Бүгінде әлеуметтік желі өміріміздің бір бөлшегіне айналса, балалар сол әлемнен ажырамайтын болды. Әрбір шаңырақтың нәрестесі көзін тырнап ашқаннан YouTube, TikTokсекілді әлеуметтік желілерде күнін өткізеді. Соған қарай әзіл-қалжыңға толы видеолар түсіру жеткіншектердің ермегіне айналды. Арасындағы көңілді көріністер кеңінен таралып, оларды танымал етті. Соның арқасында бүгінде қыруар табыс тауып отыр...
Оның үстіне, арнаның рейтингісі жоғары болған сайын жарнама берушілер де көбейеді. Ал әр салынған видеоның қаралымы артқан сайын, табыс та жақсы түседі. Мысалы, YouTube каналының статистикасы бойынша Витаминканың күнделікті кірісі 400-ден 1500 долларға дейін екен.
Біздің инстаграм-блогерлердің жарнама үшін алатын ең төменгі құны – 70 мың теңге. Ал парақшасына орналастыруға 300 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін бағаланған.
[embed]https://www.tiktok.com/@homm9k/video/6961755354556271873?is_copy_url=1&is_from_webapp=v1[/embed]
17 жастағы алматылық оқушы Алина Кимнің жылдық табысы бірнеше миллионнан асады. TikTok әлемінде Хомяк лақап атымен белгілі. Бүгінде оның 18 миллион оқырманы бар. Айтуынша, ол бұл оқырманды бір жылда жинаған.
"Бастапқыда менде бір миллион 700 ғана жазылушым болды. Блогерлік топқа келгелі оқырманым көбейе түсті. Алғашында танымал болуды не болмаса ақша табуды ойлағаным жоқ. 9- сынып оқып жүргенде сыныптастарым жан-жаққа кететін болды. Содан бірге өткен күндеріміз есте қалу үшін видео түсіре бастаған едім" - дейді Алина Ким.
Қазір ол 11-сыныпта оқиды. Мектептен келген соң видео түсіреді екен. Табысы нақты қанша екенін айтпаса да, үш бірдей ірі компанияның иесі болатындай қаржы тапқанын жеткізді.