Қазақстаннан қандай маман иелері көшіп жатыр?
Қазақстаннан қандай маман иелері көшіп жатыр?
340
оқылды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың I тоқсанында Қазақстаннан 5519 адам кеткен, елге 2066 адам келді. Елден кеткендер саны 2020 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда 24,9%-ға азайды. Ал келгендердің саны екі есе азайған.

2021 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстаннан кеткендердің көбі - техникалық мамандар (933 адам). Одан кейінгі орындарда экономистер (466 адам), педагогтер (249 адам), медицина мамандары (186 адам), заңгер (113 адам), сәулет-құрылыс (80 адам) және ауыл шаруашылығы (43 адам) саласының мамандары тұр. Елге көшіп келгендердің де көбі техникалық мамандар (224 адам), содан кейін экономикалық (126 адам), педагогикалық (70 адам), медициналық (62 адам) заңгерлік – (48 адам), ауыл шаруашылық – (27 адам) және сәулет-құрылыс – (24 адам) саласының мамандары.

Олардың білімі қандай?

Қазақстаннан кеткен 1540 адамның жоғары білімі бар. Бұл 15 жастан асқан мигранттардың жалпы санының 36,9%-ын құрайды. Сонымен бірге кәсіптік орта білімі бар – 1351 (32,3%) адам, жалпы орта білім бар – 865 (20,7%), негізгі орта білім бар - 423 (10,1%) адам елден көшкен. Жылдың бастапқы үш айында Қазақстанға келген 499 адамның (26,8%) жоғары білімі болса, 620 адамның (33,3%) орта кәсіптік білім, 441 адамның (23,7%) жалпы орта білімі, 302 адамның (16,2%) негізгі орта білімі болған.

Олар қайда көшті? Қазақстанға қайдан келді?

Жыл басында Қазақстаннан кеткен 5519 адамның 4413-і Ресейге, 745-і Германияға, 70-і Израильге, 41-і Польшаға, 36-сы Өзбекстанға, 34-і Беларуське, 32-сі АҚШ – қа, 23-і Қырғызстанға, 14-і Украинаға, 12-сі Канадаға көшкен. Қазақстанға қоныс аударған 2066 адамның 851-і Ресейден келген. Өзбекстаннан – 518, Қырғызстаннан – 125, Әзербайжаннан – 87, Қытайдан – 68, Түркиядан – 62, Ауғанстаннан – 57, Тәжікстаннан – 48, Германиядан – 42, Түркіменстаннан – 38, АҚШ-тан – 21, Украинадан – 20.

Қазақстанның қай өңірінен кетті? Қай өңіріне қоныстанды?

Басқа елге Қостанай облысынан – 736 адам, Қарағанды облысынан – 709 адам, ШҚО-дан – 659 адам, Павлодар облысынан – 600 адам, Алматыдан – 546 адам, Ақтөбе облысынан – 447 және СҚО-дан – 376 адам көшіп кетті. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің 394-і Алматыға, 377-сі Маңғыстау облысына, 160-ы Шымкент және Қостанай облыстарына, 127-сі Нұр-Сұлтанға, 122-сі СҚО-ға, 107-сі Павлодар облысына, 106-сы ШҚО-ға және 103-і Түркістан облысына қоныстанған.

Қай ұлт өкілдері көшті?

I тоқсанда Қазақстаннан 3648 орыс, 602 неміс, 450 украин, 261 қазақ, 159 татар, 77 беларусь, 50 поляк, 36 корей, 31 өзбек, 24 әзербайжан көшіп кеткен. Елге 666 қазақ, 615 орыс, 102 әзербайжан, 100 өзбек, 63 украин, 61 түрік, 58 қырғыз, 51 неміс, 45 тәжік, 43 татар, 38 қарақалпақ, 34 ауған, 31 кәріс және 16 Үндістан мен Пәкістан азаматы көшіп келген.