Коронавируспен ауырып, өкпесі 100% зақымданған әйел дені сау сәби босанды
Коронавируспен ауырып, өкпесі 100% зақымданған әйел дені сау сәби босанды
200
оқылды
Нұр-Сұлтандағы №2 қалалық көпбейінді аурухананың дәрігерлері коронавирустық инфекциямен аса ауыр халде түскен әйелді аман-есен босандырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Ауыр жағдайына қарамастан, науқас салмағы 4000 г, дені  сау қыз баланы дүниеге әкелді. Босану кезінде Айнагүл Оразбекова КВИ диагнозымен өте ауыр халде болған. Сондай-ақ оған ауыр дәрежелі вирустық пневмонияның екі жақты диагнозы қойылған.
16 наурызда Айнагүл Оразбекова өте ауыр жағдайда екі жақты вирустық пневмониямен және өкпенің 100% зақымдануымен реанимация бөліміне шұғыл түрде түсті, – дейді №2 МГБ директоры Нұрбол Тұрсынбаев.
Дәрігерлердің айтуынша, медицина қызметкерлері екі ай бойы реанимация бөлімінде науқастың өмірі үшін күрескен.
Босанғаннан кейін науқастың жағдайы нашарлап кетті: сатурациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен дем ала алмады, интоксикация синдромы өзгеріссіз қалды. Консилиумдар бірнеше рет жүргізілді, нәтижесінде пациент ЭКМО-ға қосылды (экстракорпоралды мембраналық оксигенация). 20 күн бойы оксигенация және гемодиафильтрация жүргізілді, – деді шұғыл Кардиология және кардиохирургия орталығының басшысы Сейіл Мұхаметқалиев.
Науқас оттегі терапиясына қосылғанына қарамастан десатурациясы өзгермеген. Консилиумның шешімімен ӨЖЖ аппаратына ауыстырылды.
Дәрігерлер мен медбикелер екі ай бойы науқасты емдеп, бақылап, күтім жасады. Көп ұзамай тоқтаусыз жұмыс нәтижесін бере бастады. 50 тәуліктен кейін пациент реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Аурухана мамандарының топтасып жұмыс істеуінің арқасында науқастың жағдайы жақсарды, гемодинамикасы тұрақтанды. Ең бастысы өз бетінше тыныс ала алатын күйге жетті, – деп атап өтті инфекциялық блоктың меңгерушісі Гүлнұр Әшірбекова. "Біз Айнагүлге туған жақынымыздай алаңдадық. Ол кісінің күйеуінің бізге толық сенім артып, жақсылықтан үміттенгені бізге қосымша күш берді", – дейді емдеуші дәрігер, пульмонолог Гүлжан Байырбекова.
Төтенше режимде жұмыс істеуге дағдыланған аурухананың жоғары білікті мамандары бірден екі адамның өмірін, яғни науқас пен жаңа туған нәрестені аман алып қалды.
Дәрігерлерге, медбикелерге, санитарларға, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің, инфекциялық блоктың барлық қызметкеріне алғысымды білдіремін. Алдарыңызда басымды иемін. Көрсетілген көмектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз үшін көп рахмет. Алғыс айтқаннан басқа ешнәрсе айта алмаймын, тек ризашылығымды білдіремін. Сәбиімді тезірек қолыма алғым келіп отыр, - деді Айнагүл Оразбекова.