Павлодар облысы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің міндетін атқарушы жаңа қаулы жариялады.
Жаңа қаулыда облыста ашық және жабық ғимараттарда салтанатты іс-шаралар мен спорттық жарыстарды өткізуге тыйым салынған.
«Караоке-барлар, бильярд залдары, түнгі клубтар жабылады. Сондай-ақ мәдениет ошақтары, театр, кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынды. Балалар ойын-сауық орталықтары мен сауықтыру лагерьлері де жұмыс істемейді. Сондай-ақ жүзбе-жүз жиналыстар өткізуге рұқсат берілмейді» делінген жаңа қаулыда.
Облыс, қала, аудан арасына қатынайтын автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқтатылады (Павлодар-Ақсу, Павлодар-Кемеңгер, Павлодар-Заңғар бағыттарын қоспағанда – ескерту).
«Кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істемейді. Демалыс күндері азық-түлік жәрмеңкесін өткізуге болмайды. Күшейтілген санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық аспан астындағы аттракциондардың жұмыс істеуіне рұқсат» делінген қаулыда.
Павлодар облысы эпидемиологиялық ахуалды бақылау матрицасына сәйкес «қызыл» аймақта тұр.