін-білмейтін қарызымызды өндіріп алу үшін сот орын­дау­­шысының жасап отырған мәжбүрлі шарасы екенін анық­­таймыз. Адамды ақшадан қағу – сот орындаушысының бірден-бір әсер ететін тетігі. Сондықтан да бұл сала қыз­мет­­кер­­лері біз үшін мәжбүрлеуші, жазалаушы болып көрінеді. Бірақ сот төрелігі мен әділет саласында сот орындаушыларының атқа­­рып отырған қызметі зор. Өйткені олар әділеттік қу­­­далаудағы соңғы инстанция. Осы орайда Республикалық жеке сот орын­даушылары пала­тасының төрағасы Ернар Ибраевпен сұхбат­тасқан едік.

– Ернар Еркенұлы, биыл Жеке сот орындаушылар институтының құ­рылғанына 10 жыл толып отыр. Жыл­дан-жылға олардың саны артып ке­леді. Ендеше бұл бағытта ахуал қандай? – Бүгінде республика бойынша 2 090 жеке сот орындаушысы бар. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қала­сында – 290 адам. 2020 жылды қоры­тындылап айтар болсақ, былтыр жеке сот орындау­шы­ларында 5 млн 180 мың атқару­шылық құжат болды. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан 10 жыл бұрын Жеке сот орындаушылар ин­ститутын енгізгенге дейін жыл сайынғы атқарушылық құжаттың саны 1 млн-нан аспайтын. Бұл осы уақыт аралығында сот орындау­шыларына түсетін жүктеме 5 есе өсіп отырғанын білдіреді. Қазір бір жеке сот орындаушысында бір уақытта орташа алғанда 1 400 ат­қарушылық құжат болады. Бұл – өте үлкен жүк­теме. Өйткені олар­дың барлығын бір уақытта жүргізіп отыру қажет. Олар­дың әрқай­сысының атқару­шылық әрекет жасайтын процессуалдық мерзімі бар. Ал мұндай жұмыстардың жүруі қарыз адамға байланысты. Егер оның ақшасы, өндіріп алуға бо­латын мүлкі болса, жұмыс істеп, табыс тауып отырса, онда біздің қызмет те нәтиже береді. Ал егер ондай мүмкіндігі жоқ болса, онда жұмыс жүргізу қиын. Ондайда тиісті органдардың көмегімен ол кісіні не қылмыстық, әлде әкім­шілік жауап­кер­шілікке тартуға тырысамыз. Егер оның қарызын төлеуден жал­тарып жүргені дә­лелденсе, онда жауап­кершілікке тартуға болады. – Енді бұл жағдайды түзеу үшін қан­дай шара атқару керек деп ой­лайсыз? – Бұл жағдайды жақсарта түсу үшін қарызы бар осындай адам­дарды мәжбүрлі түрде жұмысқа тартуды қарастыратын мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама қа­былдануы қажет. Сонда олардың еңбекақысы қарыздарын өндіріп алуға жұмсалар еді. Сондай-ақ жеке сот орындау­шыларына әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы хаттама толтыру құқын беру керек. Бүгінде мұндай құқық заңи білімі жоқ егерьлерде де бар. Ал тәжірибелі заңгер ЖСО-ларда жоқ. – Жылдан-жылға сот орын­дау­шылар қызметі жетіліп келеді. Осы тұрғыда бұл салада қандай өзгеріс бар? – Азаматтарға ыңғайлы болу үшін жеке сот орындаушыларының рей­тингі енгізілді. Оларды Әділет ми­нистрлігінің сайтынан және атқару өндірісі органдарының ав­томат­­тандырылған ақпараттық жүйесінен көруге болады. Енді адамдар бізге жүгінер кезде оларды жұмыс нәти­жесі мен беделі бойын­­­ша таңдай алады. Заңнамалық тұрғыдан өзгеріс­терге келер болсақ, 2020 жылғы 9 шілдеде қабылданған соңғы өзге­­­рістер бойынша ЖСО-лардың кә­сіби жауапкершілігін сақтандыру адвокаттар мен нотариустарға ұқсас етіп қайта қарастырылды. Енді сақ­тандыру көлемі атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомаға бай­ланысты емес, нақты көлемде бекі­тілді. Ол Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына 1 000 АЕК болса, қалған аймақтарға – 500 АЕК. Бұл ЖСО-лардың сақтан­дыруға кететін шығынын азайтып отыр. Сондай-ақ жеке сот орын­­дау­шы­сы лауазымына қойылатын біліктілік талабы өзгертілді. Мәсе­лен, енді құқық қорғау органдарына тек 5 жылдық еңбек өтілі бар тер­геушілер мен прокурорлар ғана стажировкадан өтіп, емтихан тап­сырмай лицензия ала алады. Қал­ғандарына бұл жеңіл­дік беріл­мейді. Лицензия уақыты 3 жыл боп бел­гіленді. Енді лицен­зиясынан айы­рылған ЖСО-лар да осы уа­қыттан соң қайтадан лицензия алып, жұмысқа кірісе алады. Алиментке қарыз мүгедек адам­дар еңбекақысынан немесе өзгедей кірістерінен қайтарады. Ал жұмыс­сыз болса, жәрдемақысынан өтейді. Бұрынғыдай олардың мүлкіне тиі­суге болмайды. Адамдардың елден шығуына тыйым салу үшін бұрын өндіріп алушы тараптың арызы керек болатын. Қазір іс қозғалғаннан бастап-ақ осындай шешім қабыл­дауға болады. Қарыз адамға салынған барлық ауыртпалықтарды енді тек мүлікті соңғы рет өткізген сот орын­даушысы алып тастай алады. Іздеу салу функциясы бұрынғыдай сот арқылы емес, прокурордың санк­циясымен жүзеге асырылатын болды. Сондай-ақ сот орындау­шылары, егер оның ісі басқа ЖСО-ға берілген болса, қызметін тоқтатқан ЖСО-ның қаулысының күшін жою құқығына ие болды. Айта берсе, мұндай өзгеріс көп. Бұл біздің жұ­мысымызды жетілдіре түсті деуге болады. Заңнамалық бағыттағы жұмыстар әлі де болса жалғасатын болады. – Кейде жеке сот орындау­шы­лардың өздерінің үстінен шағым түсіп жатады. Ондай қызметкерлеріңізге қандай шара қолданасыздар? Жалпы, азаматтар мұндай жағдайда қайда хабарласа алады? – Мұндай кезде азаматтар тиісті аймақтық палаталарға немесе Рес­публикалық палатаға, Әділет депар­таменттеріне шағым түсіре алады. Жеке сот орындаушы­лары­ның әре­­­­ке­тіне (шешімі) және әре­кет­сіздігіне шағымдар сот тәрті­бімен қаралады. Егер шағым­ды қарау кезінде заң­сыздық анық­талар бол­са, ол қызмет­кер өзінің әре­­кетінің жеңіл-ауырлы­ғына қа­рай тәртіптік жауапкер­шілікке тар­тылады. «Ат­қарушылық өн­діріс туралы…» заң бойынша ол ли­цензиясынан айы­рылуы мүмкін. Немесе ли­цен­зиясының күшін уа­қытша жоюы мүмкін. Жеке сот орындаушыларының үстінен түсетін шағым әртүрлі болып келеді. Солардың ішінен алиментке қатысты істерді бөліп айтуға болады. 2020 жылдың қо­рытындысы бойын­ша түскен бар­лық шағымның 8,64%-ында ғана шағымның орынды екені нақ­тыланды. Мысалы, М. деген аза­мат несиесін төлеу керек болған. Бірақ тосыннан есепшоты бұғатта­лып қалғанын көреді де, сұрастыра келе оған жеке сот орындаушысы арест қойғанын біледі. Себеп – әкімшілік айыппұлды (ЖҚЕ бұзу) төлемеген. Шындығында, ол айып­пұлды бір апта кешіктіріп болса да төлеген болатын. Бірақ сот орын­даушы қан­дай да бір себеппен оның төлегенін көрмеген де, шотты жауып тастаған. Өзінің қателігін ол кейін мойын­дады. Бұл жерде тек сот орын­дау­шысын ғана кінәлауға болмайды. Айыппұлды салған орган (Полиция департаменті) оның айыппұлды тө­ле­генін білсе, құ­жатты сот орын­дау­шыларына жібермеуі керек еді. Біз келіп түскен құжатпен жұмыс істей­міз. Кейде адамдар айыппұлы ба­рын білмей жүре береді. Ал оны айып­пұлды салған орган хабарлауы керек. Оның үстіне біздің келіп тұрған құ­жатты қабылдамауға құқы­мыз жоқ. Мұның бәрі азаматтар­дың құқын бұзуға, біздің үстімізден ша­ғымда­нуға алып келеді. Түптеп кел­генде кінәлі ор­гандар сырт қалып қоя­ды да, жа­­манаттың бәрі сот орын­дау­­шыла­рына келеді. Сондық­тан да мәжбүрлі атқаруға қарыз адам біле тұра, өз ер­кімен төлемей жүрген құ­жаттар қа­былдану керек. Мұндай ұсы­нысты біз Республикалық пал­а­та­­ның аты­нан заңға өзгеріс ретінде бердік. Алдағы уақытта қаралатын болады. – Алимент мәселесі – сіздердің жұмыста да, жалпы қоғамдық маңы­зы жағынан да өзекті тақырып. Осы ба­ғытта атқарылып жатқан жұ­мыс­тар туралы айта кетсеңіз? – Алиментті өндіріп алу 10% сот орындаушыға, 90% борышкерге байланысты дүние деп айтуға бола­ды. Өйткені бұл проблема көп ретте халықтың аз қамтылған, тұрмысы нашар, әлеуметтік хал-ауқаты на­шар бөлігінде кездеседі. Егер қарыз адам жұмыс істегісі келмесе, біз оны мәж­бүрлей алмаймыз. Себебі мәж­бүрлі еңбек тек соғыс уақы­тында және қыл­мыстық жаза ре­тінде жүзеге асырылады. Мұн­дайда сот орындау­шыға қолдан келетін ша­раларды қабылдау қа­лады. Мысалы, қарыз адамның елден шығуға тыйым салу шарасы. Бірақ онсыз да ақшасы жоқ адамдар шетелге бармайды да. Енді бір қолынан келетіні – әкімшілік жауап­кер­шілікке тарту. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бізге әкімшілік хаттама толтыру құқығы берілмеген. Ол үшін біз қарыз адамды хаттама толтыру үшін Әділет департаментіне, одан соң сотқа апаруымыз керек. Алайда қарыз адам қарсылық көрсе­тіп, орындаудан бас тартатын болса, бұл жағдайда біздің қызметкерлер мәжбүрлеп, күш қолдана алмайды. Ресей Федерациясында мұндай құ­зы­рет қарастырылған. Сондықтан да көп жағдайда қарыз адамға айып­пұл салынады. Бұл жағдайды одан сайын қиындата түседі. Онсыз да алиментін төлей алмай жүрген адам айыппұлды мүлдем төлемейді. Ал қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары­­ның нәтиже беріп жат­қаны сирек. Сол себепті алимент өндіру мәселесі ол тек сот орын­даушы­лары­ның мін­деті болып қалмау ке­рек. Өйткені бұл жұмыстар олардың құ­зыретінен де тыс проб­леманы қам­тиды. Тіпті, бұл әлеу­меттік проб­лема деп айтуға бо­­ла­­­ды. Менің ұсынысым, қарыз адам­­дарды мәж­бүрлі еңбекке тарту қажет. Жоғарыда айтқанымдай, осын­­­дай мемлекеттік тиімді жүйені енгізу керек. Сонымен қоса мемле­кеттік «Али­мент қоры» құрылуы қа­жет. Осы қордан қарыз адам­дардың ор­­нына олардың балала­рына мемле­кет ақша беруі керек те, содан кейін барып ол ақшаны қарыз адамнан өндіріп алу қажет. Бұл мәселені біз бұған дейін де көтер­генбіз. Бірақ Қаржы министрлігі тарапынан қол­дау таппады. Тағы бір ұсынысым – сот орындаушыларына әкімшілік айыппұл салу құзыретін беру қажет. Сонда ғана бұл мәселені түбегейлі шешуге болады. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ