Вакцинаны автобус пен тойханада да салып жатыр
Вакцинаны автобус пен тойханада да салып жатыр
341
оқылды

Облыс орталығында коронавирусқа қарсы вакцина автобустарда салына бастады. Ал Түркістан облысында  тойханаларда екпе егу қолға алынды. Мамандар мұны екпе алуға ниеттілердің көптігімен түсіндірді. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Оралда сауда орталықтары мен базар маңында арнайы автобустар бар. Мұнда дәрігерлер вакцина салады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалада осындай 5 жылжымалы медициналық кешен бар. Еріктілер өз таңдауына қарай, отандық және ресейлік вакциналарды салдыра алады.

Орал қалалық №1 емхананың дәрігер-эпидемиологы Қайрат Төлегенов: «Халыққа өте ыңғайлы. Ойын-сауық орталығына келгенде бес-он минут уақытыңды бөлесің. Екпеңді алып, дәрігерге қараласың. Емханаға барғанда кезек болады. Емханада да жасалып жатыр. Бірақ адам өте көп», – дейді.

Ал Түркістан облысы Абай ауылында дәрігерлер келушілерді тойханада қабылдап жатыр. Абай ауылының тұрғыны Бақтияр Қожабеков: «Дүниежүзі бойынша эпидемия жайылып жатыр. Бізде де көп өңір «қызыл» аймаққа енген.  Сондықтан жұбайым, отбасыммен келіп екпе салдырып жатырмыз», – дейді. Келес ауданында жұрт екпе алуға жаппай кезекке тұрып жатыр. Осыны ескерген жергілікті кәсіпкерлердің бірі тойханасын көптің қажетіне жаратуға ұсыныпты. Түркістан облысы вакцина салудан көш бастап тұр. Соңғы мәлімет бойынша аймақта індетке қарсы 96 мыңнан аса адам - "Спутник V", мыңға жуық адам QazVac-ты салдырған. Аймақтағы 17 инфекциялық стационардың тең жарымы науқасқа толған. Ал жыл басынан бері ауыр індеттен 107 адам көз жұмды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев: «Жағдайымыз былтырғыдан да нашар. Ең қауіпті, қиын ай былтырғы шілде айында күніне 120-130 адам осы вирусқа шалдықса, қазіргі кезде күніне 180-200 адам ауырады. Былтырғыдан да нашар, жағдай қиын. Мұнда тек біз дәрігерлердің арқасында ғана ауруға қарсы тұра аламыз», – дейді.

Орал қаласы мен облыс аудандарына 19 блок бекет қойылды. Өңірде көлік қозғалысы шектелмек.